Аула абаттанса, бала қуанады

0 7

Нұр-Сұлтанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында аулаларды абаттандыру белсенді жүруде. Биыл шамамен 150 аула абаттандырылып, қаланың барлық ауданы қамтылады.Қала әкімі Алтай Көлгінов ­А.Бараев көшесіндегі 10/1, 10/2, 10/4, 10/5, 10/6 үйлердің ауласындағы жұмыс барысымен танысып, тұрғындармен әңгімелесті. «Балалар ойнайтын жер болмап еді. Біздің ауламызда жаңа балалар алаңы салынатынына қуаныштымыз. Жастардың жаттығатын жері жоқ-ты. Енді спорттық құралдар орнатылатын болды. Тіпті бөлек көлік тұрағы да салынады. Демек, қауіпсіз болады» деді «Жастар» шағын ауданының тұрғындары.
Алаңдар бірнеше аймаққа бөлінеді: балалардың ойын алаңы, жаттығу, спорт және демалыс алаңы. Бұған қоса, скейт-парк пен көлік тұрағын салу жоспарланған. Шағын сәулет формалары орнатылады. 150 аула мен аулалық аумақты абаттандыру биыл 250 көппәтерлік тұрғын үй кешенін қамтиды. Сонымен бірге Нұр-Сұлтанда 50-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұған қоса, елордада жол жөндеу басталды. Биыл ұзындығы 100 шақырым болатын 150 көше жөнделеді.
Елорда әкімі «Өндіріс» тұрғын алабындағы жол жұмыстарының барысымен де танысты. «Бізде бұған дейін асфальт болмады. Бүгін салып бастады, қазір аяқтауға жақын. Біз өте қуаныштымыз. Немерелеріміз велосипед теуіп, серуендей алатын болды» деді қала тұрғындары әкімге алғысын білдіріп.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аталған бағыты бойынша 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жалпы, ел билігі бекіткен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша қалада жаңа 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 15 =