«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аврораны сомдаған Әйгерім

0 147

«Астана Опера» театрының прима-балеринасы Әйгерімнің есімі елордалықтарға етене таныс болуы керек. Жерлесіміз жақында ғана Беларусь еліндегі Брест академиялық театрында өткен «Дебюттер дос­тастығы» атты ТМД жастар сыйлығының лауреаты атанған болатын.2010 жылы А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесін бітірген Әйгерім өзінің балетке қалай келгенін былайша әңгімелейді:
– Оқуымды тәмамдаған соң мені сол кездегі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына шақырды. Небәрі 18 жаста болсам да, маған «Ұйқыдағы ару» қойылымындағы Аврораның рөлін сеніп тапсырды. Бұл – ең күрделі спектакльдердің бірі, өйткені оның техникалық элементтері өте көп. Сондай-ақ осы балеттің қиындығы оның стилінде жатыр. Таза классика болғандықтан, мұнда мүлдем бұзуға болмайтын ережелер жетерлік. Дегенмен осындай ауыр рөлдер балеринаның шыңдалып шығуына жақсы көмектеседі.
Аврорадан бөлек, Әйгерім сомдаған рөлдердің қатарында Камилла («Роден»), Джульетта («Ромео мен Джульетта»), Одетта-Одиллия («Аққулы көл»), Эгина («Спартак»), Мари («Шақылдақ»), Зарема («Бақшасарай бұрқағы»), Гамзатти, Никия («Баядерка»), Эсмеральда («Париж әулие-анасының соборы»), Китри («Дон Кихот»), Медора («Корсар»), Сильфида («Сильфида»), Флер де Лиз («Эсмеральда»), Жизель («Жизель») де бар.
Әлбетте, бұл рөлдерді Әйгерім тек отандық аудитория алдында ғана емес, шетелдік сахналарда да талай рет паш етті. «Әртіс үшін гастроль дегеніміз – тамақ секілді. Яғни біз неғұрлым жиі гастрольге шыққан сайын соғұрлым тезірек өсеміз, қайда ұмтылу керектігін ұғынамыз. Еуропалық көрермендер салқынқанды, оларды таңғалдыру оңай емес. Бір жағынан, бұл – өз өнеріңді көрсетудің де тамаша мүмкіндігі» дейді прима-балерина.
Оның сөзінше, балетке келерде оның қиындықтарына іштей дайын болу қажет:
– Біз театрға таңғы 10-да кіргеннен түнгі 10-да бір-ақ шығамыз. Әуелі классикалық сабақ басталады, ол кезде әртістер бұлшық еттерін жаттықтырып, даярлыққа кіріседі. Мұнда тіпті басымыздың әр бұрылғанына дейін репетиция жасаймыз. Педагогқа да көп нәрсе байланысты. Олар біздің талантымыз­ды ашып, «ебедейсіз балапан» қалпымыздан нағыз балеринаға айналдырады. Таңертең ұйқыдан тұру да кейде бір мұң: бүкіл тәнің ауырып, бұлшық еттеріңді сезбей қалғаныңда, сені балетке деген махаббатың ғана қайта «тірілтеді».
Айтпақшы, балет әртістері тұрақты түрде дәрумен ішіп тұрады екен, себебі балетпен айналысу ағза үшін үлкен күшті керек етеді. Репетиция кезіндегі физикалық қиындықтан бөлек, спектакль алдында әртіс толқиды, стреске ұшырайды. Сондықтан денсаулыққа да көңіл бөлу аса маңызды.
Ал балет бишілерінің демалысына келсек, бұл олардың онша ұната бермейтін сөзі болып шықты. «Маусымның аяғында соңғы қойылымыңды бітіріп, демалысқа кету, әрине, тамаша. Бірақ қайта оралғаныңда сені нағыз сұмдық күтіп тұрады. Өйткені біз формадан әп-сәтте шығып кетеміз. Бұған тіпті үш күннің өзі-ақ жеткілікті» дейді Әйгерім.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды