«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Автобус жүргізушілері аса қат

0 129

Астанадағы қоғамдық көліктерге онлайн төлем жүйесінің енгізілгеніне жарты жылдың жүзі болып қалды. Кеше қалалық әкімдікте «Астанадағы қоғамдық көлікті дамыту» тақырыбында жиын өтті.

Брифингте келер жылғы жолақы тарифінің мөлшері, жүргізушілердің жағдайы, бұрын кондуктор болып, ал жаңа жүйе енгізілгеннен кейін кеңесші деген лауазымға ие болған қызметкерлердің рөлі, сондай-ақ жолаушыларға салынған айыппұл көлемі белгілі болды.
Жиында сөз бастаған «Астана LRT» басшысы Бекмырза Игенбердиев жолақы құнының өсу мүмкіндігіне нақты жауап бере алмады. «Бұл жерде бюджетіміздің көлемі қандай және ол қаншалықты шығынымызды жаба алатыны туралы мәселеден барып жолаушыларға арналған тариф қалыптасады. Дегенмен бірінші тоқсанда ешқандай өзгеріс болмайды деп сеніммен айта аламын» деді ол.
Жиын барысында жүргізушінің серігі болып, онлайн төлем жасалғанын қадағалайтын кеңесшілердің рөлі айқындала түскені айтылды. Бұл қызметкерлердің көмегімен автобус­тың алдыңғы есігінен кіріп, ортаңғы және артқы есіктерінен шығу тәртібі тұрақталып, қазір жұртшылық арасында бұрынғыдай түсінбеушілік туындамайтын көрінеді. Сондай-ақ кеңесшілер жолақы төлеуден жалтаратын жолаушылардың азаюына септігін тигізеді екен. Биыл жыл басынан бері жолақысын төлемеген 7 мың адамға 30 млн теңге әкімшілік айыппұл салыныпты.
Баспасөз конференциясында жүргізушілердің жай-күйі де қозғалды. Қазір елордадағы автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы 250 мың теңгені құрайды екен. «Олардың бірі кеңесшісіз жалғыз жұмыс істейді, оларға үстемеақы қарастырылған. Енді бірі валидация мөлшерін жоспардан көп орындаса, қосымша бонус беріледі. Тағы бір жүргізуші орнын ауыстырып, көбірек жұмыс істеуі мүмкін. Олардың да еңбегі назардан тыс қалмайды. Сонда төменгі жалақы 200 мың теңгеден басталса, ең жоғарғысы 400 мың теңгеге барады» деді «Астана LRT» көліктік бақылау департаментінің басшысы Саят Шаймерденов.
Жалақы мөлшері қолайлы болғанмен кәсіби мамандар әлі де жеткіліксіз көрінеді. Нақты санын айтсақ – 900 жүргізуші. Бұған қоса, биыл жол тәртібін бұзған 900 жүргізушіге 12 млн теңге айыппұл салыныпты. Егер автобус жүргізушілері қатаң сөгіске ілігіп, жұмысынан қуылар болса, «қара тізімге» енеді екен. Саят Шаймерденовтің айтуынша, «қара тізімдегілердің» бұл жұмысқа қайта оралуы екіталай.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды