Ауғандағы жағдай аймақ елдерін алаңдатады

0 73

Ауған еліндегі аумалы-төкпелі жағдай әлем назарын тағы да өзіне аударды. АҚШ бастаған НАТО күштері әскерін шегіндіре бастасымен Ауған билігіне қарсы шабуылға өткен талибандар қазір ел аумағының көп бөлігін өз бақылауына алып, Үкімет әскерін күн сайын тықсырып барады. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, елдің тыныштығын сақтайды деген Үкімет әскерлері тәліптердің тегеурініне шыдас бере алмай, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне дейін қашып өтті. Бас сауғалап Түркіменстанның шекарасына келіп тірелген ауған әскері де аз емес. Осыдан кейін Ауған елін әлекке салған тәліптер енді бізге ойран сала ма деп Орталық Азия елдерінің ұйқысы қашса, Ауғанстанмен іргелес жатқан Шыңжаңның шырқын бұза ма деп Қытай да қауіптене бастады. Ендеше, біз бүгін радикалды исламдық идеология ұстанатын тәліптердің ауған билігін қайта қолға алуы Орталық Азияға, Ресейге және Қытайға қандай қауіп тондыруы мүмкін? Бұған әлемдік қауымдастықтың көзқарасы қандай? деген тақырыпты таратып көрейік.

Тәліптер билікті ала ма?

АҚШ бастаған НАТО күштері Ауғанстанға кіргеннен бастап ырықсыз күйге түскен тәліптер араға 20 жыл салып қайта бас көтереді деп ешкім де ойламаған еді. Бірақ АҚШ әскері аттанбай жатып атойлап шабуылға өткен тәліптердің тебіні тентек. Қазір Кабул мен АҚШ әскері орналасқан аумақтардан басқа өңірлердің көбін тәліптер басып алды. 8 шілде күні «Ауғанстан өз болашағын өздері құру керек» деп мәлімдеген АҚШ президенті Джо Байден АҚШ жасақтарының 31 тамызда Ауғанстаннан толық шығып болатынын мәлімдеді. Демек, АҚШ әскері кете салып, тәліптердің ауған билігін аударып тастау мүмкіндігі өте күшті болып тұр. Билігіне қатер төнген Ауғанстан Үкіметі барлық жақтас елдерден, әсіресе, Қытай, Үндістан және Ресейден лаңкестікке қарсы күресте көмек сұрады. Алайда, қазірге дейін бірде-бір ел ауған Үкіметіне көмектесетінін ашық айтқан жоқ. Керісінше, Қытай да, Ресей де тәліптермен тіл табысуға тырысып жатқан сыңайлы.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі талибан қозғалысын 2003 жылы террорлық ұйым деп жариялаған. Ресей де сол жылы бұл ұйымды шешен содырларын қолдағаны үшін террористік топ деп таныса, Қытай «Шығыс Түркістан күштерін» қатарына тартқаны үшін тәліптерді террористтер тізіміне енгізген еді. Бірақ соған қарамастан 8 шілдеде талибан делегациясы Мәскеуге барып, Ресей Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездескен. Кездесу кезінде тәліптер Ресей мен Орталық Азия елдеріне қауіп төндірмеуге, Ауғанстандағы шетелдік елшіліктер мен консулдықтарға тиіспеуге уәде берген. Әрине, бұған бола Ресейді террористерді қолдады деп кінәлауға келмейді. Тәліптерді құртып жіберемін деп тыс тырнағымен қаруланып келген АҚШ-та ақыр аяғында олармен келіссөз өткізуге мәжбүр болды. Демек, Біріккен Ұлттар Ұйымның қаулысы өзгермегенімен, тәліптердің күш алуына байланысты әлем елдері өз мүддесі үшін оларға деген ұстанымын өзгерте бастаған сыңайлы.

Халық күйзеле бастады

Америкалық әскерилер де «ауған қарулы күштері тым әлсіз, Кабулдағы билік тәліптерге төтеп бере алмайды» деп отыр. Демек, тәліптердің билікті қайта алатыны анық. Алайда, АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерінің генералы Миллердің «Ауғанстан жаңа азаматтық соғыстың табалдырығында тұр» деп мәлімдегеніндей, онда азаматтық соғыс басталу қауіпі де жоқ емес. Себебі радикалды идеология ұстанатын тәліптер билік тізгінін ұстаса, елде зорлық-зомбылық көбейіп, әйелдер мен балалардың құқығы аяққа тапталуы мүмкін. Сосын да шығар, қазір АҚШ асырап, жат жарылқамайтынын түсінген қарапайым халықтың арасынан қолына қару алып, тәліптерге қарсы шыққандардың қатары молайған. Әсіресе, ауған әйелдерінде тәліптер хиджап кигізіп, оқу оқуға тыйым салып, «Бар өмірімізді қор ете ме» деген үрей басым.
Дегенмен, қит етсе, «Аллаһуакпарын» айтып аттандап шыға келетін тәліптердің ұстанымы да бұрынғыдан аздап өзгерген сыңайлы. Олар сыртқы әлемнің өздерінен не күтетінін әбден біледі. Ауғандағы билікті қолға алғанымен, халықаралық қауымдастық жағынан мойындалмаса, елдік пен биліктің күні қараң екенін олар да бұл күнде жақсы түсінген. Сондықтан да олар пандемия асқынғалы халыққа тегін дәрі-дәрмек таратып, көмек қолын созып, өздерін жақсы жағынан көрсетуге тырысып жатыр. Сонымен қатар, тәліптер «Билікке келсек көрші елдермен достық қарым-қатынас орнатамыз. Елде адам құқығына құрмет етеміз. Хиджапты дұрыс кисе қыздарға күйеуді таңдауға, білім алуға, бизнес ашуға, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жұмыс істеуге мүмкіндік береміз» деп отыр. Бірақ оған қазір ешкім де сенбейді, себебі 20 жылда тәліптердің ұстанымы өзгерді ме, жоқ билікке келгенше алдаусырату ма деген мәселенің аражігін ажырату қиын. Десе де барлығын шариғат бойынша жасайтын тәліптердің өз заңдарын аяқ астынан өзгерте салуы екіталай.

Тәжіктер тығырыққа тірелді

АҚШ-та тәліптердің тегеуірінді шабуылына алаңдайды. Мың жерден келісім жасасқанымен, билік тізгінін қолға алғаннан АҚШ-тың Кабулдағы елшілігін жермен жексен ете ме деп қауіптенген Байден билігі елшілігін қорғауға біраз жауынгерін қалдырды. Сонымен қатар, тәліптердің АҚШ әскеріне көмек көрсеткен ауған азаматтарынан кек алуының алдын алу үшін Вашингтон 9 мың азаматты Ауғанстаннан әкетудің түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан елдерінен де америкалық әскерилерге көмектескен осы 9 мың адамды уақытша орналастыруды да өтінді. Алайда, Байден түгіл бас қайғының кейпін киіп, өз елінің амандығына алаңдап отырған Орталық Азия елдері басшылары да «Ертең билік басына келетін» тәліптердің кәріне жолығудан қорқып, әзірге жұмған ауызын ашпай отыр. Тек Тәжікстан ғана бас сауғалап келген ауған әскерінің жағдай оңалғанша Тәжікстанда қалуына рұқсат етіп, көрші қақысын көрсетіп жатыр.
Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы шекара сызығының жалпы ұзындығы 1400 шақырымнан асады. Тәліптер қазірдің өзінде мұның 1000 шақырымға жуығын бақылауға алып үлгерген. Алда-жалда тәліптер шекарадан өтер болса, тәжіктердің төтеп беруі қиын, оның үстіне, таулы өңір болғандықтан қорғанысқа да қолайсыз.
5 шілде күні Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон тәжік Қорғаныс ми­нистріне тәжік-ауған шекарасын нығайту үшін резервтегі 20 мың жауынгерді жұмылдыруды тапсырды. Сонымен қатар, жағдайдың күрт ушығуына байланысты Тәжікстан Ауғанстанмен шекарасын қорғау Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады. Бұл ұйымға Ресей, Қазақстан және басқа да бұрынғы кеңес елдері кіреді. Ресей Сыртқы істер министрлігі қажет болса Тәжікстан шекарасын қорғауға көмектесетін мәлімдеді. Соңғы кездері Тәжікстанмен жерге таласып, қырғи қабақ болып отырған Қырғызстан да «тәжік еліне қауып төнсе, көмектесуге дайын екенін» ашық аңғартты. Ал Қазақстан Қорғаныс министрлігі Ауғанстанда ушығып тұрған ахуалға байланысты «Кез-келген жағдайға әзірміз, керек болса тәжіктерге көмектесеміз» деп мәлімдеме жасады.

Орталық Азияға тұрақсыздық әкеле ме?

АҚШ-пен 20 жыл айқасса да алдырмаған тәліптердің қазір қаншалықты қуатты екенін мөлшерлеу қиын. Қанша жасағы барын да ешкім білмейді. Тәліптер қатарындағы «Ислам мемлекеті» террорис­терінің саны қанша, олардың қатарында Қытайдың уайымына айналған «Шығыс Түркістан ұйымның» қанша жауынгері бар, өзбек, тәжік билігімен жауласып отырған өзбек, тәжік азаматтарының саны қанша сынды сауалдардың басы ашық күйде қалған. Қару-жарақты қайдан алып жатқаны да түсініксіз. Сондықтан Ауғанстанның ішіндегі басқа күштер жайлы, олардың сыртқы әлемге, Орталық Азияға және Ресейге қандай қауіп төндіретінін дөп басып айту қиын. Қазірше, тәліптер «Орталық Азиядағы көрші елдерге соқтықпаймыз» деп уәде бергенімен, олардың қатарында соғысып жүрген өзбек және тәжік билігіне қарсы күштер де аз емес. Кезінде даИш содырларының сапында болған Орталық Азияның басқа елдерінен барған азаматтар да бар болуы мүмкін. Демек, тәліптер билікті алса, Орталық Азияның іргесі тыныш бола қоймайтын секілді. Ресейдің де Орталық Азиядағы елдерді тәліптерден қорғауды сылтау етіп, осы өңірдегі әлсірей бастаған ықпалын қайта арттыруға тырысатыны сөзсіз. Онан да маңыздысы, Орталық Азияның тұрақтылығына бірінші кезекте Ауғанстанның солтүстігіндегі босқындардың келуі болмақ. Босқындар Орталық Азиядан өтіп Ресейге де ағылуы мүмкін. Ташкент бұған дайындықты бастап кеткендей. Өзбек билігі Термез маңында босқындарды қабылдау үшін лагерь салып жатыр. Тәжік билігі де осыдан алдын 5000 босқынды қабылдауға дайын екенін мәлімдеген. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, ауған тұрғындарының арасында шетел асуға дайындалып жатқандар да аз емес көрінеді. Солардың қатарында ауған еліндегі қазақтар да Қазақстанның Кабулдағы елшілігінен көмек сұраған.

Қытай тәліптермен тіл табысты ма?

Жағдайдың шиеленісуіне байланысты шетел үкіметтері Ауғанстаннан елшіліктерін әкетіп, консулдық орындарын уақытша жауып жатыр. Тәліптермен келісім жасасқан Ресей де Ауғанстанның Хайратон қаласында уақытша істеп жатқан Мазари-Шарифтегі Ресей консулдығының дипломаттарын Өзбекстанға көшірген. Ал, Америка Құрама Штаттары болса Түркиядан АҚШ пен НАТО-ның барлық одақтастары келесі айдың аяғында Ауғанстаннан шыққаннан кейін Кабул әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған еді. Керек десеңіз, АҚШ Түркиядан Ауғанстанға әскер кіргізіп, өңірлік тыныштықты сақтауды да өтінген. Түркия Орталық Азиядағы өз ықпалын күшейту мақсатында бұл ұсынысқа қарсылық танытпаған еді. Алайда, 13 шілде күні тәліптер Түркияға ескерту жасап, «егер Түркия Ауғанстанға әскер әкелетін болса, тәліптер оларға «оккупациялық күш» ретінде қарап, қарсы соғыс ашатынын мәлімдеді.
Ауған мәселесінде Қытайдың ұстанымы да айырықша маңыз алады. Тәліптер күш алса, Қытайдың іргесінен де тыныштық кетеді. Атап айтқанда, тәліптер Ауғанстанмен шекаралас жатқан Шыңжаң өңіріне де ықпал жасайды. Кейбір деректерде тәліптердің қатарында Қытай билігіне қарсы шыңжаңдық ұйғырлар да бар екені айтылады. Сол себепті 2001 жылдан бастап, Қытай Ауғанстан билігімен байланыс орнатып, сондағы ұйғыр күштерін ауыздықтауға барын салды. Тәліптер оларға Шынжаңның қауіпсіздігіне қатер төндірмейтінін айтып, ұйғыр күштерін елден кетіреміз деп уәде берген. Сонымен қатар, тәліптер Қытайды Ауғанстанға қаржы қосуға шақырып, Қытай компанияларының қауіпсіздігіне кепілдік береміз деп мәлімдеме жасады. Тәліптердің бұл ұсынысы Қытайдың қызығушылығын тудырғаны анық. Себебі Қытай үшін АҚШ пен Ресейдің өңірдегі ықпалына төтеп беріп, Түркияның Қытайдың іргесіне дейін келуінің алдын алу үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 13 =