«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ауыл әкімінің бір күні

0 897

Арқаның төсіндегі, Нұраның жағасындағы аядай ғана ауылыма жолға шықтым. Алаш арыстарының туған топырағы – Ақтоғайда барар жолдың бойын­да бір ауыл бар. Ол менің туып-өскен ауылым – Кеншоқы. Қас қарайып қалған кез. Ақсу-Аюлыдан 30 шақырым жердегі ауылдың шамдары алыстан менмұндалады. Бұрын қаншама рет осы жерден өтіп жүрсем де Кеншоқының жап-жарық болғанын көрмеппін. Мұның сырын жеңіл көліктің тізгінінде отырған ауылдас Берік ағамнан сұрадым

Ауыл акими

«Ауылымызға жерлес ініміз Алмастың әкім болып келгеніне 4 айдан асты. Үлкендер «Жас келсе – іске» деп бекер айтпайды. Аз уақытта бұрын шешілмеген өзекті мәселелерді шешуге екі білегін сыбанып кірісті. Өзім электрик болып жұмыс істеймін. Бұған дейін 30 шақты көше шамдарының жартысы ғана істейтін-ді. Жаңа әкім оларды қосумен шектелмей, тағы 40 көше шамын орнатты. Жылдың қай мезгілінде болса да ауылдың жарқырап тұрғаны көз қуантады. Үлкендер жағы «Тіл-көзіміз тасқа! Ауылымызға нағыз жанашыр әкім келді-ау!» десіп ақ батасын беріп жатыр. Жас әкімнің бұдан басқа да игілікті істері көп. Биыл ауыл көшелеріне асфальт төселіп, тіпті автокөліктерді қоятын тұрақтың да орны пайда болды. Жаңа әкімді құр мақтағандай болмайын. Істеген ісін өз көзіңмен көрерсің!» деді Берік ағам сөзін қысқа қайырып.

Кешкілік болған соң ба, ауыл көшелерінде көлік аз. Ауылға кіргеннен байқағанымыз, көшелер тап-таза, ауылдық округтің еңселі ғимараты сол жағымыздан көрінді. Әкімдік үйінің үстіндегі ту да, елтаңба да жаңадан жасалыпты. Ауылға кіреберістегі «Ауылым – алтын бесігім» деген сөздің өзін үлкен, әдемі етіп жазыпты. Айтпақшы, бұл ауылдың су жаңа әкімі, бала күннен бірге өскен құрдасым, жақын досым – Алмас Күлейменов екенін айтпаппын ғой. Бірақ досым екен деп құр асыра мақтаудан, жұртқа қызметін жарнамалау дегеннен аулақпын. Жаңа қызметіне кіріскен досымды құттықтап барып, көптен кездеспеген соң, жата-жастана әңгімелесіп, хал-жағдайын білу  негізгі мақсатым еді. Ауылдың мәдениет үйінің меңгерушісі, бала күннен бірге өскен құрдасым – Өмірсерік Дәрібаевтың шаңырағында шат-шадыман көңіл-күймен дастарқан басына жайғастық. Түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрып, шерімізді бір тарқаттық.

Түн ортасы бола қоймаған шақ. Арқаның аязы екі бетіңді қариды. Достарыммен ауылды жаяу аралап жүрміз. Әкім котельный жағушыларға жеке-жеке амандасып кіріп, қал-жағдайын сұрады. Екі қабатты мектептің алдынан салынған шағын сая­бақ бірден көзге түседі. Бір қарағанда, елордадағы жаңадан салынған көпқабатты үйлердің ауласында тұрған саябақтардан бірде кем емес. Одан әрі мешітке кірдік. Алланың үйінің іші жып-жылы. Кеншоқылық Азамат есімді кәсіпкер мешітті жылытатын құны 800 мың теңгелік арнайы пешті орнатып беріпті. Жұма күні құран оқитын бөлек бөлмесі де бар. Жұма кіргенін пайдаланып, өзімізше Аллаға құлшылық жасап, пайғамбарға салауат айттық. «Қарашаға қызмет етуге тәуекел еткен ­Алмасқа Алла өзің жар болып, ісін оңға бастыра гөр!» деп ішімнен тілек тіледім.

Ауыл әкімдігінің жұмыс кес­тесі – күн сайын таңертеңгі сағат 09.00-ден кешкі 18.30-ға дейін. Тура 09.45-те Алмаспен ілесіп, әкімдік үйіне бардық. Бір қабатты ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмесе де, кабинеттері еңселі. Әкімнің жұмыс бөлмесі жинақы, таза. Біз кіре саласымен күзетші әкімді күтіп отырған бір адамды шақырды. Ауыл тұрғыны көлік гаражына ұры түскенін айтып, шағымданып келіпті. Алмас ол кісіні мұқият тыңдады. Ұрлықты кім жасағанын табуға көмектесетінін айтып, сендірді. Жігіт ағасы жылы сөзге жаны жадырап, шығып кетті.

– Ауылда полиция қызметкері жоқ па еді? – деп сұрадым іле-шала.

– Аудан басшылығы бізге полиция қызметкерін жібереді, оның кабинетін дайындап қойдық. Бізде дәрігер де жетіспейді. Ең алдымен, ауылға білімді, білікті жас дәрігер маман шақырамын, – деді әкім алдағы шағын жоспарымен бөлісіп. Әңгіме арасында кіп-кішкентай ауылды басқаруға келген 4 айдың ішінде 200 млн теңгенің (үстел басындағы әңгімеде құлағым шалып еді) бір тиыны қалмай игерілгенінің себебін сұрадым.

«Бюджеттен бөлінген сома қомақты. Бірақ бұған дейін соның аз мөлшері ғана игеріліп, ақша кері қайтарылып келген. Біз 60 млн теңгені жолға асфальт төсеуге жұмсадық. Асфальттың үстіне 12 белгі салдық. Соның бесеуі – жаяу жүргіншілер өткелі. Бұл сметада жоқ еді, халықтың қауіпсіздігін ойлап, өзім кіргіздім. 8 млн теңгеге 40 көше бағанасын орнаттық. Одан 2 млн теңге үнемделіп еді, ауылдағы баласы көп, көшесі қараңғы тұрғындардың жағдайын ойлап, тағы 10 бағана қойғыздым. Мектеп ғимаратын жаңартуға (шатыры, сыртқы қабырғасы, айналасын абаттандыру) 100 млн теңге жұмсалды. Мектеп алаңындағы сквердің де шамдарын орнаттық. Ең бастысы, қарапайым халықтың ризалығы ғой» деп жауабын қысқаша қайырды Алмас әкім.

Одан әрі әңгімеміз ауылдың келешегі туралы өрбіді. Кеншоқыда 200-ден астам үй, 900-ден аса халық бар. Қазір көп ауылдарға тән көрініс – халықтың қалаға үдере көшуі. Бірақ, бұл ауылдан басқа жаққа көшкен адам жоқ, керісінше, көшіп келгісі келетіндер көп. «Ауылда бірде-бір бос үй жоқ. Келешекте үй салу жоспарда бар. Жас мамандарды шақыру үшін, үй беру керек. 2022 жылы ауылға 100 адамдық Мәдениет үйін саламыз. Құжаттарын дайындап отырмыз. Шымкенттік мердігер тендерді ұтып алған. Жаңа ғимараттың орны дайын. Сондай-ақ алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша үлкен спорт кешенін салуымыз керек. Ауылда спортты, өнерді сүйетін талантты балалар өте көп. Жуырда «Жас барысқа» қатысқан екі баламыз жүлделі орынға ие болды. Спортшыларды дайындайтын бапкеріміз де бар. Меніңше, спорт кешені салынып, ертең ауылымыздан әлем, Олимпиада чемпиондары шығып, көк туымызды желбіретіп жатса, ол – бәрімізге зор абырой. Чемпиондардың бәрі ауылдан шығады. Мәдениет үйін ашсақ, елге танымал дәстүрлі әншілерді, Арқаның өнерпаздарын шақырып, облыстық және республикалық деңгейде өнер байқауын өткізіп, ауылдың талантты балаларының жолын ашсақ құба-құп» деп жалғады әңгімесін Алмас.

Ауыл тұрғындары Нұра өзенінің тартылуына қатыс­ты экологиялық мәселені көптен бері көтеріп келеді. Әкімнің айтуынша, өзен суының тартылуына бірден-бір себеп – жақын жердегі Алмалы зауытының жұмысы. «Зауытқа кенді жууға кислота әкеледі. Ол суды көп мөлшерде қажет етеді. Осыдан халық экологияға қауіп төне ме деп алаңдайды. Өйткені өзен суын мал ішеді, малдың етін адам жейді. Алайда бұл мәселені білікті эколог-мамандармен, халықаралық сарапшылармен бір үстелдің басында отырып, талқылаған жөн. Алдағы уақытта бұл ойымызды да жүзеге асыруға тырысамыз. Болашақта жаңа үйлер салып, халықты көшіріп әкелсек, ауыл экономикасы да дамиды» деді сұхбаттасушымыз.

Одан әрі күнделікті қарбалас тірлік жалғасып жатты. Ауыл әкімінің бір күнін өзімше осылай бақыладым. Далаға шыққанда күн күлімдеп тұр екен. Бірлігі бекем, тірлігі түзу ауылға қызығушылықпен тағы бір бұрылып қарап, өз ауылыма аттандым.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды