Ауғандағы айқас аяқталды ма?

0 27

15 тамыз күні тәліптер Кабулды басып алып, «Ауғанстанда соғыстың аяқталғанын» мәлімдегеніне, міне, 20 күннен асты. Осы жиырма күнде тәліптер билік жүйесін жасақтап, жаңа үкімет құру, шетелдермен «достық қарым-қатынас орнатуға» талпынудан сырт, Панджшер шатқалын «азат етуге» де аз күш жұмсаған жоқ.

Панджшер де қолдан кетті

Тәліптер Ауғанстанды бақылауына алғанын мәлімдегенде, оларға қарсы күштер кезінде Кеңес Одағы да ала алмаған, 40 жылдан бері ешбір сыртқы күштің билеуінде болмаған Панджшер шатқалына топтасып, сол жерде қарсылық майданын құрды. Оны жергілікті көсем Ахмад Масуд пен бұрынғы вице-президент Амрулла Салех басқарады. Осылайша Панджшер Ауғанстандағы талибан билігі орнамаған жалғыз уәлаят атанды. Панджшерліктер тәліптерге қарсы шыққаннан кейін тұс-тұсына бас сауғалап кеткен үкімет әскерінің кейбір командир-жауынгерлері де Ахмат Масудтың қатарына қосылды. Олар өздерімен бірге жүздеген әскери көлік пен бес әскери тікұшақ апарған.
Панджшер шатқалына бекініп алып, тәліптерге табандап қарсылық көрсеткендердің дені – этникалық тәжіктер мен өзбектер. Ауғанстан халқының 40 пайызын пуштундар ұстаса, этникалық тәжіктер ел халқының 25 пайызын, өзбектер 10 пайызын құрайды. Кейбір деректерде Яр Мохаммад Дустум бастаған мыңдаған өзбек тәліптерге қарсы топқа қосылғаны айтылады. Дустум – 20 жыл бұрын Ауғанстан қарулы күштерінің командирі болған, «талибанға» қарсы әскерге қолбасшылық еткен, жоғары лауазымды қызметтерде болған Абдул-Рашид Дустумның ұлы. Егер панджшерліктер тәліптердің бетін қайтарып, оларға қайтарма шабуылға өтсе, оларға Бадахшан, Баглан, Каписа, Парван, Тахар уәлаяттарының тұрғындары да қосылуы әбден мүмкін еді. Себебі бұл аймақта мекенденген жергілікті тұрғындардың көбі – тәжіктер. Олар әу бастан-ақ пуштундар басым келетін «талибан» қозғалысына сақтықпен қараған. Алайда Панджшер көтерілісшілері жұрт ойлағандай қарсылық таныта алған жоқ. Шатқалды үш бағыттан қоршауға алған тәліптермен небәрі бір апта соғысты да, соңында жеңіліп тынды. Бастапқыда Амрулланың әскері Панджшерді басып алуға келген тәліптердің тас-талқанын шығарып, 350 адамның көзін жойдық деп мәлімдесе, тәліптер 4 қыркүйек күні оны азат еттік деп жариялады. Бірақ қарсы жақ мұны да жоққа шығарған еді. Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті, қазір Панджшерде тәліптерге қарсы күресіп жүрген Амрулла Салех қиын жағдайға тап болғанын, бірақ күресті әлі тоқтатпағанын айтып, «Бізге «әл-Каида», «Талибан» және Пәкістан жақтастары шабуылдап жатыр. Бірақ біз өліспей беріспейміз. Соғыс әлі жүріп жатыр. Жау да, біз де адамдарымыздан айырылдық. Бірақ жағдай бақылауымызда» деп мәлімдеген еді. Бірақ соңғы дерек бойынша тәліптер 6 қыркүйек күні аталған өлкені бүкілдей басып алған. Оларға қарсы күштердің біразы қаруын тастап тізе бүксе, енді біразы тау шатқалдарын паналап, тоз-тозы шыққан. Осылайша Панджшердегі 6 күнге созылған соғыс аяқталып, талибан бүкіл Ауғанстанға өз билігін орнатты. Панджшер көтерілісшілерінің жетекшісі Ахмад Масуд та «Талибан» қозғалысы Панджшер провинциясын бақылауға алғанын мойындады және 5 қыркүйек күнгі шайқаста өз отбасынан да біраз адамның оққа ұшқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол тәліптердің мәселені бейбіт жолмен шешуге келіспей, қасақана қан төккенін айта келіп, алдағы уақытта «Талибан» қозғалысына қарсы қару алып жүргендердің барлығымен ынтымақтасатынын атап өтті. Ахмадтың мәлімдемесінен кейін талибан өкілдері Кабулда баспасөз мәслихатын өткізіп, «Ауғанстанда соғыс тоқтады» деп жариялады әрі тәліптердің Панджшер провинциясының тұрғындарына тиіспейтінін айрықша атап өтті.
«Әлжазира» телеарнасы таратқан хабарларға қарағанда, бұрынғы вице-президент ­Амрулла Салех Тәжікстанға қашып өткен. Оның баспасөз хатшысы Фахим Дашти қақтығыс кезінде қаза тапқан. Ал Ахмад Масудтың қайда кеткені әзірше белгісіз. Тәліптердің Панджшерді басып алғанын Иран, Ұлыбритания БАҚ-тары да хабарлады. Демек, Панджшердің тәліптердің бақылауына өткені талассыз шындыққа айналды.

