АВТОБЕКЕТТЕГІ АЛАСАПЫРАН

0 173

77076207

30 шілдеде сағат 13:31 шамасында Астана қаласы Ішкі істер департаментіне аты-жөні белгісіз қыз баладан «Сапаржай» автобекетінде жарылыс болатындығын хабарлаған қоңырау түсті.

Шұғыл әрекет ету нәтижесінде автобекеттің жұмысы уақытша тоқтатылып, екі мыңға жуық жолаушы, 13 қаларалық қатынастағы автобус пен 12 жеңіл көлік аулаққа шығарылды. Алайда, «Арлан» арнаулы жасағы мен кинологиялық орталықтың із кескіш иттері қанша тінтігенімен, ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Жедел тергеу амалдары Ақмола облысында тұратын 25 жасар қыз бала жұртты текке әбігерге салғанын анықтап, тұтқынға алды.

Қасақана жалған хабар таратып, бұзақылық жасағанын мойындаған қыздың айтуынша, ол терроризмнен қорғану туралы буклет сыртындағы телефонды көріп қалып, вокзал ішіндегі телефон автоматынан шұғыл әрекет қызметтерінің жеделдігін тексеріп көрмек болыпты.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 242-ші бабына («Террорлық акт туралы қасақана жалған ақпарат тарату») сүйене отырып қылмыстық іс қозғалды. Уақытша тергеу изоляторына тоғытылған тәртіп бұзушыдан сот арқылы келтірілген материалдық шығын толықтай өндірілініп алынады.

Астана қалалық Ішкі істер департаменті осылайша отпен ойнап, терроризм туралы жалған ақпарат таратқандарға жаза 2012 жылдан бері қатаңдатылғанын ескертеді. Егер, бұрын санкция бойынша 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлеттіріп немесе екі жылға түзету жұмыстарына салу, алты айға түрмеге отырғызу сияқты жеңіл-желпі жазалар қолданылса, бұдан былай заң мұндай бұзақылық үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыра алады.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =