Аулалар абаттандырылады

0 38

Биыл елордада аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, ішкі орамдық жолдарды жөндеу мен жарықтандыру жұмыстарына айрықша мән берілуде. Қазір қала аумағындағы 1560 ауланың 70 пайызы абаттандырылды. Бұл жұмыстар қаланың барлық аудандары бойынша қарқынды жүріп жатыр.

Бұл ретте аула аумақтарын, ойын алаңдарын жасау азаматтардың пікірлерін ескере отырып жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Ол үшін биыл барлық бағыттарда «Бюджетке қатысу» бағдарламасы іске қосылды. Яғни, қай ауланы абаттандыру керек және балалар алаңында нені көргісі келетінін тұрғындардың өздері шешеді.
Мәселен, Сарыарқа ауданында жөндеу жоспарланған 40 ауланың 13-і «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша жүзеге асуда. Есіл ауданында да биыл 5 қоғамдық кеңістік абаттандырылуда. Ал Байқоңыр ауданында 20 ауланы абаттандыру бойынша жұмыстар аяқталды.
Мамандардың айтуынша, аула аумақтарын абаттандыруда барлық заманауи стандарттар ескерілген. Қолданылатын материалдар сертификатталған. Спорт алаңдарында қауіпсіз резеңке төсемдер, жаттығу кешендері орнатылды. Сондай-ақ аумағы бойынша сәйкес келетін аулалардың барлығына футбол, волейбол және баскетбол алаңдары салынуда. Ал шағын сәулеттік нысандарды орнатқан кезде жарақат алу жағдайын болдырмас үшін жеке қауіпсіздік аймағы ескеріледі.
Жалпы биыл 150 аула мен 50-ге жуық қоғамдық орын абаттандырылады. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданында – 40, Алматы ауданында – 33, Байқоңыр ауданында – 70, Есіл ауданында 20 аула абаттандырылып, тұрғындар игілігіне беріледі.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − eleven =