Атамекенін неге тастайды?

Тәліптер мен панджшерліктердің шайқасы Ауғанстанда енді азаматтық соғыс басталуы мүмкін деген күдікті күшейткен еді. Өйткені тәліптер Ауғанстан билігін өз қолына алғанмен, пуштундардан басқа қарапайым халықтың дені тәліптерге қарсы. Сосын да шығар, тәліптер Кабулды алғаннан кейін сан мыңдаған адам шетелдіктердің ұшағына жармасып, шекара асты. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, қазірге дейін Ауғанстаннан 130 мың адам эвакуацияланған. Мұның 20 пайызы шетелдіктер мен шетелдік дипломаттар болса, қалғаны – Ауғанстан азаматтары. Қазір тәліптер ел ішіндегі жүріс-тұрысты қатаң бақылап, тұрғындардың шетел асуына да шек қойып отыр. Бірақ соған қарамастан Ауғанстаннан кеткісі келетіндер әлі де көп. Осы қатарда Ауғанстандағы қазақтар да Қазақстаннан көмек сұрап, өздерін көшіріп алуды өтінген еді. Қазақстан Президенті Тоқаев та ҚР Сыртқы істер министрлігіне ауған қазақтарына көмек көрсетуді тапсырған еді. Қазірге дейін «Ауғанстаннан 200-ден астам этникалық қазақ эвакуациялануы мүмкін» деген мәліметтен басқа еш дерек жоқ. Тәліптер «елде тыныштық орнатамыз, бірлескен үкімет құрамыз, ауған халқының болашағы үшін бізге қарсы шыққандарға да кешірім жасаймыз» деп жар салуда.
Тәліптер қазір жаңа үкімет құрудың қамында. «Әлжазираның» хабарлауынша, жаңа үкімет құру салтанатты рәсімі осы айдың соңында өтпек.

Алып державалар мүддесі

АҚШ тәліптерді 2001 жылы тақтан тайдырғанмен, 2009 жылдан бастап олармен жасырын келіссөз өткізе бастады. Себебі тәліптерді Ресей мен Қытай Пәкістан арқылы қолдап, қару-жарақ беріп, экономикалық жақтан демеп отырғанын АҚШ жақсы біледі. Былайша айтқанда, Ресей мен Қытай үшін АҚШ-тың Ауғанстанда тұруы іргесіне жау келгенмен бірдей. Оның үстіне, Ауғанстанның жағрапиялық орны да айрықша маңызды болғандықтан, Бейжің мен Мәскеу Кабулдың бүкілдей АҚШ-тың ықпалында кетуін мүлде қаламайды. Сосын да олар ішкі-сыртқы факторларды пайдалана отырып, АҚШ-ты ығыстырып шығуға барын салды. Халықаралық қауымдастық алдында «Талибан қозғалысы – террористік ұйым» деп жариялағанмен, көмескіде оларды жасырын қолдап отырды. Тек Ауғанстанда ғана емес, Иран, Сирия, Солтүстік Корея, Ливия, Венесуэла мәселелерінде де АҚШ-тың ұстанымына қарсы шығып, ондағы күштерді АҚШ-қа айтақтаумен келе жатқан Қытай мен Ресей бұл жолы да тәліптерді өз мүддесіне пайдаланды. Алайда АҚШ оның да амалын тапқан секілді.
2018 жылы тәліптерге Дохадан арнаулы өкілдік ашып берген АҚШ-тың олармен қандай келісімге келгені белгісіз. Сарапшылардың көбі АҚШ-тың Ауғанстанды тәліптердің уысына тастап беруі АҚШ-тың жаңа қатерлерге төтеп беру қажеттілігінен болды деп қарайды. Алайда бұл арада тәліптер мен АҚШ арасында өте маңызды құпия келісім жасалған болуы әбден мүмкін. Былайша айтқанда, Қытай мен Ресей тәліптерді АҚШ-тың Ауғанстандағы «бас ауруы» ретінде пайдаланса, енді АҚШ алдағы уақытта тәліптерді Қытай мен Ресейдің өзіне айдап салмақ. Өйткені Мәскеу мен Бейжіңге «Террористерді қолдамаймыз, Орталық Азиядағы елдерге соқтықпаймыз. Шыңжаңдық ұйғырларды қатарымызға тартпаймыз» деп мың жерден уәде бергенмен, қазірдің өзінде ішкі қайшылығы асқынып тұрған тәліптердің бұл уәдесін орындай қоюы екіталай. Талибан басшыларынан, бұрынғы үкімет мүшелерінен ұйымдасқан бірлескен үкімет құрамыз деген тәліптер қазір қат-қабат қаржының қыспағында тұр.
Қорыта айтқанда, Ауған жағ­дайы мәз емес. Соғыстан көз ашпаған ауған халқы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Жақында БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ауғанстан бойынша Женевада өткен кездесуде әлем елдерін алдағы төрт айда Ислам Республикасына көмекке 606 млн АҚШ долларын бөлуге шақырады. Бұл туралы Кабулға сапарының қорытындысы бойынша сейсенбі күні өткен брифингте БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс мәлім етті. 13 қыркүйекте БҰҰ бас хатшысы Женевада Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі министрлік кездесуін шақырады. Ол елдегі гуманитарлық операцияны қаржыландыруды ұлғайтуға, сондай-ақ гуманитарлық қолжетімділіктің «толық және кедергісіз» болуын қамтамасыз етуге бағытталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + five =