«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аурудың алдын алу маңызды

0 14

Ағымдағы жылы МӘМС жүйесінде балаларды профилактика­лық тексеруге 39,7 млрд теңге қарас­тырылған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды ­Балалар жылы деп жариялады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Сүйікті бала» арнайы жобасының аясында балаларға медициналық көмекті қаржыландыру туралы ақпарат беруді жалғастыруда.

ОСМС

Аурулардың алдын алу үшін…

Қазіргі уақытта медицинада аурудың алдын алу маңызды. Елімізде балалардың денсаулығына ерекше назар аударылып, дені сау ұлт қалыптастыруға қажетті іс-шаралар жүзеге асырылады. Біріншіден, отбасын жоспарлау бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Екіншіден, жүкті әйелдердің перинаталды скринингі 3 рет жүргізіледі, бұл ұрық патологиясы мен ақауларын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, перзентханада жаңа туған нәрестеге неонаталдық скрининг жүргізіледі. Бұдан басқа, педиатриялық көмек көрсетуді ұйым­дастыру стандарттарына сәйкес, балалар аурушаңдығының, мүгедектігінің және өлім-жітімінің алдын алу, төмендету бойынша шаралар көзделген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлағандай, ағымдағы жылы МӘМС жүйесінде скринингтер мен профилактикалық тексерулер жүргізуге 39,7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде: аудиологиялық скринингке – 5,1 млрд теңге, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге – шамамен 11,7 млрд теңге, мектеп медицинасы шеңберінде профилактикалық тексеруге – 22,9 млрд теңгеден астам.

Естеріңізге саламыз, балалар жеңілдігі бар санатқа кіреді, сондықтан олар үшін 18 жасқа дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Осылайша барлық балалар автоматты түрде сақтандырылған және МӘМС жүйесінде қажетті медициналық көмекке құқылы.

Балаларға қандай тексерулер жүргізіледі?

Жаңа туған нәрестелерге, ерте жастағы және 6 жасқа дейінгі балаларға аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл – баланың есту қабілетінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік беретін жаппай стандартталған тексеру. Ол екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі бала өмірінің алғашқы үш күнінде тікелей перзентханада, екіншісі өз емханасындағы баланы дамыту кабинеттеріндегі белгілі бір жастағы балаларға жүргізіледі. Бұл жағдайда учаскелік медбике ата-аналармен байланысып, белгіленген мерзімде скринингтен өтуге шақырады.

Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда, мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу бойынша шаралар қабылданады. Егер құлақ мүкістігі немесе кереңдік қаупі туындаса, онда баланы одан әрі тереңдетіп тексеру үшін сурдологиялық кабинеттерге, сондай-ақ тексеру және түзете-дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық, медициналық, педагогикалық консультацияға жібереді.

Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының он сегіз жасқа толмаған оқушылары профилактикалық медициналық тексеруден өтеді. Емхана мамандары білім беру ұйымына барып, қарап-тексереді. Егер мектепке дейінгі жастағы бала балабақшаға бармаса, онда тіркелген емханада алдын ала тексеруден өтеді.

Профилактикалық қарап-тексеру дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған кезеңдерді қамтиды.

Дәрігерге дейінгі кезеңде дененің өсуі мен салмағын анықтайды, бас пен кеуде қуысының көлемін өлшейді (3 жасқа дейін), физикалық және психоәлеуметтік дамуын бағалайды, қан қысымын өлшейді (7 жастан бастап), көру және есту өткірлігін анықтайды, ЭКГ өткізеді, т. б.

Екінші кезеңде теріні және бас терісін, шырышты қабықтарды тексереді, қалқанша без аймағын тексеріп, пальпациялайды, кеуде, омыртқа, аяқ-қолды тексереді, тыныс алу, ас қорыту жүйелерін, т. б. тексеру жүргізіледі. Патологиялық өзгерістер анықталған жағдайда, баланы бейінді маманға қосымша тексеруге жібереді.

Мамандандырылған кезеңді бе­йінді мамандықтардың дәрігерлері жүргізеді.

Егер сізде медициналық көмектің сапасына және уақытылы көрсетілуіне байланысты сұрақтар туындаса, сіз емхананың пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне немесе өзіңізге ыңғайлы келесі байланыс арналары бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Goldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды