Ауқымды мәселелерді айқындады

0 57

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауының қазақ тілінде басылған нұсқасын бүгін толық оқып шықтым.
Өте ауқымды мәселелерді жан-жақты, егжей-тегжейлі қамтыған тарихи құжат деп бағалаймын. Бір-ақ түйінін айтайын. Жемқорлық!
«Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн» деді Президент өз Жолдауында.
Осы жерде мен «жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау» деген түйінге баса назар аударған жөн деп есептеймін.
Мысалы, атқарушы билік пен шағын кәсіпорын ашқысы келетін жеке тұлғалар арасындағы байланыс жү­йесі жемқорлыққа апарып соқтыратын етіліп жасалған. Шағыны болсын, ортасы болсын, ірісі болсын, кәсіпорын біткеннің бәрі – мемлекет бюджеті қайнар көзінің бір бұлағы. Қазіргі таңда кәсіп­орын ашқысы келетін жеке тұлға билікке кіріптар. Осы жерден барып жемқорлық гүлдейді.
Жоқ, атқарушы билік немесе халыққа қызмет өтеу орталықтары, аттары айтып тұрғандай, кәсіпорын ашқысы келетін жеке тұлғаларға мүдделі болуы тиіс. Заң осылай құрылғанда ғана кәсіпорын қаулап көбейеді, қарыштап дамиды. Жемқорлықтың тамырына балта шабылады.
Президент Жолдауын іске асыру үшін мәселенің осы түйініне баса көңіл бөліп қана қоймай, барлық салаға қатысты заңнамаларды осы бағытқа қарай өзгерту керек! Еліміз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекетке айналады. Президент Жолдауынан менің түйгенім – осы!

Ауыт МҰҚИБЕК,
ҚР Президенті
жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім
кеңесінің мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 8 =