«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ауызсудың сапасы қандай?

0 434

Су – тіршіліктің қайнар көзі. Сусыз өмір жоқ. Онсыз жарық дүниені елестету мүмкін де емес. Бірақ әлем елдерінде бір жұтым суға зар болып, кенезесі кепкендердің ішкені су емес, «у» болған кездер де болатын көрінеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын жер бетіндегі 3 млн адам лас су ішкеннің кесірінен бақилық болса, дертке шалдыққандардың да 80 пайызы судың сапасыздығынан деседі. Ал Астанадағы ауызсудың сапасы қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

ӘЗІРГЕ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ

«Астана су арнасы» – бас қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін бірден-бір мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Мұнда екі мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Қалаға таралатын судың сапасы аталмыш кәсіп­орындағы орталық зертханада тәулік бойы қадағаланатын көрінеді. Жапон мен немістің зама­науи технологияларымен жабдықталған зертханадағы 30 шақты маман қалаға беріліп жатқан судың құрамына талдау жасап, микробиологиялық, вирусологиялық, химиялық құрамдарын, сапасын тіпті әр сағат сайын тексеріп отырады екен. Зертхана бастығы Уәсила Әуезованың айтуынша, астаналықтар тәулігіне 180-200 тонна су қолданады. Халықаралық стандарт бойынша аккредитациядан өткен зертхана тек Астана ғана емес, басқа да өңір­лердің суына анализ жасауға қауқарлы екенін айтады мамандар.
– Есіл өзенінің жоғарғы жағы­нан келетін су мен «Астана» («Вячеславка») су қоймасының және жаңбырдың, қардың суы қосылып, «Астана су арнасының» су қоймасы толық­ты­рылып отырады. Тек 2013 жылы ғана Ас­танада судың тап­шылығы болды. Одан бері жаңбыр да, қар да көп жауды. Бүгінде су жеткілікті. 450 млн текше метрді құрайтын кәсіп­орынның су қоймасы қазіргі уақытта толып тұр. Егер су тап­шы болған жағдайда Сәтбаев арнасының суын пайдаланамыз. Сондықтан әзірге су тапшылығы болмайды, – дейді Уәсила Әуезова. – Су мөлшері көп жұмсалатын уақыт – мамыр, маусым, шілде айлары. Бұл уақытта жекеменшік секторлардағы үйлер бау-бақшаларын
суарады, көлік жуу орындары да суды көп қолданады. Сол кезде өте көп мөлшерде кететіндіктен, біздегі екі су сорғыш та 100 пайыз жұмыс істейді. Қалаға берілетін судың бәрі су сорғыштар ар­қы­лы өтетіндіктен, көктем-жаз айларында электр энергиясы да көп жұмсалады. Бұл үдеріс 15 тамыздан кейін ғана біраз сая­быр­лайды. Ал қыстың күндері аз жұмсалатындықтан, қордағы су да, электр энергиясы да біршама үнемделеді.

КЕЛЕШЕКТЕ СУ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Ғалымдардың пайымдауынша, болашақта су жер бетінде ең қымбат дүниеге айналатын көрінеді. Бұл ақпаратты зертхана бас­тығы Уәсила Әуезова да жоққа шығармады.
– Әзірге суды қымбаттату жос­парда жоқ. Бірақ қазіргі күнде таза суды табу өте қиын. Мысалы, дүкендердегі фильтр аппараттары ешкімнің бақылауында емес. Аппараттан алынған судың құрамында не бар екенін де ешкім білмейді. Сондықтан табиғи жақсы су келешекте, әрине, қымбат болады. Елімізде халық саны да жыл санап көбейіп келеді. Сол себепті суға деген сұраныс та арта түсетіні анық, – дейді ол. – Шетелдерде жуынуға тек техникалық су жіберілсе, біздегі жуынатын су да тазалаудан өтіп барып жіберіледі. Оның бәрі, әлбетте, қымбатқа түседі. Мәселен, оксихлоридтің бір тоннасының өзі 300-400 мың теңге болса, біз күніне оның бір тоннасын қолданамыз. Ас тұзы да өте қымбат. Сондықтан қаланы таза сумен қамтамасыз ету үшін көп қаржы жұмсалады. Алдағы уақытта технологияларды жаңартып, осы заманауи технологиялармен жұмыс істеуге үйрету мақсатында мамандарымызды шетелдерге жіберу үшін қазіргіден де көп қаржы қажет болады. Сол кезде судың бағасы бәрібір қымбаттайтыны сөзсіз.
Уәсила Таңатарқызының сө­зіне сүйенсек, көктемдегі сел жүру кезінде судың лайлылығы 70-80 пайызға дейін жететін көрінеді.
Ол суды қалаға тазалап тарату үшін көп мөлшердегі реагенттер жұмсалатынын айтады. 2015 жылдан бастап жаңа реагенттерді қолданатынын айтқан ол өздерінің жұмыс барысын да түсіндіріп өтті.
– Мысалы, оксихлорид алюминий Ресейдің зауытында да­йындалады. Оны пайдаланған кезде судың лайлылығын жою реакция­сы тез жүреді. Жұмыс үдерісін одан да жылдамдата түсу үшін қосымша флакулянт реагентін қосамыз. Сонымен қатар немістің реагентін де пай­даланамыз. Ал тұзды Беларусь елінен алдырамыз. Ол – өте таза тұз. Сондай-ақ бұрын суды залал­сыздандыр­ғанда газ тәрізді сұ­йық хлор қолданылса, 2016 жылдың 15 мамырынан бастап оны гипохлорид натрийға ауыстырдық. Себебі насоссүзгіш станса тура қаланың ортасында орналасқандықтан, газ құбыры өте
қауіпті. Оған дейін жұртшы­лық­тан «судан хлордың дәмі шығып тұр» деген шағымдар жиі түсуші еді. Қазір ондай шағым жоқ. Өйткені гипохлорид натрий қоспасының газ хлорға қарағанда бел­сенділігі баяу болғандықтан, оның адам ағзасына да зияны жоқ. Гипохлорид натрий өте таза, одан хлордың иісі шықпайды, – дейді У.Әуезова.
Сондай-ақ тұрғын үйлердегі құбырлардың да су сапасының өзгеруіне қатты әсер ететінін айтады зертхана бастығы. Айтуынша, судың сарғайып кеткені жайлы Сарыарқа ауданы тұрғындарынан үнемі шағымдар түсіп жататын сыңайлы. Бірақ ондағы ескі үйлердің көбінде бұрынғы темір құбырлар таттанып кеткендіктен, судың лайлығы көтеріледі екен. Ал Есіл ауданындағы тұрғын үйлердің дені жаңа болғандықтан, ондай мәселелер әзірге болмаған көрінеді.

ҮНЕМДЕУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Мамандардың айтуынша, әр адам баласы күніне кем дегенде 2 литр су ішуі керек екен. Өйткені судың құрамындағы магний, кальций сияқты химия­лық элементтер адам ағзасына ауадай қажет. Алайда қара суды үнемдеп пайдаланған абзал. Үнем­деу­дің арнайы тәртібі де жасалған тәрізді. Үнемшілдікке насихат жүргізу мақсатында «Астана су арнасы» кәсіпорнында су музейі ашылыпты. 4-сы­ныптан бастап табиғаттану пәнін оқитын 5-7-сынып оқушыларын музейге келгенде оларға судың қандай қиыншылықпен келетіні көрсетіліп, суды бейберекет, құр босқа ағызуға болмайтыны түсіндіріледі екен.
– Суды, әлбетте, үнемдеп қолдану керек. Ол үшін қаладағы су бөлетін мұнараларды, яғни колонкаларды азайту қажет. Өйткені жекеменшік сектор тұрғындары үнемі құты, шелек сияқты түрлі үлкен ыдыстарды суға тол­тырып, тегін алып кетеді. Қаланың шеткі аудандарында тіпті жаз айларында кейбір адамдар кілем, енді бірі көлігін жуып жатады. Қараусыз тұрғандықтан, көл-көсір су далаға ағып жатыр. Егер осындай колонкалардың саны азайса, судың тазалығы да жақсарады. Себебі жер үйдегілер бау-бақшасын суаратын болса, оның бойындағы микробтар колонка арқылы суға түседі. Сондықтан сол жерлерді жаз айларында хлорлап, тазартуға тура келеді. Оның бәрі – үлкен шығын, – деген Уәлиса Таңатарқызы 2008-2009 жылдары 800-ге дейін артып кеткен қаладағы колонкалардың қазіргі уақытта 270-ке азайғанын жеткізді.
Қазақстан бойынша ең таза су Шымкент пен Таразда екенін тілге тиек етіп, кәсіпорынның үнемі шетелмен тәжірибе алмасып отыратынын айтқан инженер-химик өзіне Швейцария, Германия, Жапонияның зертханалары қатты ұнағанын айтып өтті.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды