©2020 Астана Ақшамы
Аула клубтары – тәрбие мектебі
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналатынын айта келе, «бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керектігін», дене шынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.
Президенттің Жолдауын насихаттау мақсатында «Есіл» аула клубында бас қосқан Астана қаласындағы аула клубтарының жетекшілері мен тәрбиеленушілері Елбасы тапсырған аула нысандарының елордадағы ахуалы төңірегінде әңгіме өрбітті.
Жиында сөз алған Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Талғат Рахманберді елорданың 3 ауданында 12 аула клубы жұмыс істейтінін алға тартты. Ол жұртшылық алдына Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының мәліметін келтіріп, аула клубтарында 6-дан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер тіркелгенін, соның ішінде тұрмысы төмен отбасылардың балалары баршылық екендігін атап өтті.
– Аула клубтарында балалардың қызығушылығына, қарым-қабілетіне байланысты үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Мұндағы жеткіншектер аудандық және қалалық деңгейдегі мәдени-рухани және спорттық шараларға белсене атсалысады. Клубтардың ең үздік топтары республикалық жарыстарға жіберіледі. Жалпы, аула клубтары жасөспірімдердің бос уақытын тиімді үйлестіруге, оларды саламатты өмір салтына баулуға, шығармашылығын дамытуға ықпал етіп отыр, – дейді Талғат Абайұлы.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, басқарма басшылығы жастар мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді шешуге белсене кіріскен сыңайлы. Елордалық жас тұрғындарға тегін қызмет көрсететін бірден-бір басқарма биыл жаңадан 3 аулалық клуб ашуды жоспарлап отыр. Ал аула клубтарын тағылымды тәрбие ошағына айналдыру жайын қаузаған бас қосуда «Замандас» атты тағы бір аулалық клубтың тұсауы кесілді.
Жиында аула клубтары жетекшілері мен тәрбиеленушілері де сөз сөйлеп, өздері басқарып отырған ұйымдардың тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғады.
Қымбат НҰРҒАЛИ