АУЫЛ – БІЗДІҢ АСЫРАУШЫМЫЗ

0 137

Самат-Ескендиров

 

 

 

 

 

Самат Ескендіров,

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
 

Қазақ руханиятына Мағжанды, Сәбитті, Ғабитті берген өңірдің бүгінгі тіршілік-тынысы қандай? Теріскей халқын осы күндері не алаңдатады? Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне жиналған қауымды Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Самат Ескендіров осы жағынан қанықтырды. Алдымен ай­мақтағы проблемалық мәселелердің шетін шығарған ол ауылдық жерлерде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Мен ауылда туып-өстім. Сон­дық­тан ауыл өмірін бір кісідей білемін. Шынымды айтсам, ауылда өмір сүріп, өз ұясы – атамекені азып-тозып, құрып кетпеуі үшін еңбек етіп жүрген адамдарды айрықша құрметтеймін. Олар жер баптайды. Ал, Жер-Ана – біздің асыраушымыз. Ауыл адамдары жақсы өмір сүру үшін қолдан келгеніміздің бәрін істеуіміз керек. Ең алдымен облыстағы елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және тозығы жеткен жолдарды жөндеуіміз қажет. Су мен жол – біздің басты проб­лемаларымыз» деген өңір басшысы әрі қарай «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды. Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 5 млрд 400 млн теңге бөлінгенін, бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көптігін айтты. Республикалық маңызы бар жолдардың жағдайына тоқталып, келесі жылы Астана – Петропавл тас жолы қайта жөнде­летінін жеткізді.

Оқырмандардың есінде болса, елі­міздегі медицина мамандарының тап­шылығы туралы бірнеше рет жаздық. Солтүстік Қазақстан облысында да мұн­дай түйткіл бар. Аймақтың денсау­лық сақтау саласының ахуалымен та­ныс­тырған С.Ескендіровтің сөзінен об­лысқа 224 дәрігер қажеттігін, соның ішінде өңір халқының 60 пайызы ауылдарда тұратын болса, сол жерлерге 84 ме­дицина маманы керектігін білдік. Дегенмен, тапшылықты азайту жұмыстары жүргізілуде екен. Мә­се­лен, «Дипломмен ауылға» бағдар­ла­масымен облыс ауылдарына биыл 45 жас дәрігер барған.

Келесі жылы Петропавл қаласында «Назарбаев зияткерлік мектебінің» ашылуы жоспарлануда.

«Облыстың дихандары ауа-райының қолайсыздығына қарамастан әр гектардан 14,6 центнерден өнім алып, 5 млн тоннадан астам астық жинады» деген С.Ескендіров ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға да тоқталды.

Үдемелі индустриалды-иннова­циялық даму бағдарламасына өңірдің 30 жобасы енгізілген. Олардың 26-сы жүзеге асырылған.

Шоқан Уәлихановтың әжесі – Ай­ғанымның қонысы мен Абылайдың ақ үйі қалпына келтірілгенін айтқан Самат Ескендіров өз сөзін туризм саласындағы жоспарлармен аяқтады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =