АУКЦИОН ҚАРАЖАТЫМЕН АҚ ҚАН АУРУЫН ЕМДЕМЕК

0 142

ERA_2008

«Бірлік» саяси партиясының ұйымдастыруымен «Қайырымды көктен күтпе, бірлігі мол көптен күт» атты қайырымдылық аукционы өтті. «Көрме» залында өткен шараға астаналық кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар қатысты.

Саяси партияның бастамасымен былтыр «Тәуелсіздік танытқан таланттар» атты көркемөнер жұмыстарының республи­калық байқауы өткені есімізде. Осы шы­ғар­машылық бәйгенің жалғасындай болған қайырымдылық аукционында байқау жеңімпаздары мен белгілі қылқалам шеберлерінің жүзден аса картинасы көпшілік назарына ұсынылды. Ал картиналарды сатудан түскен қаражат ақ қан дертіне шалдыққан балаларды емдеу орталықтарына берілмек.

«Елімізде жылына орта есеппен қатерлі қан ауруы бар 2500 балаға ем жүргізіледі. Оның ішінде онкологиялық және гематологиялық ауруы анықталған 600-ге тарта бала бар» дейді дәрігерлер. Қазақстанда жылына 140 ақ қан ауруы анықталатын көрінеді. Әлемдік статистика қатерлі ісік ауруларының қатарында осы сырқат бірінші орында екенін айтады.

Қайырымдылық шарасының ашылу салтанатында «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали сөз сөйледі. «Жақындарымызға деген көмек пен қайырымдылықтың болашақ үшін маңызы зор екенін ұмытпағанымыз жөн. Дамыған елдерде ақ қанмен ауыратындардың шамамен сексен пайызы қайырымдылық шараларынан түскен қаражатпен емделеді. Сондықтан барлық отандастарымды осы істен қалыс қалмауға шақырамын» деді С.Сұлтанғали.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =