АУРУХАНАМЫЗДА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖАСАЛАДЫ

0 252

Алексей ЦОЙ, Астана қаласындағы №1 аурухананың бас дәрігері

Астанадағы №1 қалалық аурухана бүгінде бірегей жабдықтармен жабдықталған, тұрғындарға шұғыл әрі жоспарлы, сондай-ақ, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін заманауи тұрғыдағы көп салалы клиникалық орталық. Мұнда әлемнің озық клиникаларында оқыған кәсіпқой дәрігерлер жұмыс істейді. Клиника құрамында Еуропа, АҚШ, Жапония секілді әлемдік брендтерінің эксклюзивті жабдықтарымен жабдықталған 28 бөлімше бар.

– Сәлеметсіз бе, Алексей Владимирович?! Мен – астаналық Айгүлмін. Сіздің ауруханада шұғыл, сондай-ақ, жоспарлы емдеуге жатқызатынын естігем. Емдеуге жатқызу қашан жоспарлы және де қандай жағдайларда шұғыл болып келетінін анықтап бересіз бе?

– Айгүл, №1 қалалық аурухана шұғыл және жоспарлы медициналық көмекті көрсететін қазіргі заманғы көп бейінді аурухана. Шұғыл емдеу-ге жатқызу жіті кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар кезінде жүзе­ге асырылады, ол уақытта жедел медициналық көмек шақырылып, өз кезегінде кейінге қалдыруға болмайтын медициналық көмек көрсетіледі, жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда қала ауруханаларының бейініне және бекітілген ургентті (шұғыл) кезекшілігінің кестесіне сәйкес, кезекшілік ететін ауруханаға емдеуге жатқызады.
Жоспарлы емдеуге жатқызу емхананың жолдамасы бойынша «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жүзеге асырылады.

– Есімім – Ғалия. Менде түйінді зоб болғандықтан, дәрігерім операцияға жолдама беріп отыр. Операцияны тәжірибелі дәрігерлер жасаса екен деймін және оны сіздің ауруханада жасатқым келеді. Сіздің ауруханаға қалай түсуге болады? Осы операцияны ақысыз негізде жасату мүмкін бе?

– Қалқанша безінің түйінді зақымдануларына операция­лар ауруханамыздың жалпы хирургия бөлімшесінде жасала­ды. Біздің дәрігерлеріміздің бар­лы­ғы – өздерінің білімдері мен біліктіліктерін әрдайым жоға­рылатып отыратын тәжірибелі мамандар. Біздің аурухана Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы «Азамат­тардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету ережелері» атты №1887 қаулысына сәйкес, тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі (ТМККК) шеңбе­рінде стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетеді. ТМККК шеңберінде операцияны тегін жасату үшін тұр­ғылықты мекенжайыңыз бойынша емханаңызға барып, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы кезекке тұруыңыз қажет.

– 2010 жылдың наурыз айында менің әкемде инсульт бол­ған. Ауруханаға түскеннен кейін ЦВЗ диагнозы қойылды. Салдарынан – сол жақтағы СМА ишемиялық түрі бойынша ми қанайналымының жіті бұзылысы, оң жақты гемисиндром, дизартрия анықталды. Өзіміз тұратын қалада, сондай-ақ, Алматыда да түрлі емдеулерден өткенбіз. Барлық тағайындалған дәрілерді уақытында қабылдаймыз. Қазір әкем екінші топтағы мүгедек. Қозғалыстық функциялары бұзылмағанымен, сөйлеу қабілеті, ақыл-есі кемдеу. Екі жылдан ар­тық уақыт өтті, бірақ, көп өзгеріс жоқ. Сіздің ауруханаңызда реаби­литациялық емдеуден өтуге мүм­кіндік бар ма?

– Біздің ауруханаға «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы бойынша немесе ақылы негізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеуге келе аласыздар. Емдеу аурухананың неврология бөлімшесінде жүргі­зіледі.

– Менің атым – Айнұр. №1 қа­ла­лық аурухананың лор бө­лім­шесінде жоспарлы емде­луге жолдама алғанмын. Бөлім­ше меңгерушісі Гүлмира Аман­тайқызы Мұхамадиеваға және барлық бөлімшенің қыз­меткерлер құрамына жоғары кәсіпқойлықтары мен адал ең­бектері үшін шын жүректен рахметімді айтамын. Аға медбике Бағлан Ермекқызына және таңу медбикесіне де ризашылығымды білдіргім келеді.

– Айнұр, біз сіздерге қолымыздан келгенше медициналық көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз. Ауруханамыздың ұраны: «Жақсының бәрі – емделушілерге!». Ұжым болып осы қағиданы жүзеге асыру бағытында еңбек етіп келеміз.

– Астанадағы №1 қалалық ауруханада Check-up орта­лығы ашылғанын естігем, осы орталықтың қызметі жөнінде толығырақ білгім келеді.

– Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкерші­лігі қағидаты – міне, осылар денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» екенін атап көрсеткен болатын. Check-up – бұл организмді кешенді медициналық тексеру бағдарламасы. Оның негізгі мақсаты – түрлі аурулардың бірінші белгілерін ерте кезден анықтау және диагноз қою, аурулар қауіп-қатерінің факторларын күні бұрын анықтау, кез келген органдардың жағдайын және жүйесін сипаттайтын көрсеткіштер нормаларынан ауытқуын анықтау.

Әр бағдарлама арнайы меди­циналық сауалнаманың, әңгіменің және емделушіні тәжірибелі тера­певт-дәрігердің тексеруі негізінде жеке жасалады. Кез келген ем­делу­ші сауалнаманы өзі толтырады. Бағдарламаға сіз үшін қажетті тексерулер ғана енгізіледі. Біз қажетсіз, сізге көрсетілмеген немесе жүргізілген анализдер мен ем-шараларды жазып бермейміз. Тексерулерден өткен уақытта медицина қызметкері сізбен арнайы еріп жүреді.

– Check-up орталығының қызметтері ақылы ма?

– Иә, Check-up орталығының қызметтері ақылы.

– №1 қалалық ауруханада инсульт орталығы жұмыс істей ме?

– Иә, істейді. Бұл орталықтың мамандары инсульт болып ауырғаннан кейін организмнің функцияларын максималды қалпына келтіру және қайталанатын инсульттің алдын алу, мүгедектікті төмендету үшін өзін-өзі күтудің тұрмыстық дағдыларын қалпына келтірумен айналысады.

Инсульт орталығының негізгі бағыты – жіті ми қанайналымының бұзылыстарымен, яғни, инсультпен ауыратын емделушілерге жоғары мамандандырылған және маман-дандырылған медициналық көмек көрсету, жоғары технологиялы нейрохирургиялық операцияларды жасау.

№1 қалалық аурухананың инсульт орталығы ең жаңа технологияларды және инновациялық әдістерді қолданады. Мысалға, ише-миялық инсультті емдеу кезінде тромболитикалық терапияның тромболизис, эрготерапия әдістері қолданылады. Бұл емделушілердің тез айығуына ықпал етеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 15 =