АУЛАДА МӘРЕ-СӘРЕ МЕРЕКЕ

0 148

Елорда мерейтойы қарсаңында қаламызда «Аула күні» акциясы жүруде. Оған дайындық сәуір айынан басталып, Астананың барлық аудандары шекараларындағы аумақтарды абаттандыруды қолға алды.

Атап айтсақ, аулалар ішіне асфальт төселуде, жарық бағаналары, балалардың ойын, спорт алаңдары, орындықтар, декоративті қоршаулар орнатылуда. Ал жалпы алғанда Астана бойынша 300 аула жөнделіп, жаңарған, жасанған кейіпке енбек. Қазір де жөнделген аулаларда сөзіміздің басында келтірген атаумен мерекелік шаралар өткізілуде.

Сарыарқа ауданында 90 ауланы абаттандыру жоспарланған. Соның бірі Жеңіс даңғылы, 55 мекен-жайында орналасқан. Бұл ауладағы жұмыстар толығымен аяқталып, 2 шілде күні әкімдік аула тұрғындары үшін мереке ұйымдастырды. Оған жаңбырлы күнге қарамастан қарттар, орта жастағы адамдар, балалар жиналып мәре-сәре болды. Аулаға мерекелік автокеруен келіп, концерт, спорттық шараларды өткізді. Астана қаласының Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры мен Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен шара аясында Қазақстанның жас эстрада жұлдыздары, «Студент көктемі – 2013» фестивалінің жеңімпаздары қатысуымен концерт өтті. Ауланың байырғы тұрғындарына, көп балалы отбасыларына, алтын той иелеріне сый-құрмет көрсетілді.

Алматы ауданында абаттандырылатын 106 аула бар. Сондағы Мағжан Жұмабаев көшесінде де «Аула күні» мерекесінің аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, футболдан, шахматтан, дойбыдан, армрестлинг пен арқан тартудан жарыстар өтті.

Есіл ауданына келсек, мұнда 15 спорттық және 26 балалар алаңы орнатылады. Мұнда 29 маусым күні жоғарыда айтылғандай мереке өтті.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =