АУЫЛДЫ АҢСАҒАН АНА

0 174

Демалысым аяқталып, Астананы бетке алып, жолға шықтым. Пойызда адам саны жеткілікті екен. Қасымдағы орынға жасы 65-тердегі қарт әже жайғасты. Үлкендер үнемі танымаса да   әңгімелесіп, жолды қысқартқысы келе­тіні белгілі. Құлағыма құлақ­қабымды тыға бергенім сол еді, қарт әжей: «Қызым, қай жақтан боласың? Қайда жол жүріп барасың? Қайда оқисың?» деп сұрақтарды жаудыра жөнелді. Құлақ­қабымды шешіп, әжеймен әңгімелесуге тура келді. Кейін әжеймен жарасқан әңгімеміз осы бір мақаланы жазуыма себебін тигізді. 

Әжейге оқуға бара жатқанымды айттым. Ол менен «Ата-әжең бар ма?» деп сұрады. «Әрине, ата-әжемнің қолында өстім, олар ауылда тұрады» дедім. Осы жауаптан кейін әжей ұзақ уақыт үндемей қалды. Қате бір сөз айтып қойдым ба деп ойладым. Әженің көздерінде бір мұң жатқанын аңғару қиын емес еді. Ойын жинақтап жатқан шығар, не болмаса, бір дүние ойы­на түскен болар деп үндемей отыра бердім.

Бір кезде әже өз әңгімесін бастап кетті. Бір ауылға келін болып түсіп, қырық жыл ғұмыр кешіпті. Жалғыз ұлы үй болғаннан кейін қалаға көшіріп, өз қолына алыпты. Қалада тұрып жатқанына екі жылдың жүзі болған екен. «Ауылымды сағына­мын» деді әжей көзіндегі жасын ақы­рын байқатпай сүртіп алып. «Қайтып көшіп барғым-ақ келеді, бірақ елге қайта көшіп келсем, халық қалай түсінеді, жалғыз бала­сына сыймай келген болар деген елдің өсегіне батамын ба деп ойлаймын» деді іштегі шерін тарқатып.

Ауылдан көшкен ата-әжелерге бәрі де: «Ауылдың тірлігінен құты­лып, қалада дайынға қолыңды малып отыратын боласың» деген сөздерді естігенде мен де іштей қосылатынмын. Бірақ, бүгінгі қарт әжейдің әңгімесінен кейін ойланып қалдым. Ауылды былай қойғанда, адам оның бір жұтым ауасын да сағынады екен. Әжеге жаным ашып, не айтып жұбатарымды білмей: «Алла жазса, немере сүйгеніңізде уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей де қаласыз» дедім. Әжей сәл ғана күлімсіреп: «Алла амандығын берсе, менің мына жасымда немеремді бағып отырудан асқан бақыт бар дейсің бе, қарағым? Айтқаның келсін» деді де, үнсіз отырып: «Егер ауылда тұрғанымда, немеремді қолыма алып, құрт, қымызға тойдырып отыратын едім» деп тағы да әңгімені ауыл тақырыбына қарай бұрып жіберді.

Шыны керек, қырық жыл ауыл­дың күйбең тірлігіне еті үйренген әженің қалаға келіп ұзақ күнді кеш қыла алмайтыны ақиқат. Жантайып жатып, қайдағы-жайдағы ойлағанда да қиналады. Өрісте жайылып жүрген інгені, белдеуде байлаулы тұрған ботасы жоқ қаланың кемпірі шырқ айналып үйіріліп жүрген баяғы бір баласы мен бір келінінен басқа нені ойлаушы еді… Баласы ерте кетеді, кеш келеді. Ішіңнен күбірлеп, не басқа бөлмеге, не өз төсегіңе барғанда жынды кісідей өзіңмен-өзің мылжыңдасып отырғаның. Кісіге жалғыздық осылай келеді деп кім ойлаған?

Көлденең өткен жаннан көз жа­­сын жасырып жылап отырған қарт әжені қалай жұбатарымды білмедім. Әжейдің өзі Ақтөбе қа­ла­­сында тұрады екен. Екібастұз қаласына жолы түсіп, бір шаруалар­мен келгенін айтты. Әжейдің әңгі­ме­сінен кейін Астанаға қа­лай тез жетіп қалғанымды аңғарма­п­­­­пын. Ол кісіні туыстары қарсы алып, кешке Ақтөбенің пойызы­мен үйіне шығарып салатын болды. Қоштасарда әжей: «Саған ішім­­дегіні айтып, бір рахаттанып алдым-ау, рахмет қарағым, жолың болсын» деп күлімсіреді. «Бәрі де жақсы болады әже, өмір жасыңыз ұзақ болсын, үйіңізге аман есен жетіңіз» деп мен де тілегімді ай­тып, үйіме кеттім. Бірақ, әлгі әженің әңгімесінен кейін мен де қанша демалсам да ауылымды сағынып кеттім…

«Бір әңгіме қозғашы, ауыл жайлы,
Одан артық әңгіме табылмайды»
деп Мұқағали Мақатаев жырла­ғандай, қазақтың қаймағы саналған ауылымыздың қадірін біліп жү­рейік. Кіндік қанымыз тамған алтын бесігіміз аман болса деймін.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
журналистика және
саясаттану факультетінің
3-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − two =