Ауру – астан…

0 2  237

Қазақ «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтпаса керек. Шындығында да, адам денсаулығының бас­ты кепілі – дұрыс тамақтану. Соңғы жылдары мамандар тарапынан көп талқыға түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініп жүрген басты экологиялық мәселелердің бірі – адамдардың дұрыс тамақтанбауы. 

Ас – өмірдің көзі екені рас. Таңдап, талғап жейтін дәрумендері ағзаға пайда әкелетін ас-судың жөні бөлек. Дегенмен, қазір ұй­қыға кеткенше ықылық атып тойып, ас ішетіндер жетіп артылады. Соның зар­дабы болар, тіпті, жасы отызға жетер-жетпесте қарын­дары шығып, демігіп қала­тын азаматтар мен келін­шек­тер көбейіп кетті. Бұл – жалғыз бізде емес, әлемнің біраз елде­рін­де қалыптасқан ахуал. Айталық, еуропа елдерін­де көпшілік жылдам дайын­­да­ла­тын «хот-дог», «гам­бур­герді» оқу орын­дары, мектептерде сатуға тыйым салды. Өйт­кені, жыл­дам ас жеу мен майлы тамақ­тан мектеп оқушыла­рының, жастардың арасын­да ша­ма­дан тыс сал­мақ қосып, семіздік ауруы­на шал­дық­қандар аз емес кө­рінеді. «Хот-дог» пен «гамбур­герлер», «твис­тер» не­­ме­се осы тақылет­тес дәм­­дер сататын орындар Аста­нада да жетіп артылады. Фаст-фудттарда иі­сін бұрқыратып, тез жасайтын дәмдердің құра­мын­да май, химиялық қоспа­­ларға қоса, түрлі дәм­­деуіш­­тер баршылық. Олар семіруге көп әсер етеді. Зерт­­теу­­шілердің ай­туы­на қара­ғанда, жер шары тұрғын­дарының 30-35 пайызы семіз­діктен зардап шегеді екен. Бұл – бір, екіншіден, қазір асқазан-ішек, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті сынды аурулар көбейді. Мұндай сырқат­тардың себебі, асты жөнсіз көп әрі асығыс ішіп-жегеннен дейді дәрігерлер. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының  дерек­тері  бойынша, аурулардың 80%-ы белгілі бір дәрежеде тамақтануға байланысты, ал дерттердің 40%-ы  тамақ­тану факторына тіке­лей байланысты. Сондай-ақ, чипсы, сағыз, чупа-чупс, шоколад сынды тәттілерді ең көп жейтіндер – балалар мен жастар. Олар­дың да құрамында денсау­лыққа зиянды заттар баршы­лық. Әсіресе, балалар құ­мар­­та­тын «Nesquik», «Snikers», «Orbit», «Coca-cola»-ның құра­мын­да химиялық қоспалар өте көп. Солай бола тұра біздің дүкен­дерде көп сатылады, ата-аналар да осыларды сатып алып береді. Нәти­жесі белгілі, атын естімеген сырқаттар белең алды. Бабаларымыз айтқан «Ауру – астан» деген осы. Сосын балалардың шамадан тыс шыдамсыздығы мен жүйкелерінің тез жұқаруын, оған қоса ұмытшақтығын күнделікті қолданып жүрген астан іздеңіз! Адам тәулігіне 5 рет тамақтануы тиіс, – дейді диетолог-дәрігерлер. Әр тамақтанғанда ас мөлшері 200 грамнан аспай, яғни, адам ас ішкенде тоя жемей, тек қарынның ашқаны басылғандай мөлшерде ғана тамақтануы тиіс. Әрі кешкі сағат 6-7-ден кейін мүлде ас ішпеу керек. Соны­мен қатар, көп қимыл­дап, әсіресе, жаяу жү­ріп, жүгіріп, бір сөзбен айт­қанда, күн сайын бойда­ғы энергияны сыртқа шыға­рып отырған жөн. Ерте­ден бастап ата-бабала­ры­мыз жылқы, қой, сиыр етін жеген, ақтан жасал­ған сүт, айран, құрт, май сияқ­ты өнім­дерді қолда­нып, төл сусынымыз шұбат пен қы­мызды ішкен. Бұл тағам­дардың пайда­сы жайлы айтпасақ та белгілі. Әйтпесе, бұрын-соңды суға дейін талғап ішетін текті халқымыздың мұндай белгісіз азықпен қоректенбегені бесенеден белгілі. Сондықтан, дұрыс тамақтана білейік!

Еркежан СӘТІМБЕК,
e.satimbek@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =