Аулаларды абаттандыруға тұрғындар тартылады

0 46

Биыл елордада 760 мың шаршы метр аумақ абаттандырылды. Бұл – 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік. Келесі жылы да аумақтарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасатын болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз Instagram парақшасында жазды.

«Аулаларды, скверлер мен бульварларды жобалауға тұрғындардың қатысуы аса маңызды. Өйткені олар аулада не орнату керектігін, аумақты қандай аймақтарға бөлу керектігін жақсы біледі. Биыл 760 мың шаршы метр абаттандырылды. Бұл – 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік. Қаланың оң жағалауына, сонымен бірге бұрын бос, иесіз жатқан не батпақты жерлерге баса назар аударылды. Осылайша қала картасында жаңа тартылыс нүктелері пайда болды. Келесі жылы да аумақтарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастырамыз.
Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездестім («Sun City» ТК, Ғабдуллин к-сі, 11). Қала тұрғындары аулаларын абаттандыруға қатысты идеяларын ұсынды. Көктемге дейін тұрғындардың пікірін ескере отырып, жоба дайындап, көктемде абаттандыруға кірісеміз.
Қыркүйек айында осы үйде «Нұрлы жер 2020-2025» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кешенін дамыту бағдарламасы бойынша лифтілер ауыстырылды. Бір кіреберісте тұрғын үй кешені пайдалануға берілген сәттен бастап, яғни 2009 жылдан бері лифтілер жұмыс істемеді, ал басқалары апаттық жағдайда болды. Адамдар бірнеше рет лифттерде қалып қойып, көмек шақыруға мәжбүр болды. Бірінші кезеңде 100-ден астам лифтіні жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қазір олардың жартысы жаңартылды.
Аулаларды жобалауға тұрғындарды тартуға бізге Сарыарқа ауданында пилоттық режимде іске қосылған «Бюджетке қатысу» бағдарламасы да көмектесті. Бұл жоба қаланың басқа аудандарында да қолданылып келеді. Осы бағдарлама бойынша тұрғындар аудан әкімдіктеріне өтінім бере алады» деп жазды Алтай Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =