«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ауыл тығырықтан қалай шығады?

0 120

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөз сөйлеген кезде жұмыссыздық мәселесіне арнаулы тоқталды. «Азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр» деді Президент. Бізге Президенттің бұл сөзі Қазақстандағы тұралаған ауылдар мен онда жұмыссыз отырған жастарға бағытталып айтылғандай әсер етті. Ендеше ауыл мәселесін шешудің қандай тиімді жолдары бар? Бұл жөнінде ауыл жағдайына алаңдайтын азаматтар не айтады?

elorda club каз

Ауыл азайып, жұмыссыздар көбейді

Өткен 30 жылда Есілдің жағасынан, Сарыарқаның төсінен әсем астана салдық, дегенмен шет-шалғай өңірлерде талай ауыл жойылып, көптеген елді мекендер иен қалды. Статистика агенттігінің дерегі бойынша Қазақстан халқының 56 пайызы қалада, 44 пайызы ауылда тұрады. Алайда ауылдарда емдеу, денсаулық сақтау, оқу-ағарту және әлеуметтік жағдайға мән берілмегендіктен, жұмыссыз­дар саны артып, қалаға көшетіндер көбейді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге арналған түрлі бағдарламалар қабылданғанмен, оның пайдасын көре алдық па?! Мәселен, 2002-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп жарияланса, 2004-2010 жылдары «Ауылдық аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы атқарылды. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұған мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан қаражат көлемі де аз емес. Алайда миллиардтаған қаржының әр тиыны ауыл игілігі үшін жұмсалып жатыр деп айту қиын. Өйткені бағдарлама атқарылғаннан кейін «төрт тұрманы түгенделіп», шаруашылығы шалқып шыға келген ауылдар жоқтың қасы. Міне, бұл да төменнен жоғарыға дейін көрсетілетін өтірік есептің нәтижесі деуге болады. Бұл жөнінде сенатор Мұрат Бақтиярұлының «Төменнен жоғарыға берілетін өтірік есептер мен ақпараттар (жұмыссыздық деңгейін, азық-түлік, отын бағасын төмендетіп көрсететін жалған цифрлар) туралы Сенатта әріптестер тарапынан талай рет айтылды, жазылды. Бірақ естір құлақ болмады. Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келді. 2021 жылғы Үкіметтің есебінде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5 пайыздан аспайды деп ақпарат берді. Шын мәнінде, жұмыссыздық деңгейі бізде жоғары, біздің есебіміз бойынша үш млн азаматымыз екі қолға бір күрек таппай келеді. Кедейлеріміздің саны да осы деңгейде» деп ашына айтқаны бар.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, сенатор:

35 мың теңгемен қалай күн көреді?

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде орын алған қайғылы оқиғалардың қоғамдағы күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер салдарынан туындағанын атап өтті. Осы орайда ауыл тұрғындарының өте төмен әлеуметтік жағдайын айту керек. Ауылдағы отбасылардың кейбірі «шықпа, жаным, шықпа» деп күн көруде. Үлкен қалалардан шалғай жерде отырып, олар өз мәселелерін билікке қалай жеткізуін де білмейді.

Мәселе – жалған статистиканың ауылдағы нақты жағдайды жасыратындығында. Біз, бір топ сенаторлар, Үкімет басшысына ресми органдар ұсынған бояма сандардың ауыл өмірінің шындығына сәйкес келмейтіндігін қанша айтып келдік. Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны – 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоғын «басты мәселе» деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?

Бәріміз «Ауыл – ел бесігі» деп айтуды жақсы көреміз. Қазақстанда қашан да бала туу көрсеткіші қалалық жерлерге қарағанда ауылда әрдайым жоғары болатын. Бірақ соңғы 7 жылда бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті. Жылдан-жылға ауыл халқының қалаларға көшуі ұлғаюда. Тек 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 880 мың адам қоныс аударған. Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ?

Ауылдық аймақтардың ­ахуалын реттеу – экономикалық қана емес, ел үшін саяси, стратегиялық маңызды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселе. Осыдан бір жыл бұрын Сенатта ауылдарды дамыту бойынша парламенттік тыңдау өткізіліп, Үкіметке нақты ұсыныстар берілді. Бірақ өкінішке қарай, бұл ұсыныстардың негізгі тармақтарының ешқайсысы орындалған жоқ.

Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына, яғни «Ауыл – ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз?

Екіншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне беру ұсынылды, өйткені өндірісті дамыту және ауылда жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдай жасау – таразының екі жағындай ішкі байланыстағы мәселелер, нақтырақ айтсақ, кез келген ауылды дамытудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісі жатыр. Ауылда болып жатқан жағдайдың мәнін түсінбегендіктен, Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұмыспен қамтудың мәселесін емес, демографияны бірінші орынға қоюына алып келді.

Үшіншіден, ауылдық жердегі және ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Ашығын айту керек, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы тиісті түрде жұмыс істемейді және онда көзделген мемлекеттік қолдау шаралары қайта қарауды талап етеді.

Жақында бейбіт митингтерге шыққандардың көпшілігі ауылдан келіп, лайықты білім мен жұмыс таба алмаған жастар болған жоқ па? Біз мемлекеттік білім беру гранттарын және стипендияларды тағайындау тетіктерін өзгертуді, оларды тек ҰБТ нәтижелерінің негізінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдаусыз оқи алмайтындарға әлеуметтік қолдау ретінде бөлуді ұсындық. Бірақ өкінішке қарай, бұл депутаттық сауалымызға кеңсе әдеті бойынша сырғытпа жауап алдық.

Сондай-ақ екі парламенттік тыңдаудың ұсынымдары мен депутаттық сауалымызда ҚР Білім және ғылым министрлігіне аграрлық мамандықтарға түсушілер үшін ауылдық квотаны 30-дан 50 пайызға дейін ұлғайту ұсынылды. Негіздеме айқын, бұл ауыл мектептерінің түлектеріне жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін көтеріп қана қоймай, диплом алғаннан кейін оларды ауылда жұмысқа орналастыру мүмкіндігін де арттырады. Бірақ бұл депутаттық сауалымызға «соңғы 3 жылда аграрлық мамандықтар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778 бірлікті құрады» деген жауап келіп түсті. Бірақ талдау көрсеткендей, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді.

Еліміздегі ауылдарды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары қомақты үлес қоса алар еді. Қазір бірқатар ауылдық елді мекендерді онда шоғырланған ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының өтеусіз көмегі есебінен ұстап тұрмыз. Сонымен қатар елімізде әкімдер шешімдерінің арқасында ірі жер пайдаланушыларына (латифундистерге) айналған бірқатар үлкен компаниялар бар, олар, ауыл тұрғындары айтқандай, «ауылдың ішкі жағдайына бас ауыртпай, егін егуге және егін жинауға ғана келеді». Біздің ойы­мызша, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар ірі ауыл шаруашылығы компанияларын ауылдық аймақтарды дамытуға тарта отырып, ауылдық инфрақұрылымды салу және жөндеу, кадрларды даярлау, өзінің жалдамалы жұмысшыларының жалақысын арттыру, жер үлесі иелеріне лайықты ақы төлеуді қамтамасыз ету, ауылда кооперацияны дамыту үшін қызмет көрсететін кәсіпорындар (якорлік өндірістер) құру, ауылдық елді мекендердің жайылымдарын олардың тұрғындарына қайтару жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет.

ауыл

Анас АХАТҰЛЫ, «Азат ет» кооперативі­нің жетекшісі:

Кешенді шара керек

– Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту деген өзекті мәселенің көпшілік көңілінен тыс қалып жатқан тұсы бар. Ол – проблеманы шешуге бағытталған идеялардың, жобалар мен тұжырымдардың экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда өзара салыстыруының маңыздылығы.

Тақырыпты кеңінен ашпас бұрын ауылдардың даму статистикасына, әсіресе оның макрокөрсеткіштеріне назар аударсақ. Үкімет 6300 елді мекеннің тең жартысының болашағы бұлыңғыр деп жариялады. Салдарынан соңғы он жылда оның мыңға жуығы бағдарламалық қолдау тетіктерінен айырылды. Жұмыссыздық пен жан басына шаққандағы кіріс деңгейі қаладағы көрсеткішке қарағанда 1,8-ге кеміді. 2015 жылдан бері урбанизация индексі 107-ден төмендемей тұр.

Ауылды тығырықтан шығару бойынша идея көп, бірақ оларды негізгі үш топқа жіктеуге болады. Біріншісі – 6300 ауылдың барлығын сақтап қалу, қиын болса да қажет қаражатын тауып беріп, ел бесігін қиратпау. Екіншісі – тыныс-тіршілігін жақсартамын деген ниетпен қалаға, облыс пен аудан орталығына көшіп бара жатқан ауыл адамының бетінен қақпау, қайта оның жаңа ортаға тез сіңуіне сеп болу. Үшіншісі – ауылдардың жақсыларын қалдырып (3 мыңға жуығын), оларды бюджеттің шамасы жеткенше қолдап, ал «көтеремдерінің» өздігінен жойылуына көз жабу.

Енді осы нұсқаларды үш түрлі аспектіде талдап көрейік:

Біріншісі. Экономикалық жағынан қарағанда, ауыл инфрақұрылымын жөндеу бюджетке үлкен ауыртпалық тудырады. Білім, денсаулық, мәдениет ошақтарын қайта қалпына келтіріп (олардың жалақыларын қамтамасыз етуге қажет ақшаны қоса алғанда), газ, су және жол жүргізу бағасын есептесек, бір ауыл адамына шаққандағы бюджеттік шығын 5 миллионға жуықтайды. Ауылдардың саны 6300 екенін және олардың арасындағы жолдардың ұзақтығын ескерсек, бұл санға тағы 15 млн теңге қосылады. Бюджет осы қаражатты тауып бере ала ма? Жол ұзақтығы 200 шақырымнан асатын, бірақ ішінде 50-100-ақ түтіні бар елді мекендерді қайтпекпіз?

Енді осы идеяның саяси жағына үңілсек, миллиардтаған шығынның ысырап болмайтынын түсінеміз. Өйткені жеріміз кең. Ауылдық аймақтардың босап қалмауын қамтамасыз етіп, үнемі қадағалауға тиіспіз. Солтүстік пен шығысымызда екі гегемон бар… Идеяның әлеу­меттік жағы да маза бермесі анық. Қалаға жаппай көшкен халық күнін қалай көрмек? Ауылдың ауыр жұмысына шыдамай, ат құйрығын кесіп кеткендер қалаға барып опық жеді емес пе?..

Екінші нұсқа ауыл болашағының тамырына балта шапса да, адам құқығын сақтау принциптеріне бір адым жақын. Қаланы мекендеп, тұрмысын түзеп алғандар ауыл адамына «отырған жеріңді тастап қайтесің!» дегені қаншалықты әділ? Жағдайын жақсарта алмай жайлы өмір іздеген пендеге асалық жасау емес пе бұл? Кейбір экономистердің пікірінше, ауылдардың дамуына жұмсайтын қаражатты басқа мақсатқа бағыттаған тиімдірек. Олардың айтуынша, үнемделген ақшаны инфрақұрылымы дайын аудан орталықтарына бағыттап, оларды агроқалашықтарға айналдыруға әбден болады. Мұндағы бір алаңдататыны – ауылдарда адам саны күрт азайса, агро­өнеркәсіп кешеніне қажет мамандарды қайдан таппақпыз? Алайда идея авторлары мұнай, құрылыс салаларындағыдай ауыл шаруашылығында да «вахталық» режимді енгізуге әбден болады деп отыр.

Жалпы кез келген өндірісті кооперативтік негізде дамытуға болатынын ұмытпайық. 1000 адамы бар ауылдың толық қалпына келіп, тұрақты дамуына кем дегенде 5 млрд теңге қажет. Оны агробизнестің неше түрлі өндірістік нысандарын салуға жұмсап, олардың үлесін сол елді мекенде көп жыл тұрып, адал еңбек еткен азаматтарына таратып беруге де болады. 2000 сүтті сиыры бар заманауи ферма жылына кем дегенде 500 млн теңге таза пайда ала алады. Ал бұл дивиденд ретінде төленсе, қаншама адамға азық болатыны анық. Әрине, шекара маңында тұрған ауылдардың сақталып қалуын естен шығармауымыз керек. Бұл – саяси тұсы…

Идеяның үшінші түрін айт­пасам да болатын шығар, себебі бұл – дәл қазіргі жағдай. Әрине, ауыл – ел бесігі. Бірақ қазіргі ауылдарға қарасам «бесік» «бетонға» айналып бара жатқан сыңайлы. Осы жағы қынжылтады…

***

Әрине, ауылдың мұнан басқа да мәселесі аз емес. Бір тақырыппен бітпейтін, бір мақаламен айтар ойың жетпейтін бұл түйінге алдағы күнде міндетті түрде қайта айналып соғамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды