Халықаралық стандартқа сай болады

0 20

Кеше елордада қала әкімі Алтай Көлгіновтің жетекшілігімен инвестиция мәселелері бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Мақұлданған жобаларды жүзеге асыру 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жиында апатты жағдайдағы орталық теміржол ауруханасының мәселесін көтергені мәлім. Міне, әкімдіктегі кеңесте Президент тапсырған көпбейіндік 800 орындық аурухананың құрылысы жөніндегі жоба мақұлданды. Бұл жобаға Түркияның инвесторлары тартылған. Бастысы, аурухана салатын шетелдік компанияның мол тәжірибесі бар. Сондай-ақ кеңесте аурухана құрылысының биыл басталатыны жария етілді. Медициналық орталық халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтармен жарақталады.
Сонымен қатар кеңесте ағаштан жиһаз бөліктерін және бұйымдарын жасайтын цех, коммуналдық арнайы техника құрастыратын зауыт, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көтерме-бөлгіш орталықтары, зергерлік фабрика құрылысы бойынша инвестициялық жобалар да қаралды. А.Көлгінов ел басшылығының инвестиция тартуға ерекше көңіл бөліп отырғанын, сол себептен инвесторларға қолайлы жағдай туғызуға және инвестахуалды жақсартуға барлық күш-жігер жұмсалатынын мәлімдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды