Автобус жолағы ­кептелісті көбейте ме?

0 8

Нұр-Сұлтан секілді ірі мегополистерде көлік қозғалысы қашан да үлкен мәселе саналады. Әсіресе жұрттың үйден жұмысқа баратын, жұмыстан үйге қайтатын уақыттағы кептеліс жүргізушінің де, жолаушының да жүйкесіне тиері анық. Бірер жыл бұрын осы мәселені реттеу мақсатында автобустарға арналған арнайы жолақ бөлінген еді. Бұл бастаманың қазіргі нәтижесі жаман емес секілді. Әйтсе де жүргізушілер қоғамдық көліктердің қызмет көрсету уақыты аяқталған соң осы жолақтармен қарапайым көліктердің жүруіне рұқсат берілгенін қалайды.Жақында дәл осы мәселені шешудің тетіктері қарастырылған заң жобасы көпшіліктің талқысына салынғанда қоғамның пікірі екіге айырылды. Біреулер белгіленген уақыт аралығында автобустарға арналған жолақтарды көліктің өзге түрлеріне қолжетімді етудің қажеттілігін тілге тиек етті. Ал енді біреулер автобус жолағымен тек автобустар жүруі керек деген пікірде.
Қазіргі таңда қоғамдық көліктің еркін қозғалуын қамтамасыз ететін арнайы жолақтар Қазақстанның бірнеше қаласына енгізілген. Мәселен Алматыда жалпы ұзындығы 152 шақырым болатын арнайы жолақ 2013 жылы қолданысқа берілді. Ал Нұр-Сұлтан қаласында автобустарға арналған жолақтар осыдан 6 жыл бұрын пайда болды. Қазір жалпы ұзындығы 51 шақырымдық болатын жолақ, қоғамдық көлікпен діттеген жеріне жетуге, асыққан көпшіліктің кәдесіне жарап тұр. Сол секілді Түркістан мен Орал қаласында да автобустардың еш қиындықсыз қозғалуына жағдай жасалған.
Жол жүру ережесінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен көліктің өзге түрлерінің қозғалуына тыйым салынған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 601-бабына сай жол белгілері мен жолдың жүру бөлігіндегі таңбаларды көзге ілмегендерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Дәл осы ережені екінші рет қайта бұзғандар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
17-31 мамыр аралығында автобус жолағымен белгілі бір уақыт аралығында қозғалуға рұқсат беру туралы заң жобасы онлайн талқыланған болатын. Әзірге бұл талқылаудың нәтижесі туралы ресми органдар ешқандай ақпарат таратқан жоқ. Аталған заң жобасында тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында арнайы графикке сай автобус жолағын қарапайым көлік жүргізушелеріне қолжетімді етудің жай-жапсары қарастырылған. Атап айтқанда, демалыс күндері және жұмыс күндері таңғы 07:30-бен 09:30 және 17:00-мен 20:00 аралығынан, басқа уақыттарда автобусқа арналған жолақпен автокөліктің еркін қозғалуына рұқсат беру жайы сөз болған.
Дегенмен бүгінде бұл мәселенің басы әзірге ашық күйінде қалып тұр. Ал көлік жүргізушілерінің бұл мәселеге қатысты көзқарастары сан қилы.
– Мен бұл заң жобасына түбегейлі қарсымын. Көлік жүргізушілері автобус жолағымен жүру нормасын үнемі бұзады. Тіпті таңертең жұмысқа, кешке үйге асығатын уақытта қоғамдық көліктің жүрісіне кедергі келтіреді деп ойлаймын. Дамыған елдерде, тіпті қоғамдық көлік пен велосипедшілер жүретін арнайы көшелер бар. Ол көшелерде автокөліктердің жүруіне мүлдем тыйым салынған, – дейді елорадалық Құдайберген Халитов.
Қаланың тағы бір тұрғыны Жазира Бимирзаева керісінше қоғамдық көлікке арнайы жолақ бөлудің қажеті жоқ деп біледі.
– Өйткені қазіргі таңда жолды екіге бөлу өте тиімсіз. Автокөлік санының артуынан шектен тыс көлік кептелісі пайда болады. Ал уақытты үнемдеу үшін белгілі бір уақыттарда автокөліктердің автобустарға арналған жолақпен жүруіне рұқсат ету беру керек. Жұмысқа автокөлікпен баратын болғандықтан кептелісте тұрып, жұмыстан кешігіп қалғым келмейді. Тіпті бұл жолақтарды алып тастап, қарапайым көлік жүргізушілерінің емін-еркін қозғалуына жол ашқан жөн, – дейді ол.
– Меніңше бұл заң жобасы қабылданса, қала жолдарында үлкен мәселе туындайды. Қазіргі таңда қоғамдық көлік жолаушыларды қалаған жеріне тез жеткізеді. Сондықтан көліктің дәл осы түрі сұранысқа ие. Әрі тиімділігі жоғары. Керісінше қаланың орталық бөлігінде жеке көлікпен жүретіндердің санын азайтуға күш салған дұрыс деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Жандос Жұмахмет.
Әлбетте тұрғындардың ойын саққа жүгірткен мәселесі турасында кесімді пікір айту қиын. Қаланың экологиялық ахуалы тұрғысынан ойласаңыз, жеке көліктердің жүрісін азайтып, жолаушылардың үздіксіз қозғалысына жағдай жасауда автобустардың тиімділігін арттыру құпталады. Сол секілді жеке көлік иелері де өз ыңғайына қарай әлгінде айтылғандай белгілі бір уақыт аралығында автобус жолағымен кедергісіз жүруді қалайды. Қалай десек те, бұл мәселеде өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай ақылға қонымды шешім шығару құзырлы органдардың еншісінде қала бермек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =