«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Автобус парктері қарыздан қашан құтылады?

0 139

24 қыркүйек күні өтетін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында елорданың көлік жүйесін жаңғырту, қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері қаралмақ. Сессия қарсаңында депутаттар осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Автобус парктерін аралағанда бірқатар түйткілдер анықталды.

Сараланған тариф енгізілген соң жеке автопарктер кейбір бағдар бойынша жолаушыларды тасымалдауға жарамай қалды. Оның себебі автобустарды жалға алу шартымен жұмыс істеген жүргізушілер бір жалақыға ғана қарауға келіспей, лек-легімен кете бастады. Соның салдарынан біраз автобус тұрып қалды. Мұндай жағдай №2 автобус паркінде орын алып отыр.
Бұл кәсіпорында 109 автобус бар екен. Бірнешеуі тиісті бағдарларға шықпай, құр тұрған соң, сәйкес бағдарлар мемлекет иелігіндегі №1 автобус паркіне берілді.
Бұған қоса, жеке автопаркте автобустардың жөнделуімен де түйткілдер бар. Әрине, жүргізушілер жетіспей, техника уақытында жөнделмеген соң, қозғалыс кестесінен де кешігу кездесіп отыр. Мәселен, №84 және 85 мектеп-лицейлері оқушыларының ата-аналарынан №60 автобус кестені сақтамайтындығы туралы шағым келіп түскен. Көптеген балалар сол себептен мектепке 40 минутқа кешігіп келеді. Бұл жөнінде №84 мектеп-лицей директоры, мәслихат депутаты Зәуре Жүсіпова айтты. Автопарк басшылығы осы бағдарды жақсарту туралы есеп беруге, жұмысты жолға қойып, қызмет көрсету сапасын көтеруге уәде берді.
Қаланың коммуналдық меншігі болып саналатын №1 автобус паркіне де жүргізушілер жетіспейді. Алайда бұл жағынан жағдайы жеке автопарктерге қарағанда көш ілгері. Кәсіпорынның басқарма төрағасы Нұрмұхан Полатовтың айтуынша, жүргізушілердің орташа жалақысы 30-50 пайызға өсіріліп, қазір 300 мың теңгеден басталады.
«Қаладағы жолаушылардың 60 пайызын біз тасымалдаймыз. Қала маңындағы бағдарлардың 100 пайызы, экспресс бағдарлардың 70 пайызы бізге тиесілі. Кәсіпорында 1673 адам жұмыс істейді. Олардың 824-і – жүргізуші. Жүргізушілер 12 сағаттан үш ауысым бойынша жұмыс істейді» дейді ол.


Бүгіндері бұл кәсіпорында ав­тобустарға жанармай құю мәселесі бас ауруы болып отыр. Басшысының сөзінше, автопарк биыл жанармай бойынша 1 млрд 20 млн теңгеге қарызға кіріп кеткен. Бұған қоса, лизинг бойынша 7,9 млрд теңге қарыз бар. Екі-үш күн бұрын субсидия алған соң 300 млн теңге жанармай қарызын төлеуге кеткен. Жалпы, автопарк күніне 62 мың литр жанармай жағады екен. Субсидиялар жанармай шығындарын жабуға, жалақы төлеуге, қала сатып алған жаңа автобустар үшін лизинг қарызын төлеуге бағытталып отыр. Барлық қарыздардан құтылу үшін автопаркке ай сайын 506 млн теңге төлеп отыру керек.
Бұған қоса, автобустардың қосалқы бөлшектеріне байланысты түйткіл туындап отыр. «Теңге тұрақталмай, секіріп тұрған соң қосалқы бөлшектерді жеткізушілер бізбен жұмыс істеуден бас тартты. Олар ұсынған бағаны қалтамыз көтермей отыр. Жаңа автобустардың саймандары бізге Еуропадан келетінін айтайын. Қазір бұл түйткілді шешу жолдарын іздеп жатырмыз» дейді Н.Полатов.
«Астана ЛРТ» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов қоғамдық көліктегі «қояндар» жайын жеткізді. «Бүгіндері 50 пайыздан 70 пайызға дейін жолаушылар толтыратын бағдарлар бар. Бұл бағдарлардан кеңесшілерді алып тастадық. Жолаушылар алдыңғы есіктен кіріп, жүргізушінің алдындағы құралдан валидация жасап, кедергісіз алдыға өте алады. Алайда адамдар толып жүретін автобустар да бар. Олардың толтырылуы 70 пайыздан асады. Мұнда жүргізуші барша жолау­шыларды бақылауында ұстай алмайды» деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаттары Тәуелсіздік даңғылы–Ш.Қалдаяқов көшелері аралығындағы №27 көше жолының құрылысымен танысты. Бұған қоса, Оңтүстік-шығыс тұрғын алабына, Қобыз, Тайқазан көшелеріне барды. Мұнда жолдардың құрылысы аяқталған. Бірімжановтар көшесіндегі жол әлі салынып жатыр. Соның бәрін көрген депутаттар көңілдеріне бірқатар мәселелерді түйді. Бұл мәселелер түйіні алдағы сессияда тарқатылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды