©2020 Астана Ақшамы
АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Үкіметінің отырысында қаралған мәселелерді түсіндіруге арналған брифинг өтті.
Жиында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев қор нарығына «KEGOC» компаниясының акцияларын шығару мәселесі жөнінде әңгімеледі. Оның айтуынша,Үкімет отырысында «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыру мәселесі кеңінен талқыланған. Осыған байланысты ағымдағы жылы отандық қор нарығына «KEGOC» АҚ-ның акцияларын шығару жоспарлануда.
– Ол үшін Үкіметпен осы компания ұсынатын қызметтерге тариф белгілеу саясатын өзгерту бойынша жұмыс жүргізіледі. «KEGOC» компаниясы мемлекет үшін стратегиялық объект болғандықтан, оған мемлекеттің бақылауын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жуырда «Халықтық IPO» бағдарламасында қатысу тәртібі мен шарттары бойынша түсіндіру жұмыстары, былайша айтқанда «road-show» қайтадан басталатын болады, – дейді ол.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру туралы Мәдениет министрі мен Білім және ғылым министрі мәлімдеді. Белгілі болғандай, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Мәдениет министрлігі Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасын бекітпек. Жобада Достық үйлерін бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің орталығына айналдыру қарастырылған. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы тапсырмасына сәйкес Астана қаласы мен Атырау, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарында мамандандырылған Достық үйлері салынатынын жеткізді.
Ал, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша баяндама жасады. Елбасы өзінің Жолдауында жастарға жағдай жасау, студенттерге демалыс маусымында тұрғын үй құрылысы жасақтарында жұмыс берудің, елді көгалдандырудың «Жасыл ел» бағдарламасын өрістетіп, оған жастарды қатыстыру мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон саласы мәселелерін, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығын қаржыландыру кешені мәселелерін көтерді. Қысқа мазмұндағы баяндамалардан кейін журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