Auylinnоvation немесе интернет ауыл тұрғындарының тұрмысын қалай жеңілдетті?

0 28

2020 жылдың қарсаңында жақсылыққа жаны құмар Сұлтан ағам: «Төкім, Кежегіңе интернет қосылды!» деген сүйінші хабар жеткізді. Ауылда жұрт көптен күткен (Beeline) ұялы байланыс желісі іске қосылды. Әр үйге Wi-Fi орнатылды. Мұны бұрын тек армандайтын едік. Бұл игіліктің іске асуына ауыл азаматтарының өздері жұдырықтай жұмылып, интернетті қабылдайтын мұнара орнатуға қаражат жинады. Ізгілікті істің жақсылығын карантин кезінде мұғалімдер мен оқушылар көрді.

556df308-b5d6-4593-b81c-eb9c3c1bcbc8

Өткен жылдың соңына дейін Қазақстандағы 550 ауылға жоғары жылдамдықтағы интернет тартылды. Сол ауылдардың арасында Кежегімнің болғанына қатты қуандым. Осы себептен интернет қосылған еліміздің шалғай ауылдарындағы қарапайым халық өмірінің қалай өзгергені, Нұр-Сұлтан сияқты мегаполистерде цифрландыру үдерісінің қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде сараптама жасауды ұйғардым.

«Алақай, ауылға интернет келді!»

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Кежек ауылы Қарағанды қаласынан 180 шақырым, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы селосынан 60 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 45 үй бар, 385 адам тұрады. 9 жылдық мектеп, мәдениет клубы, ауыл әкімінің кеңсесі бар. Бір қуанарлығы, қазір Кежекте 4G интернет байланысы жұмыс істеп тұр.

– Ауылға интернет тартылып, көзіміз ашылды.Өркениеттің жетістіктерін көзімізбен көрдік. Мысалы, бұрын 1 анықтама алу үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығына барушы едік. Қыстыгүні жолды қар басып қалады. Қазір үйде отырып-ақ ұялы телефоныңмен интернетке кіріп, e-gov арқылы, я болмаса WhatsApp-пен құзырлы мекемеге өтініш жіберіп, қажет қағазымызды аламыз. Бұрын интернет мектепте, әкімнің кеңсесінде ғана болған, жылдамдығы өте нашар еді. Қазір кез келген жерде, үйде де, мектепте де ұстай береді. Күннің боранына қарамай, алыс қаладағы туыстарымызбен сөйлесеміз, – дейді Кежектің тұрғыны Нұрлан Мұхтарбеков.

Төлеубала Ноғаева Ақши орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді.

– Интернеттің келуі ауыл адамдары өмірінің барлық салаларына жағымды әсер етті. Қазір интернеттің игілігін бүкіл ауыл болып көріп отырмыз. Кеңседе, мектепте өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі іске қосылған. Әрбір тұрғын өзіне керекті құжаттарды, ақпараттарды электрондық нұсқада ала алады. Мектепте интернетке қосылатын екі нүкте бар. Оқушылар Zoom арқылы сабақ тапсырмасын орындайды, мұғалімдер электрондық күнделік толтырады. Оқушылар да, мұғалімдер де интернеттен электрондық журналдарды, оқулықтарды оқиды. Цифрлық технологияларды игереді. Мектепте ата-аналар жиналысы, воркшоптар, онлайн-кездесулер цифрлық форматта өтеді. Әсіресе, ай сайын «Өнегелі өмір» атты жобаның аясында ауылымыздан шыққан тұлғалармен, есімі елге мәлім азаматтармен онлайн-кездесулер өткізіп жүрміз. Бұл жоба балаларға ұнайды, – дейді Т.Ноғаева.

Ауылдағы тұрмысты жеңілдетті

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Kcell компаниясы Ақмола облысындағы 44 ауылды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етті. Соның арқасында халқы 250 адамды құрайтын шағын ауылдардағы 22 мың қазақстандықтың сапалы ұялы байланыс пен жылдамдығы жоғары интернетке қолы жетті. Компания бұл жерде «Қазақтелеком» АҚ ел аумағына салған талшықты-оптикалық байланыс (ТОБ АЕМ) желісін пайдаланғанын атап айту керек.

Интернеттің ауылдарға келуі халықтың күнделікті өмірін мүлдем өзгертіп жіберді. Kcell компаниясының корпоративтік байланыстар бөлімінің жетекшісі Максим Оларь адамдар интернетті бос уақытын өткізуге ғана емес, табыс табу құралына айналдырғанын айтады.

«Ауыл тұрғындарының өмірі тез өзгеруде. Мемлекеттік қызмет түрлерін алу, коммуналдық шоттарды төлеу сияқты күнделікті процестер қалыпты жұмыстардың бірі болып қалды. Бұған дейін қандай да бір анықтама алу үшін бірнеше шақырым жердегі аудан орталығына жол жүретін болса, қазір оны онлайн-тәртіппен алады. Сөйтіп, тұрғындар әрі күшін, әрі уақытын үнемдейді. Онлайн-жүйе балаларға бүгінгі заманға сай білім алуға мүмкіндік туғызды. Олар сабақтан бөлек қосымша бағыттарда оқып-үйрене бастады» дейді ол.

Интернеттің келуі әлеуметтік және экономикалық жағдайға жақсы әсерін тигізуде. Бұрын жұрт интернетті тек бос уақытын өткізуге пайдаланса, қазір кәсібін дөңгелетудің кілті ретінде кәдесіне жаратуда.

«Біз әр апта сайын «250+» бағдарламасы бойынша интернетке қосылған әртүрлі ауылдарды аралаймыз. Әр барған сапарымызда кәсіпкерлік тарихына қатысты өте қызықты мәліметтерді кездестіреміз. Мәселен, Түркістан облысындағы қарбыздарымен аты шыққан Қаражантақ ауылында тұрғындар кәсібінен нәсібін табуға интернетті пайдаланып жүр. Әуелі олар қарбызды өсіретін және жинайтын жерлерді іздеп-тауып, өнімді жеткізу жоспарын жасайды. Қызылорда облысының Ортақшыл ауылында бір отбасы мүшелері тары өндіріп, сатуды онлайн-бизнес арқылы өркендетуде. Басқа бір ауылдарда интернетті жоғалған қойларды іздеуге, өздері өндірген өнімдердің жарнамасын жасауға да пайдаланады» деген мысалдар келтірді М.Оларь.

Бұл жобаның үлкен әлеуметтік маңызы бар. Яғни қоғамда әлеуметтену үрдісі қарқынды жүріп жатыр.

«Адамдар басқа қалаларда тұратын туған-туыстарымен бейнебайланыс арқылы жиі-жиі байланысып, хал-күйін білуді әдетке айналдырды. Жастар интернет арқылы жаһандық деңгейдегі ақпараттарды оқып-біліп отыр. Өзара қарым-қатынас жандана түсуде. Мұндай үрдіс жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға септігін тигізді. Ауылдарда да өте талантты, білімді балалар тұрады. Олар бұрын өзінің талантын жұртқа көрсете алмайтын-ды. Қазақстанның атын күллі әлемге өнерімен, еңбегімен паш етіп жүрген жастарымыз көп. Бұл жерде интернеттің жағымды жағынан әсер еткенін атап айтуымыз керек. Бір ауылдағы керемет дауысы бар әнші баланы да интернеттен көрген жұрт тез таниды. Оның болашақта өнерден өз жолын табуына осы танымалдығы, өнерінің жарнамасы көмектеседі» дейді Kcell компаниясы корпоративтік байланыстар бөлімінің жетекшісі.

Теңсіздік қалай жойылады?

Шалғайдағы ауылдарды сапалы, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтелеком» АҚ екі ірі, маңызды жобаны іске асырды. Соның бірі тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы телекоммуникациялық ең ірі жоба – ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс (ТОБ АЕМ) желілерін салу. 2020 жылдың желтоқсан айында еліміздегі соңғы 828-інші ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қосылды. Жетекші телекоммуникациялық оператор өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын сәтті аяқтап, 2,5 мыңнан аса мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарды интернетке жалғады. Жоба жүзеге асырылған 2 жылда Қазақстан аумағында 14 514 шақырым «талшықты» желі пайда болды. Мұндай күрделі және ауқымды жобаны қысқа мерзімде тапсыру ауыл тұрғындары ғана емес, тұтас мемлекет үшін керемет жаңа жылдық сыйлық болғаны анық. «Қазақтелеком» мамандары әртүрлі географиялық және демографиялық ерекшеліктерге байланысты әр өңірде таудағы, судағы және ормандағы кедергілерді жеңіп, бірегей тәсілдерді қолданған.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бұл жобаның қала мен ауылдың арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюда маңызы зор екенін айтады.

«Біз көпірме сөзден аулақ болу үшін «ТОБ АЕМ» сияқты жобаның ауқымдылығын айтпауға тырысамыз. Бірақ тура осындай міндетті жүзеге асырып жатқан ресейлік әріптестеріміз оның құрылысын КСРО-дағы әйгілі Транссібір магистралінің құрылысымен салыстырады. «ТОБ АЕМ» бағдарламасы аясында біз негізгі мәселе – қала мен ауылдың арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюды мақсат еттік. Еліміздің кез келген аумағындағы тұрғын телекоммуникациялық қызметтерді оңай пайдалана алуы тиіс» деп түсіндірді жобаның мақсатын Қ.Есекеев.

