Ауыл әкімдерін сайлау – саяси маңызды шара

0 24

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша 25 шілдеде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы маңызды шараға орай Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеме жасады.«Мемлекет басшысы атап өткендей, «алдағы сайлау – саяси жүйеміздің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сонымен бірге қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді».
14 шілдеде, сағат 18.00-де сайлаушылармен тікелей өзара қарым-қатынас жасауға жол ашатын үгіт-насихат науқаны басталды. Барлық аймақта Nur Otan-нан 586 кандидат тіркелді.
Партиямыздан түсіп жатқан үміткерлердің 35%-дан астамы – жаңа тұлғалар, оның ішінде білім беру саласының өкілдері, кәсіпкерлер, фермерлер және т. б. бар. Олардың көпшілігі – таяуда өткен партияішілік праймериздің қатысушылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас. Әйелдер – 11%, 35 жасқа дейінгі жастар – 14%.
Nur Otan-ның міндеті – тек сайлауда жеңіске жету ғана емес, ауылдардың дамуына жүйелі жағдай жасау, азаматтардың нақты мәселелерін шешу. Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, бірінші буын әкімдердің ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара әрекеттестігінің жаңа мәде­ниетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді ендіруде.
Бұл үшін біз өз кандидаттарымызды жаңа жағдайда жұмыс істеуге, адамдармен тікелей «қоян-қолтық» жұмыс істеуге бағыттай отырып, тиімді кері байланыс орнатуға оқытамыз. Жергілікті жерлердегі барлық кандидат пен штаб мүшелері Саяси менеджмент мектебінің базасында семинардан өтті, қажетті ұйымдық, әдістемелік және басқа қолдаумен қамтамасыз етілді. Олардың әрқайсысында аумақтың мүмкіндігін ескере отырып, партия қолдауымен қамтамасыз етілген нақты сайлауалды бағдарламасы тұжырымдалған.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау басқа партиялардың да жергілікті жерлерде тұрғындармен тұрақты және тікелей жұмыс істеуін күшейтуге түрткі болады деп санаймыз.
Осылайша Nur Otan бұл сайлауға барынша дайындықпен келіп отыр. Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің деректерін талдауға және жергілікті жерлердегі қоғамдық-саяси ахуал мониторингіне сәйкес біз сайлау округтерінің 80%-дан астамында жеңіске қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз.
Құрметті достар! Nur Otan мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде күнделікті жұмысында саяси жаңашылдық, жүйелілік және сабақтас­тық секілді қағидаттарды басшылыққа алады. Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan қызметінің негізі етіп алған нақ осы тәсілдер партиямыздың сайлауларда жеңіске жетуін, оның ұзақ мерзімді саяси көшбасшылығын қамтамасыз етіп келеді.
Өздеріңіз білетіндей, Nur Otan парламенттік сайлаулардан кейін бірден өз сайлауалды уәделерін іске асыруға белсенді түрде кірісті. Сайлаудан кейінгі міндеттерге орай бүкіл қажетті партиялық инфрақұрылым жаңаша қайта құрылымданды. Жауапты депутаттар мен басшылар бекітілген 217 жол картасы іске асырылуда. Сайлау­алды уәделерді мониторингтеу және жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді ашып айту үшін 12 мыңнан астам белсенді азаматтың қатысуымен 1,7 мыңнан астам қоғамдық кеңестің өңірлік желісі құрылды.
Қазақстандықтардың қолдауымен Nur Otan партиясы әрі қарай да ел басшылығы межелеген барлық жоспардың іске асырылуын қамтамасыз етуді жалғастыра береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =