АУРУДАН АЙЫҒУДЫҢ ОҢ ЖОЛЫ

0 98

Біздегі дерек бойынша Астана қаласындағы АИТВ (ВИЧ) инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы былтырғы жылмен салыстырғанда біршама өскені байқалады. Мәселен, 2011 жылы 97 жағдай тіркелсе, ағымдағы жылы 99 жағдай тіркелді.

Күні бүгінге дейін жалпы саны 582 жағдай тіркелген. Мұндай жан­дардың басым көпшілігін, яғни, 40,4 пайызы инъекциялық есірткіні қолданатындар, соның ішінде бас бостандығынан айырылып жазасын өтеушілерде бар. Олардың 52,9 пайызы орынсыз жыныстық қатынасқа түсетіндер, 3,8 пайызы тәнін саудалайтын жандар екен.

Соңғы жылдары өкінішке орай, АИТВ-ның жыныстық қатынас арқылы берілу көрсеткіші артып барады.

Жас ерекшелігі бойынша дертке шалдыққандардың 82,9 пайы­зы 20-39 жас арасындағылар, яғни, нағыз еңбек жасындағы қылшылдаған жастар.

Астана қаласындағы «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» Халықаралық еңбек ұйымының және Жаhандық бәсекелестік индексінің көрсет­кішін жақсарту мақсатында Астана қаласындағы өндіріс орындарын­да, шағын және орта бизнес құры­лымдарында АИТВ жұқ­па­сының алдын алуға арналған оқу бағдарламасын енгізді. Аталған жұмыс орындарында ЖИТС орта­лығының мамандары түрлі семинарлар өткізіп тұрады.

2012 жылдың есебі бойынша жалпы саны 30471 адамды қамтыған 928 іс-шара өткізіліпті. Ал, өндіріс орындарымен бизнес құрылымдарының 716 қыз­мет­керіне 18 семинар өткізілді. Оған қоса Санитарлық-эпиде­мио­логиялық қадағалау депар­таментінің мамандарымен бірлесіп балалар әлемі, хауыз, сұлулық салоны, диско-клуб, мейрамхана, монша, сауда орталықтары қызметкерлері арасында 23 семинар қйымдастырылды.

ЖИТС орталығының тапсырысы бойынша дерттің алдын алуға арналған 2 бейнеролик жасалып бірнеше телеарналардан және қоғамдық көлікте, тұрғындар көп шоғырланатын орындарда, өндіріс ошақтарында орнатылған мониторлар арқылы 588 673 рет көрсетілді. Аурудан сақтандыру мақсатындағы мұндай насихат жұмыстарының жыл санап артып келе жатқаны құптарлық жағдай.

Е. МОМЫНБЕКОВ,
Астана қаласы ЖИТС орталығының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =