«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аутизм ән салуға кедергі емес

0 25

Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай «Астана Опера» театрында қайырымдылық концерті өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шараның басты қатысушылары күрделі медициналық диагнозы бар дарынды балалар болды. Олар сахна шеберлерімен бірге ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнады, басқа да шығармашылық таланттарын көрсетті.

Без названия

 

Концертке қатысқандардың бірі – үшінші сынып оқушысы Дарын Ажмолдаев вокалмен кәсіби түрде айналысады. Ол неаполитанның «Santa Lucia» әнін, Н.Жақыптың «Әке-Ана» әнін және басқа да шығармаларды орындады.

Оған 4,5 жасында аутизм диагнозы қойылды, ал 6 жасына дейін сөйлей алмайтын. Бірақ үнемі музыка тыңдап жүрді. Мінез-құлықты түзетудің тиімді әдісінің арқасында ол дамуда үлкен жетістіктерге жетті: алдымен ән айтатын, кейіннен сөйлейтін болды. Қазір Дарын вокал мектебінде оқуын жалғастыруда. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. «Үркер» аула клубының «Балауса» балалар инклюзивті хорының құрамында ән айтады.

Сонымен қатар, ингуш халқының әні «Лорса лида» әнін Халид Харсиев орындады, Ернұр Тұрмаханбетов А.Бахановтың «Асыл ана» шығармасын шырқады. Ясмин Бектеубаева, Даниял Жуасов, Нұрым Нарымбаев және басқа да жас әртістер өз таланттарын көрсетті.

Балаларды қолдау үшін К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасына «Астана Опера» солистері Назым Сағынтай мен Ержан Сайыпов шықты. Музыкалық кеш қонақтары үшін театр фойесінде «Аутизммен ауыратын бала тәрбиелеп отырған отбасының бір күні» атты фотокөрме және аутизм спектрі бұзылған балалар жасаған суреттер мен қолөнер экспозициясы арнайы дайындалды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды