Ауыл әкімдері сайланды

0 21

Дауыс беруде қай өңір алға шықты?

25 шілдеде елімізде алғашқы рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтті. Сол күні таңертеңгі сағат 7-де Қазақстанның 14 өңірінде 1847 сайлау учаскесі ашылды. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 2346 әкім бар, 25 шілдеде солардың ішіндегі 730-ы тіке дауыс беру арқылы сайланды. Жыл соңына дейін тағы 45 әкім сайлануы тиіс.


Аймақтық сайлау комиссия­ларының ақпараты бойынша, сайлауға 2297 үміткер қатысты. Соның ішінде 1419-ы (61,8 %) – өз-өзін ұсынғандар, 878-і (38,2 пайызы) саяси партиялар атынан қатысқандар. Гендерлік құрамы бойынша ер-азаматтар – 1839, әйелдер – 458 адам.
Еліміздегі 6 саяси партия сайлауға өз үміткерлерін ұсынды. Үгіт-насихат науқаны 14 шілде кешкі сағат 18.00-де басталып, 24 шілде түнгі 00.00-де аяқталды. Сайлау қорытындысы сайлау өткеннен кейін үш күннің ішінде шығарылады. Жеті күн ішінде сайланған әкім тіркелуі тиіс. Әкімнің өкілеттік мерзімі аймақтық сайлау комиссиясында тіркелгеннен кейін басталады.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, 25 жасқа толған кез келген сотталмаған азамат ауыл әкімі болып сайлана алады. Бірақ ол мемлекеттік қызметте кем дегенде екі жыл немесе қоғамдық ұйымды кемінде 2 жыл басқарған адам болуы керек. Одан бөлек, жоғары білімі болуы – басты шарттардың бірі.
25 шілде күні кешке елдегі барлық сайлау учаскелерінің жұмысы аяқталды. Сағат 20.00-дегі ахуал бойынша, сайлау бюллетенін алған сайлаушылардың саны былайша бөлінді:
– Ақмола облысында – 75,5 %;
– Ақтөбе облысында – 79 %;
– Алматы облысында – 66,5 %;
– Атырау облысында – 74,4 %;
– Шығыс Қазақстан облысында – 90,9 %;
-Жамбыл облысында – 90,7 %;
– Батыс Қазақстан облысында – 81,4 %;
– Қарағанды облысында – 75.8 %;
– Қостанай облысында – 84,4 %;
– Қызылорда облысында – 83,6 %;
– Маңғыстау облысында – 82,4 %;
-Павлодар облысында – 76,9 %;
-Солтүстік Қазақстан облысында – 87,1 %;
-Түркістан облысында – 77,1 %.
Аймақтық сайлау округтерінің саны бойынша 95 округ ашқан Ақмола облысы көш басында тұр. Шығыс Қазақстан облысында – 77, Қарағанды облысында – 75, Солтүстік Қазақстан облысында – 71 сайлау округі ашылған.

Өзін-өзі ұсынған 100 үміткер жеңді

Әкімдер сайлауында өзін-өзі ұсынған 100-ден аса үміткер жеңіске жеткен. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Талғат Қалиев мәлім етті. Ол саяси партиялардың бұл жолғы сайлауға қатысуы әкімдерге қосымша ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтады. «Партияның саяси, әкімшілік, тіпті кей жерде БАҚ-ның көмегін қосымша ресурс ретінде пайдалана алушы еді. Яғни, әкім өз округінде жалғыз болмай, партиялар жанындағы талдау орталықтарының интелектуалдық қуатын пайдаланып, ауылда бизнесті дамытып, түрлі мәселелерді шешудің жан-жақты жолдарын көрсете алады. Бірақ «Ауыл» және «Nur Otan» партияларынан басқасы осы мүмкіндікті жіберіп алды деуге болады. Менің түсінуімше, басқа партиялар сайлауға аса бір белсенді қатысқан жоқ» дейді сарапшы.
Ұлттық кеңес мүшесі бұл сайлаудың қорытындысын бұрмалау өте қиынға соғады деп санайды. «Соңғы мәліметтерге үңілсек, сайлауға өзін-өзі ұсынған 100-ден аса үміткер әкім болған. Жалпы үміткерлердің 3/2-сі өзін-өзі ұсынғанын білесіздер. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бір жағынан, адамдар реформаға сенгендіктен белсенді атсалысып отыр. Бір орынға шамамен 3 үміткерден түскен. Екінші жағынан, қатысу деңгейінің жоғары болуы халықтың дауыс беруі арқылы өз өмірлерін өзгертуге болатынына сенетінін көрсетті. Яғни бұл демократияның жақсы мектебі. Елдімекендерде сайлау қорытындысын бұрмалаудың өзі өте қиын болар еді. Өйткені жұрттың бәрі бір-бірін жақсы таниды. Тіпті кейбір шағын округтерде халық аула-аулаға кіріп, кімнің кімге дауыс бергенін Exit poll өткізбей-ақ анықтауға болады. Сәйкесінше сайлау айтарлықтай әділ, ашық өткен процесс болды» дейді Талғат Қалиев.

Сайлаудың стратегиялық маңызы зор

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин әкімдер сайлауының стратегиялық маңыздылығы туралы өзінің ойларымен бөлісті.
«Өңірлік ақпарат ресурстарында ел тарихында алғаш рет өткен ауыл әкімдері сайлауының алғашқы нәтижелері жариялана бастады. Бұл маңызды оқиғаны әуел бастан көптеген сарапшылар назарда ұстады. Сондықтан, осы сайлаудың қорытындыларын сарапшылар егжей-тегжейлі зерделеп, нәтижесі отандық ақпарат құралдарында жан-жақты баяндалатынына сенімдімін» деп жазды ол Telegram парақшасында.
Ерлан Қарин аталмыш сая­си науқанның стратегиялық маңыздылығына айғақ болатын бірнеше жайтты атады. «Біріншіден, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістерді бастап берді. Олар келешекте мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасын байыппен айқындайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды. Екіншіден, бейбіт жиындар туралы жаңа заңды қабылдаумен, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы жетілдірумен қатар, әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді» деді Е. Қарин.
Сарапшы бұл сайлау Президент белгілеген мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын дәйекті қалыптастыруға, мемлекеттік аппарат жұмысындағы тәсілдерді заман талабына сай жетілдіруге бағытталғанына назар аударды. «Осы тұрғыдан алғанда кешегі сайлау ауыл әкімдері корпусының айтарлықтай жаңаруына, мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етеді. Осының барлығы жиынтығында жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі дамуына оң серпін береді. Жалпы, бұл сайлау Мемлекет басшысының жүйелі саяси өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған бағытының дәйектілігін тағы да растады. Сол арқылы Президенттің барлық бастамалары мен шешімдері қоғамда кең қолдау таба отырып, кезең-кезеңмен іске асып жатқанын көрсетті. Тек саяси реформалар бойынша ғана Президенттің бастамасымен екі жыл ішінде 10 заң қабылданды. Тағы бірнеше заң жобасы түрлі сатыда қаралып жатыр» деп түйіндеді ойын Е. Қарин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 16 =