©2020 Астана Ақшамы
Ауыл әкімдерінің аппараты кеңейеді
Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:
Кеше ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстан-2050 стратегиясы» ережелеріне сәйкес, озық басқару шешімдерін қабылдау және әкімшілік реформаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде семинар өтті. Семинарға Ұлыбританияның Біріккен Корольдігі Премьер-министрі кеңсесінің бұрынғы жетекшісі Джонатан Пауэл қатысып, мемлекеттік қызметкерлерге дәріс оқыды. Семинарға төрағалық еткен ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы бірқатар әкімшілік реформа жүзеге асырылады. Бұл жұмыс 2 бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт – мемлекеттік қызмет саласын одан ары жетілдіру. 26 наурыздан бастап ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар күшіне енуіне байланысты бізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жұмыс істей бастайды. Яғни, мемлекеттік қызмет жаңа жүйеге көшеді. Екінші бағытта өзін-өзі басқару саласында маңызды қадамдар жасалады.
– Бұдан басқа, қандай шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?
– Мемлекеттік қызметкерлердің құқығы жағынан бірқатар өзгерістер болады. Өздеріңіз білетіндей, қазір бізде екі корпус – саяси және әкімшілік қызметкерлер бар. Енді саяси қызметкерлер бірінші корпус болады. Ал А корпусы – басқарушы әкімшілік қызметкерлер және Б корпусы – атқарушы әкімшілік қызметкерлер. Біздің жүйеге жаңадан енгені – А корпусы.
А корпусына министрліктердегі қазіргі жұмыс жасап жатқан жауапты хатшылар, комитет төрағалары, ал жергілікті басқару органдарынан аудан әкімдері кіретін болады. Барлығы А корпусына 400 лауазымды адам кіреді.
– А корпусына кіретін мемлекеттік қызметкерлер қалай іріктеледі?
– Олардың мәселесін Ұлттық кадр комиссиясы қарайды. А корпусына кіретін лауазымды қызметкерлерге арналған тест бағдарламасын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дайындап жатыр. Олар тест тапсырғаннан кейін Ұлттық кадр комиссиясында әңгімелесуден өтеді. Осыдан кейін әрбір үміткердің қандай лауазымды қызметке баратындығы шешіледі.
– Өзін-өзі басқару саласы туралы айтып берсеңіз…
– Бұл салада да бірқатар жаңалықтар бар. Біріншіден, орталық органдардың бірнеше өкілеттері жергілікті органдарға беріледі. Яғни, 5 мыңға жуық штаттық бірлік министрліктерден алынып, ауыл аппараттарын құру үшін берілетін болады. Қазір әрбір ауылда әкім жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың жеткілікті аппараттары жоқ. Сондықтан, ауыл әкімдерінің аппараты кеңейеді.
Айнұр САНАБЕК