АУМАҚТАРДЫ АБАТТАНДЫРУ АЙРЫҚША МАҢЫЗҒА ИЕ

0 186

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор:

Астанадағы №6 сайлау округі – қаладағы ең ірі округ. Осы жерден сайланған мәслихат депутаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор­ Ақылбек Күрішбаевты әңгімеге тартқан едік. 

– Округіңізде жалпы саны 14 мыңға жуық тұрғын бар екенін ескерсек, жұмыс аясы ауқымды көрінеді. Сіздің ойыңызша, өзіңіз депутат болып сайланған аймақтағы негізгі мәселе не?

– Әрине, №23, №24, №26, №44, №156, №184 сайлау учаскесі кіре­тін­ аумақтың тұрғындары өз талап-тілектерін, өтініш-уәждерін айтып келіп жатады. Әсіресе, әр айдың бірінші және үшінші жұма­сын­да өтетін қоғамдық қабыл­дау күнде­рім­де кездесушілер легі толас­та­ған емес. Осы уақытқа дейін 50-ден астам астаналық өздерін толғантқан сан алуан өзекті мәсе­ле­­лер бой­ынша қабылдауымда болды. Есеп беру мерзімі ішінде қоғам­дық қабылдауға түрлі мазмұн бой­ын­ша 67 өтініш келіп түсті. Өтініш­тер­дің 26-сы жазбаша түрде, 41-і ауызша болды. Олардың ара­сын­да балабақша мәселесі және мектепке дейінгі балаларға білім беру орындарынан орын бөлу, тұрғын үй-коммуналдық қызмет­тер­ге байланысты мәселелер, тұрғын үймен қамтуға, жер учас­ке­­ле­рін бөлуге, жұмыс табуға, аза­мат­тар­дың еңбек және басқа да құқықтарының бұзылуына қатыс­ты,­ сондай-ақ қоғамдық көлік жұмыс­тары жөнінде өзекті де өткір мәселе көп болды. Әрине, әр арыз-шағымның артында адам тағ­дыры, қоғамдық ауқымды проб­ле­ма тұр. Сондықтан, аталған талап-тілек­тер­дің мазмұнына сай 44 өті­ніш бойынша тиісті мемлекеттік органдарға және басқа да уәкілетті орындарға депутаттық сауал жолдадым. Соның ішінде 31 сұраққа жауап алынып, 28-і өзінің оң шешімін тапты. Бұдан басқа, 74 өтініш бойын­ша тұрғылықты жер­ге­ барып, ол мәселе көшпелі комис­сия­да қарастырылды.

Тұрғылықты халықпен жұмыс барысында аумақтағы белсен­ді­лер­мен және пәтер иелері коп­пера­тив­терімен бірлесе жұмыс жасадым. Мәселен, өткен 2012 жылдың жаз айында 13 көшпелі кездесу ұйымдастырылды. Мұндай жүздесулер барысында 46 мәселе қаралып, аталған сұрақтар бойын­ша 4 сайлау учаскесінде (№23, №24, №26 және №44) қайта кез­де­су­лер өткізілді. Нәтижесі жаман­ емес. Кездесу барысында анық­­тал­­ғандай, сайлау учаскесі аумағында 7 үй апаттық жағдайда тұрғаны анықталды. Сонымен қатар, аталған аумақтағы балалар алаң­қай­ла­ры абаттандыруды қажет етеді екен.

– Жалпы, депутат ретінде сайлау­шылармен кездесу бары­сын­да көрсетілетін қызмет түр­ле­рі­не қатысты шағымдар көп болды ма?

– Бес саусақ бірдей емес. Қызмет көрсету саласында «Астанаға – астаналық сервис» деген қағида ұмытылып қалып жататыны өкі­ніш­ті. Сайлаушылармен кездесу бары­сында бұған талай мәрте көз жеткіз­дім. Мұндай шағымдардың дені пәтер иелері копперативтері төраға­ла­ры­на және полиция қызмет­кер­ле­ріне байланысты болады. Оның ішінде, №24 және №44 сайлау учаскесіндегілер жатақхана бөлме­ле­рін жекешелендіруге байланысты шағым айтса, №44, №184 сайлау учаскесіндегі тұрғын­дар тұрғы­лық­ты баспанасы жоқтар­дың проблемасы туралы жиі шағым­да­нады. Әрине, аталмыш мәсе­ле­­лер­дің­ оңтайлы шешілуін жіті назарымда ұстап келемін.

Үстіміздегі жылы №6 сайлау учаскесі тұрғындарымен болған көш­пе­лі кездесу барысында жалпы саны 26 өтініш түсті. Олар­дың қатарында Бейбітшілік көше­сін­дегі №75, №77 үйлердің жылу жүйе­сін­дегі түйткілдер, балалар ойнайтын алаңқайларды абат­тан­ды­ру қажеттігі және көше­лер­ді жарық­тан­ды­ру­дағы олқылықтар сөз болды. Сондай-ақ, Ә.Молдағұлова көшесіндегі №19, №21 мекенжайын­да­ орналасқан «Нұрмұхан» ПИК төрағасының жұмысына көңілі толмаған тұрғындардың арыз­да­ры тыңдалды, кәріз жүйе­сі­нің толық жұмыс істемей тұр­ғаны анықталды. Ал, Потанин көше­сін­дегі №10 үйдің тұрғындары шаты­рынан сорғалаған судан зар­дап шегіп отыр. Пайдалануға жарамсыз, ескірген үйлердің тұрғын­да­ры арнайы комиссия құруды өтінді. Мұндай тозған үйлер қата­ры­на Потанин көшесіндегі №12/1 үй («Вектор» ПИК), Құтпанов көшесіндегі №18 үй («Арай» ПИК) мен Либкнехт көше­сін­дегі №2 және №4 үйлерді («Қыпшақ» ПИӨ) жатқызуға болады. Алғашқыларының бойлері үнемі жарылса, кейінгілерінің жер­төлесін­дегі едендер бұзы­лып,­ көше тазалаушыларға қиын­дық туғызған. Көктеммен бірге келген табиғаттың тағы бір қолай­сыз­ды­ғын Құтпанов көше­сін­де­гі №19 үйдің тұрғындары да көріп отыр. Есік­тері­нің алдын су шайып кеткен тұрғындар ПИК жұмы­сы­на қана­ғат­танбауда. «Новое время» ПИК-іне қарасты І.Есен­бер­лин көшесіндегі №19, 23 үйлердің аулаларын абаттандыру туралы Астана қала­лық әкімдігіне ұсыныс хат жол­да­ған едім, бір шешімін табар деген үміттемін. Ы.Алтынсарин көшесі, №6/2 үйді тұруға жарамсыз деп санайтын уақыт жетті дер едім.

– Депутат ретінде қай салаға қосымша қаржы бөлінуге тиіс деп есептейсіз?
– Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Астана қаласы аудан­дарын­дағы жолдарды жөндеу және аумақтарды абаттандыру­ мәсе­ле­лерін депутаттардың ұсынысы бойынша қосымша қаржы арқылы шешу қарастырылды. Қазіргі таңда №6 сайлау округі бойынша аумақты абаттандыру және жолдарды жөндеуге қанша қаражат қажеттігі туралы депутаттық сауалнама жолданды.

– Өзіңіз басқаратын Қазақ агро­тех­никалық университеті сіз депутат болып сайланған аймаққа жатады. Олай болса, университеттегі он мыңнан астам студент үшін қандай да бір әлеуметтік шаралар легі ұйымдастырылған ба?

– Біз студенттерге әлеуметтік қол­дау жасауға міндеттіміз. Осы мақсатта университетте арнайы жоспар құрылып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, жыл­ басында университет жанынан ашылған «Студенттік емхана» өз жұмысын бастады. Білімгерлерге сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетудің тиімділігіне қол жеткізу мақсатында ашылған емха­нада медициналық бақылаудан өтуге және емделуге барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда емханада 3 дәрігер-терапевт, 6 медбике, кардиолог, невропатолог және психолог қызмет көрсетеді. Университеттің дәріханасын аштық. Сонымен қатар, Астанадағы ЖОО арасын­да алғашқы болып, «Студент» әлеу­мет­тік дүкенін аштық. Дүкендегі тауар бағасы нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен. 9 қабатты 592 орынға арналған студенттер жатақ­ха­на­сының құрылысы да басталу алдында тұр.

2013 жылғы 1 ақпанда универ­си­тет­тің профессорлық-оқыту­шы­лық құрамына университет кітапханасының жаңа автомат­тан­дырыл­ған құрылғылары таныстырылып, кітапхана жұмысы үдерісін автоматтандыру үшін жаңа RFID-жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе арқылы кітапханашының көме­­гін­­сіз оқырмандар автомат­ты түрде қажетті кітаптарды таңдап, өз биле­тіне тіркеу арқылы оқулық­­­тар­­ды­ алуына мүмкіндік туды. Сонымен қатар, оқу залы­на­ «ЭларСкан» жаңа үлгідегі сканер аппараты алын­ды, енді оқыр­ман­да­ры­мыздың сұра­ны­сын жоғары деңгейде қанағат­тан­ды­ру­ға қол жетіп отыр. Қол жеткізген әлеуметтік жеңілдіктеріміздің бірі – тұл жетім студенттерімізге универ­си­тет­тің «Түлектер клубы»­ тара­пы­нан арнайы стипендия тағайын­дал­ды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − five =