«250+» бағдарламасы – бұл Қазақстандағы үш ұялы байланыс операторының қатысуымен жүзеге асырылған республика көлеміндегі алғашқы инфрақұрылымдық жоба. Жоба шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ тартқан талшықты-оптикалық желілерге қосылу арқылы тұрғындарының саны 250 және одан көп ауылдарда жылдамдығы жоғары интернетке қосатын инфрақұрылым салу жоспарланған еді. 2020 жылдың қазан айында елдегі үш ұялы байланыс операторы – МТС ЖШС, Kcell және «Кар-тел» ЖШС «250+» жобасы аясында желілерді бірлесіп пайдалану туралы келісімшартқа қол қойды.

Сайып келгенде, радиожиіліктер мен инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану отандық нарықты дамытуға жол ашады. Тұтынушыға қызмет көрсетудің инновациялық түрлері пайда болып, оның халықтың көпшілік бөлігіне қолжетімділігі артады. Мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Швеция, Франция, Үндістан, Австралия, Бразилия сияқты елдерде қолданылады. Ең бастысы, ауылдардағы интернеттің қолжетімділігі артқанда әртүрлі өңірлердегі азаматтардың байланыс қызметін пайдалануға құқығын қамтамасыз етіледі. Екінші жағынан, желілерді бірлесіп пайдалану туралы келісім ауыл тұрғындарына қызмет түрін жеткізуші ұялы байланыс операторын өз еркімен таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметке бағытталған «250+» жобасының қайтарымдылық мерзімі 35 жылдан асады. Бұдан бөлек, жылдамдығы жоғары интернеттің ауылға баруы экономикалық дамуымызға жағымды ықпал етеді. Біріншіден, өңірлерде ұялы қаржылық қызметтер мен электрондық коммерция дамиды. Екіншіден, ауыл шаруашылығында IoT (интернет заттар) технологияларды қолдануға жол ашылады.

Елорданың цифрлық «егізі»

Нұр-Сұлтан қаласының цифрлық «егізінің» көмегімен елорданы алақандағыдай көре аласыз. 2D және 3D технологиялар инженерлік желілерге түскен жүктемені дәлме-дәл көрсетеді. Сондай-ақ ноу-хау ғимараттардың интеллектуалдық жобасын жасауға, құрылысты және нысандардың пайдалануын бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай кереметті «Қазақтелеком» АҚ-тың IT-мамандары жасап шығарды. Қазір мұндай геоақпараттық орталықты Сәулет және жер қатынастары басқармасы, Табиғат ресурстарын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау басқармасы өз қажетіне пайдалануда.

Заманауи технологияның енгізілуін қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек былай түсіндіріп берді:

«Біз цифрлық «егізді» қаланың күнделікті өмірін қамтамасыз ету орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Яғни бейне-сараптама арқылы қалада не болып жатқанын алақандағыдай көруге болады. Мысалы, көлік қозғалысын, тұрғын үйлердің, халыққа қызмет көрсететін кешендердің көбеюін, инженерлік желілерге түскен жүктемені көре аламыз. Жаңа жүйе табиғи және техногендік апаттардан сақтануға көп мүмкіндік береді. Қаланың инфрақұрылымын болжау да оңай болмақ. Инвестициялық картадан кез келген кәсіпкер қай жерде кәсіп ашуға болатынын біледі. Мемлекеттік органдар қаланың қай бөлігіне мектеп, емхана салу керектігін жоспарлайды. Орталықтың көмегімен алдағы уақытта жер телімдерін сатып алуға немесе жалға алуға болады».

Биыл қазан айында өткен түркі тілдес мемлекеттердің Түркі ынтымақтастық кеңесінің «Smart City Nur-Sultan» атты өңіраралық форумда елорданың цифрлық «егізі» туралы «Қазақтелеком» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Оның айтуынша, компанияның иелігінде Smart City желілерін басқаруға қатысты тұтас механизмдер кешені бар.

«Атап айтсақ, оған мыналар кіреді: IoT желісі, LPWAN, бұлттық бейнебақылаудың дайын инфрақұрылымы, Big Data, COVID-ке қатысты карантиндік шараларды бақылау құралдары, GPS-мониторинг, бейнеконференция байланысы, телемедицина және тағы басқалар. Біз ұсынатын шешімдер айқын басымдықтарды белгілеуге және қалалық қызмет түрлерінің сапасын жақсартуға мүмкіндікті арттырады. Негізгі мақсат – елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл технология қала басшылығына адам мен қаланың өзара іс-әрекетін жеңілдетудің бірнеше жолын ұсынады. Мәселен, қаланы дамытудағы өзекті мәселені шешуде ведомстволар коммуникациясының маңызы зор» деп түсіндірді Қ.Есекеев.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + thirteen =