«Аула күні» қуаныштар акциясы

0 116

Биыл Астана қаласында жүздеген аула жөнделіп, тұрғындардың көз қуанышына айналды. Асфальт төселіп, жарық бағаналары, балаларға арналған ойын, спорт алаңдары орнатылды. Жөнделген аулаларда енді аптасына бірнеше рет «Аула күні» акциясы аясында ұлан-асыр думан өткізілуде. Оны Сарыарқа, Алматы, Есіл аудандарының әкімдігі Астана қаласы Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорымен бірігіп атқаруда. Кеше осындай мерекелік шара Алматы ауданында өтті.


Бұл жолы Петров көшесі 32 -үйде орналасқан аулаға мерекелік автокеруен келді. Маржан Арапбаева, Бауыржан Исаев, Дос секілді қазақстандық эстрада жұлдыздары, «Bestseller», «Гүлдер-ай» би топтары, жас әншілер Мәдина Жақып, Елдар Омаров, Дәстүр Асылхан, «Z» триосы жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді.

Аула тұрғындары арасында көңілді мәре, арқан тартыс, шағын футбол ойындары өткізіліп, салауатты өмір салты насихатталды.

«Мен сені сүйем, Астана!» атты флешмоб ұйымдастырылып, белсенді жастар аула тұрғындарын балет, хип-хоп және басқа да сәнге айналған билерге тартты. Шараны тамашалаған жұртқа тосынсыйлар жасалды. Ал, немқұрайдылық танытпай, өнерпаздармен бірге ойнап-күлген ең белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтармен бірге мадақтамалар табыс етілді.

«Аула күні» акциясы осымен тәмамдалғанына қарамастан, бүгін дәл осындай мереке Мирзоян көшесіндегі 4-үйдің ауласында өтеді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =