©2020 Астана Ақшамы
АУРУҒА ҚАРСЫ ЕГІЛУ – ҚОРҒАНУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
2012-2013 жылдардың эпидемиологиялық маусымы басталғалы бері республиканың 10 пайыздан астам тұрғыны, яғни, 1 332 235 адам тұмауға қарсы егіліпті.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің қатысуымен өткен жиында халықтың вакцинаға деген сұранысы жыл сайын өсіп келе жатқаны айтылды.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, келесі жылдан бастап 4 типті вакциналау енгізіледі екен. Яғни, тағы бір В типіндегі штамм қосылады. «Оның ерекшелігі, мәселен, қазіргі таңда вакцина 1,5 см тері астына жіберілсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданысқа енгізген шприц арқылы дәрі тері астына небәрі 1,5 мм тереңдікке енгізіледі» дейді ол.
Ал, тері астына вакцина еккен кезде дендральды жасушаға жіберілген антиген тез тарап, иммунитетті жылдам күшейтеді екен.
Бұл 21 ғасырға сай дайындалған вакцина көрінеді.
Мамандар ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға төмендегенін айтады.
Өйткені, ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық көтерілуіне байланысты және науқастарға уақтылы медициналық көмек көрсету және ЖРВИ мен тұмауға күдікті науқастарды уақтылы анықтау және оқшаулау мақсатында медициналық ұйымдарда және білім беру ұйымдарында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүйелі жүргізіліп келеді.
Республиканың аумағында инфекциялық аурулардың, оның ішінде аса қауіпті аурулардың келуі мен таралуының алдын алу мақсатында шекаралық пункттерде 36 санитариялық-карантиндік пункт тәулік бойы жұмыс істеп келеді.
Медициналық ұйымдарда вирусқа қарсы негізгі препараттар мен құралдардың, қарқынды терапияға арналған жабдықтар мен құралдардың, дезинфекциялау құралдарының, жеке қорғаныш құралдарының қоры қамтамасыз етілген.
Науқастардың медициналық ұйымдарға келуін азайту және үйге шақыртуларда уақтылы баруды қамтамасыз ету үшін емханаларда қосымша телефондар мен автомобильдер бөлінді. Сондай-ақ, емханаларда науқастарды және медициналық пункттерде ұйымдасқан ұжымдарды қабылдау үшін сүзгі ұйымдастырылды, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдардың жұмыс кестесі ұзартылып отыр.
Шынар ДОСАН