Аутизмді жеңуге атсалысады

0 9

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Орда» қоғамдық бірлестігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен аутизм диагнозы бар балаларға тегін арнайы қызметтер көрсетеді.Жыл сайын орталыққа 200-ден астам бала келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 2016 жылдың 4 қазанынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Орда» қоғамдық бірлестігінде логопед, психолог, бейімделген дене шынықтыру сабақтары өтеді. Сонымен қатар, «Фламинго» фитнес-орталығында жүзуден тегін секция қарастырылған. Емделушілерге арнайы дәрістер аптасына 3 рет 1,5 сағаттан өткізіліп тұрады.
Орталық мамандары 2017 жылы Түркиядан аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеу­дің халықаралық тәжірибесін үйреніп келген. Бірлестік жетекшісі Салтанат Есмағанбетованың айтуынша, қажет жағдайда ата-аналардың өзі де әлеуметтік қызметкер ретінде жұмысқа тартылып, емдеуге жәрдемдеседі екен. Олар, негізінен, баласының аутизм диагнозын жаңадан білген ата-аналарға психологиялық көмек көрсетеді. Әрбір әлеуметтік қызметкер өзіне тиісті балалардың үйіне барып, олардың бос уақытын мәнді өткізуге көмектеседі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды