АУЫЛ ҚОНДЫ «ХАН ШАТЫР» МАҢАЙЫНА

0 205

ERA_1197

Кеше «Хан шатырды» жағалай қонған этноауылда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі ашылды. Оның ашылуына куә болған сауықшыл жұрт ежелгі тіршілігі қызу қайнаған қазақ тұрмысының заманына тап келгендей әсер алды. Осыдан алты ғасыр бұрын құрылған Қазақ хандығы кезеңіндегі өмірді, атағы алысқа кеткен Қараөткел жәрмеңкесін жаңғыртқан фестиваль атмосферасымен Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков танысып шықты. Алда әлі бірнеше күнге созылып, 6 шілде күні «Көшпенділер түні» шарасымен жабылатын ұлы дала өркениеті мерекесінің бағдарламасы сан қызыққа кеңелтеді. Алғашқы күннің өзіне жоспарланған он бес шақты шараның түске дейін өткендерін тамашаладық.

Атшаптырым аумақты алып жатқан этноауыл қапталдарына бірнеше ақшаңқан киіз үй тігілді. Ортадағы ханның сарайындай үлкен шатырда дәстүрлі музыка шалқыды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар – «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Серік Сариевтің «Жорға» би мектебі, «Наз» мемлекеттік би театры, Арқа әншілік өнерінің белді өкілдерінің қатарынан орын алған Ерлан Рысқали мен Ардақ Исатаева Біржанның, Әсеттің шоқтығы биік туындылары мен халық әндерін нәшіне келтіріп орындады.

Ауылға кіре берістің сол қапталында орналасқан «Киіз қалашықтағы» балалар алаңқайында балдырғандар біраз қызыққа батты. Әсіресе, «асфальтта өсіп келе жатқан» қаланың балалары жасанды жылқы мен түйелерге мініп тербелді. Асық ойнап, киіз үйді кұрастырудың қыр-сырына бойлады. Не керек, әйтеуір «Хан шатырдың» аумағына келіп, қазақтың қарашаңырағы – ауылға барып келгендей болды.

Қолөнершілер өз қолдарынан шыққан асыл және тұрмыстық бұйымдардың саудасын қыздырды.

Көпшілікті, әсіресе «Азия жаңғырығы – 2013» халықаралық цирк өнері фестивалінің жеңімпаздары, елордаға арнайы келген өзбек акробаттары, ағайынды Бекзот және Шәмшеит Тәшкенбаевтардың өнері тәнті қылды.

«Ат жалында» атауын алған шабандоздар думаны кәдімгідей сахналық қойылыммен басталды. Оған қатысқандар түйелі көшті, жорықтан жеңіспен оралған ханды қарсы алу рәсімін көрсетті. «Номад» каскадерлық тобы қазақтың аттың үстінде өтетін аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу сынды ұлттық ойындарын көрсетіп, семсерлесу, жебе мен найза қадау секілді жауынгерлік өнерден хабар берді.

Этноауыл жайғасқан алаңда Абайдың және Мұхиттың туындылары шалқыды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» демекші, ғұрыптық әндерге де орын табылды. Сол күнгі фестиваль бағдарламасы ұлтымыздың тағы бір халықтық жоралғысы – «Ерулік» атты сазды-этнографиялық шарамен жабылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + seventeen =