Ауған асқан Алма

0 157

– Сіз қай мәселемен келдіңіз? Әскери міндетті адамсыз ба?
– Иә, иә,.. сәлеметсіз бе. Менің әскерге баруыма бола ма, соны
білейін деп келіп едім…
– Сіз өзі кімсіз, қай әскерді айтасыз?..
– Мен медбикемін. Училищені бітіргеніме бес жыл болды. Әскерге медицина қызметкерлері керек болып жатыр деген әңгімені естіп, келіп тұрмын…

ERM_9373

Бұл 1985 жылдың күзінде Ауғанстандағы соғысқа өз қалауымен баруға ниеттенген Алма Әбілқасымова мен Целиноград қалалық әскери комиссариатының кезекшісі арасындағы әңгіме еді.

Облыстық ауруханада медбике болып жұмыс істеп жүрген Алма кішкентай кезінен елгезек болып өскен. Мектепте де, училищеде де жақсы оқушылардың қатарынан көрінетін. Көмекке зәру адамға қол ұшын беруге бейім тұратын бойжеткеннің бірде Ауғанстан соғысынан жараланып оралған азаматпен сырласуына тура келеді. Содан бастап жас маман Ауғанстанға барып, сол жерде жауынгерлерге емдік көмек көрсетсем деп қиялдайды. Осы ойын құрбыларына білдіріп, мән-жайды анықтауға кіріседі. Содан қалалық әскери комиссариаттан бір-ақ шығады. Ондағылар тәжірибе жинақтау үшін алдымен Польша немесе Германиядағы әскери бөлімшелерге баруға кеңес береді. Алайда, Алманың мақсаты басқаша еді.

Комиссариатқа қайта-қайта келіп, «Талапқа қарасақ менің тәжірибе жеткілікті екен, сондықтан мен тек Ауғанстанға баруды қалаймын, соғыста жараланған жауынгерлерге көмек бергім келеді», деп табандап жүріп алған қала қызының өтінішіне қол қойылады. Сөйтіп, арнайы дайындықтан өткен Алма Қуанышқызы 1985 жылдың желтоқсанында Ауғанстанға түседі. Басшылықтың бұйрығымен Кабул қа­ласындағы орталық госпитальға жолданады. Мұндағы жұмыс уақытпен санаспай істелінетінін түйсінеді. Өйткені, жараланған, түрлі жұқпалы ауруларға шалдыққан жауынгерлерді қабылдау және емдеу күндіз-түні үзіліссіз жалғаса береді. Біздің мамандар тек қана өз әскерилерімізге ғана емес, қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға да медициналық жәрдем көрсетеді.

– Біздің госпиталь қаланың шет аумағында болды. Жақсы қоршалған.

Жауынгерлер тарапынан күзет те, қорғаныс та қойылған. Сондықтан біз алаңсыз жүретін едік. Алайда, бір күні госпитальдің сол қапталынан шабуыл жасалды. Біз дереу емделіп жатқан жауынгерлерді тысқа шығарып үлгердік. Душмандар атқан бір снаряд дәл біз жүрген реанимация бөлімшесінде жарылды. Егер екі-үш минут кешікке­німізде емделушілер де, біз де жа­рылыстың құрбаны болып кетер ме едік… Әлі күнге дейін осы оқиға есіме түссе тұлабойым құлазып кетеді, – деп еске алады Ауған алапатын бастан кешкен замандасымыз Алма Әбілқасымова.

Осылайша үш жылға жуық әскери госпитальда мыңдаған жауынгерге мейірімін көрсеткен қайсар қыз 1988 жылы елге оралады. Сол жылдары тағдырлас болған құрбыларымен, жауынгер-интернацио­налис­термен күні бүгінге дейін кездесіп, сырласып тұрады. Астана қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі ретінде жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталған және жауынгер-интернационалистердің денсаулығын қадағалау бойынша қо­ғамдық жұ­мыстардың ортасында жүреді. Өзі секілді «афганка» атанып кеткен Бақыт Қалиева, Гүлжанар Сады­қова, Рауза Ережепова, Татьяна Александрова, Валентина Абелдинова, Галина Баймет және басқа да құрбы­ларымен ұйым аясында ұйымдас­ты­рылатын шараларға белсене қатысады.

Бүгінде Астана қаласындағы №2 балалар ауруханасында жемісті еңбек етіп жүрген Алма Әбілқасымованың кеудесінде бірнеше медаль жар­қырайды. Бұл марапаттар қайсар қыздың, мейір­банды медбикенің және ардақты ананың өнегелі өмір жолын айшықтайды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 7 =