«Ауруханадан аман шығатыныма сенбедім»

0 321

Өкпесі 91 пайыз зақымданған 52 жастағы Гүлнәр Құттыбаева – изолятордан толық емделіп шыққан науқастардың бірі. Ерейментаудан елордаға келіп емделген ол 20 күн бойы індетпен қалай күрескенін айтып берді.Аурудың алғашқы белгілері – қызу мен әлсіздік оның бойында 25 маусымда байқала бастады. Дерт туралы деректерге сүйене отырып, ол алдымен еш антибиотиксіз, қызуын тек парацетамолмен түсіруге тырысып, сұйықтық көп іше берген. Үш күннен кейін дене қызуы одан сайын көтеріле берген соң, учаскелік дәрігерге қаралуға тура келеді.
– Алайда дәрігер жазып берген система да нәтиже бермей, ем қонбады. 5 күннен кейін жағдайым одан сайын нашарлады, демікпе пайда болды. Қызу 39 градусқа дейін көтерілді. Өзім онсыз да 2015 жылдан бастап қолқа ауруы бойынша есепте тұрамын. Сосын жолдасым мені елордаға әкелді. Жедел жәрдем шақыртып едік, олар керекті дәрілерді салды. Бірақ КТ немесе рентгенге түспей, ауруханаға ешкімді жатқызбайтынын айтты. Келесі күні КТ-ға түстім. Жағдайым өте нашарлап барғандықтан, мені кезексіз кіргізді. Қорытынды шыққанда олар дереу жедел жәрдем шақыртқызды, себебі өкпем 91 пайыз зақымданған екен. Полисегментарлы пневмония, өкпе фиброзы, вирус­ты этиология деп жазып берді. Бірінші темір жол ауруханасына жолдады. Ол жерде барлық талдау сынамаларын алып, ПТР тест тапсыртқызды. Тест нәтижесі індет жұқтырғанымды растады. Басында ауруханаға келе жатқанда сатурациям 52 болса, сосын оттегі аппаратына қосып, оны 72-ге дейін жеткізді. Бір тәуліктен кейін мені қырқыншы станса жақтағы өкпе аурулары ауруханасының дәл осы коронавируспен емдейтін изоляторына жатқызды. Сол кездегі жағдайымның ауыр болғаны сонша, бұл жерден тірі шықпайтын шығармын деп ойладым, – дейді Гүлнәр.
Күн-түн демей қауіпті инфекциямен күресіп жүрген дәрігерлер басқа нау­қастармен бірдей Гүлнәр Құттыбаеваның да өмірі үшін барын салды. Ол екі апта жасанды оттегі аппаратымен дем алды. Аппаратты тек кешегі жексенбі алып тастапты. Өзінің айтуынша, емделіп жатқан кезде ресейлік дәрігерлер келіп емдеу тәсіліне сәл өзгеріс енгізіпті, яғни бір препаратты ауыстырған. Содан бірден қызуы түсіп, жағдайы жақсара бастаған.
– Міне, әуелі бір Алланың қолдауымен, сосын жолдасымның және ақ халатты абзал жандардың арқасында бетім бері қарап, ауруханадан шықтым. Мені тікелей емдеген дәрігер Дина Серікбайқызына ерекше алғыс білдіремін. Оларды адам өмірінің арашасысы деп бекер айтпайды, соған тағы да көзім жетті, – дейді ол. Үш баласымен аман-есен қауышқан Гүлнәр Құттыбаева құлан-таза айығып кеткен соң өзі қызмет ететін зауыттағы бухгалтерлік қызметіне қайта кіріспек. Осындай ауыр халде келген науқастардың індетпен күрестегі жеңістері басқа адамдардың күдік жеңген күндеріне үміт сыйлап, алдағы өміріне сенім ұялатады. Сол жеңісті күндерді жақындатып жүрген медицина қызметкерлерінің дертпен күрестегі жанкешті еңбегіне бас имесе болмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =