«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әуезовтің Қабдоловы

0 437

Абайдың Шәкәрімі өз ұстазының өлең өрнегін үйрене насихаттап, даналық пәлсапасын тарқата түсіндірді. Қазақтың Ақыл алыптарының бірі ретінде ешқашан ортаймас қазына қалдырды.


Сүйінбайдың Жамбылы ғасырлар қойнауынан түп тарт­­қан эпикалық сарынды, қаһар­мандық рухты ХХ ғасыр­дың бел ортасына дейін жеткізді. Ұлттық поэзияның жүз жасаған бәйтерегі бейнесінде заңғарланды.
Құрманғазының Динасы күй атасының батасын алып, исі қазақтың арқалы өнерпазына айналды. Ғажайып дарынымен ел музыкасын шырқау белеске көтерді.
Құдайға шүкір, қазақ руханияты, оның ішінде сөз өнері саласы мұндай мысалдардан кенде емес.
Ақырын жүріп, анық басқан ұстаз-профессор Бейсенбай Кенжебаев қазақ әдебиеттануына Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Ал­ма Қыраубаева, т.б. айтулы тұл­ғаларды тәрбиелеп берді. Қазақ әдебиеті тарихының көкжиегінде қиял жетпес сағымдай бұл­ды­раған байырғы дәуірлер қайта тірілді.
Асылы, рухани жаңғыру рухани жалғастықсыз болмайды екен.
Ғұлама Әуезовтің ғибратты Қабдоловы жөнінде ой толға­ғанда осыған иек арттық.
Шын ұстаздың қасиетіне ұйыған шәкірт көрікте піскен темірдей шыңдалып, тезге салған ағаштай түзуленіп, ешқашан иманды болмысын жоғалтпайды, инабатты бабынан жаңылмайды. Кісілігін кемсітпейді, еңсесін ездірмейді. Асылықтан сақтанады, арынан сескенеді.
«Шәкіртсіз ғалым – тұл». Бұл – дана Абайдың сөзі.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл». Бұл – авторлығы халыққа телініп кеткен баршаға таныс тұжырым.
Ал енді ұстаздық қылудан жалықпаған Мұхтар Әуезовке осындай байламның еш қатысы жоқ. Қағаз бетін көркем сөзбен қаралағанның ғана емес, ғылым қаузағанның, дәріс оқығанның бәрі оның ұлы өнегесін айналып өте алмасы хақ.
Әр тұрғыдан Әуезовті өзіне ұстаз санайтындар көп. Ол – табиғи қарекет. Бірақ «Менің Әуезовім» деп бүкіл жөн-жорал­ғысымен «меншіктеп» ал­ған – жалғыз Зейнолла Қабдолов. Өйткені талапшыл да талғампаз кемеңгердің оны «ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі, досым, інім» деп үздіге аялап, ыстық лебізін хатқа мөрлеп кеткендігін білетін былайғы жұрт жұлдызы жоғары шәкіртпен бақ таластырудан аулақ. Профессор Шериаздан Елеукенов айтқандай, «Ұстазы мен шәкірті бір-бірімен іштей табысқан, сыйластықтары бір-біріне өзгеше жандар» еді.
Зейнолланы тағдыр Әуезов­пен кәмелет жасына қадам басқан шағында жолықтырды. Содан Жеңіс туы желбіреген жылдың аяғынан бастап адамзат баласы ғарышқа жол салып алған уақытқа дейінгі аралықта олар дүние сапарлас болды. Яғни соғыстан соңғы ауыртпалық, саяси қуғын-сүргіннің жалғасы, тың игеру науқаны, Сталин культінің күйреуі, «жылымық» заман – міне, осы тұста «іні-дос» өзінен тура 30 жас үлкен «аға-досының» бауырында жүріп, мейіріміне тояттады. Оның бес жылында Қазақ университетіндегі студент шәкірті болса, он жылында сол оқу ордасының әдебиет кафедрасында тізе қосып қызмет істеді.
Жас айырмасы демекші, Алаш абыздары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы үшеуі бірге түскен мәшһүр суретті алғаш көрген, тарихты терең тексермеген адамның біразы әуелде оларды қатар жасаған құрдас жандар деп ойлап қалатынын байқағанбыз. Шындығында, бұл қайраткерлер – үлкені кішісінен «бір көйлекті бұрын тоздырған» (туған жылдары – 1866, 1873, 1885), бірақ бір қолдың саласындай болған үш буынның өкілі. Олардың басын біріктіріп, ұлттық мұраттың төңірегіне теңдей топтастырған – Алаш идеясы.
Алаштың терең тағылымы бойында байсалданған Мұхтар Әуезов өзінен көп жас кіші бала шәкіртінің қарым-қабілетін қаршадайынан дөп танып, бүтін бітіміндегі бар байлығын соның санасына ақырындап құя берген секілді. Түптің түбінде өзі сияқты академик болған ізбасары да – әмбебап тұлға: әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз. Ақындығы мен шешендігі – өз алдына бөлек тақырып.
Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толған тойында Мұхтар Әуезов баяндама жасаса, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығында Зейнолла Қабдолов сүбелі сөздің тізгінін ұстағаны белгілі.
Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі – ұзақ толғаныстың, ұлы тебіреністің жемісі. Осы шығар­маның аяқталмаған екінші кітабының бастапқы бөлімінде Өзбекстан астанасында өткен Азия мен Африка жазушылары басқосуының барысы баяндалады. Әуезовтің сол жерде айтылған «Ташкент – менің қуанған кезімнің де, қуарған кезімнің де куәсі» деген бір ауыз сөзінің қауызына автор сан мағынаны сыйғызады. Шабытқа мініп шырқаған зымыраны да, шынжырға түсіп шерлеген зынданы да – сол шаһар болғандығын қапысыз бедерлеп береді. Әуезовке деген өзбектің қабырғалы қайраткер-қаламгері Шараф Рашидовтың ілтипаты, «іңірде шайтан көшіретін» құбылма, құлпырма бишісі Ғалия Измаилованың іңкәрлігі мен атақты академик-жазушысы Айбектің (Мұса Тәшмұхаммедовтің) мей­мандостық мойындауларынан бастап, кезінде Алаш зиялыларының «эмиграция» қонысына айналған ескі қаланың еңіреме қуысында қалған, бір кезде оң жағында – Жүсіпбек Аймауытов, сол жағында – Сұлтанбек Қожанов, ортасында өзі отбасымен тұрған үш есікті құлама қыш үйге бүркеме түрде барып, көне қайғыдан көңілі құлазыған сәті… – мезгіл мен мекен аясындағы осындай күтпеген кереғарлық, кенет контраст шығарма же­лісін ширықтырып жібереді. Әуезовтің Камерун жазушысы Бенжамин Матиппен әсерлі әңгімесі кезіндегі «Бодандық құрымай, бостандық болмай, өмір де, өнер де көгермейді» деген сөздерін қиыстыра келтірген. Ғұламаның тағдыр-талайында атақ пен арпалыстың, құрмет пен қызғаныштың қашанда қапталдаса қонғандығын, осы қарама-қайшылықтың өле-өлгенше өзегін өртегенін тіршілік мысалдарымен мазмұндаған. Өзі суреттеп отырған оқиғалардың бел ортасында ұстазымен бірге болған жас Зейнолла үшін бұл сапар – әрі өзіндік мәртебе, әрі өмірлік мектеп еді.
Әуезовтің жанына ерген Қабдо­лов – «ғылыми-педаго­гикалық аңсар-мұратпен «ауырған» озық ойлы шәкірт», «қыры сынбаған, қайрақтай қайратты жас мұға­лім» (шә­кірті, профессор Бақыт­жан Майтановтың сөздері) болатын. Оқуды үздік дипломмен бітіріп, ауылға аттанбақ боп тұрған жерінен кафедраға үзілді-кесілді үгіттеп қалдырған ұстазы оның қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының табиғаты туралы кандидаттық диссерта­циясына жетекшілік етіп, сәтімен қорғатады. «Қолыңнан келсе, мен бол!», «Ұстаздық – ұлы іс» деген биік талапқа байлап, шығар­машылық жұмыстарға жегеді.
Отыздан енді асқан Зейнолла 1958 жылғы 28 тамыз күні, Қырым сапары кезінде қойын кітапшасына мынадай жолдарды түсіріпті: «Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, тірі классик. Бұл кісімен бірге жасау, оның тәлім-тәрбиесін көру – бақыт».
Көрнекті публицист Әзілхан Нұршайықов өзінің «Дос туралы ой» атты мақаласында («Егемен Қазақстан» газеті, 2006 жыл, 4 қазан) нақ сол, 1958 жылдың жазында Павлодар қаласында жұртшылықпен жүздесу үс­тінде Мұхтар Әуезовтің: «Мен жаңа қазақ әдебиетінде талантты жас жазушылардың үлкен шоғыры өсіп, жетіліп келеді дедім, сол шоғырдың алдыңғы легінде келе жатқан аса дарынды жасымыздың бірі, «Өмір ұшқыны» атты тамаша романның авторы, бүгін осы кездесу президиумы үстелінің басында отырған менің шәкіртім Зейнолла Қабдолов жолдас» ­деген лепесін өз құлағымен есті­гені жөнінде қалам тербейді.
Осы күні зерттеушілер Қабдо­ловтың жазушылық стилінің ерекшеліктерін екшегенде, оның портрет пен пейзаж жасаудағы ерен шеберлігіне таңдай қағады. Аудармашылық талантына ауыз ашып, көз жұмады. Әлбетте, бұл ретте Әуезовтің жазушылық ұстаханасында шираған шәкірт­тің зердесі мен зергерлігі көзге ұрып тұратыны сөзсіз.
Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабының аяқталмаған нұсқа­сында төмендегідей тұс бар.
«Мұхаң маған бір қиын сұрақ қойды:
– Өзің білесің, мен Құнан­байдың аузына «Адамның құны не болса, міні де сол болады» деген сөз салдым. Соңғы бірер жылда, әсіресе маған Лениндік сыйлық берілгелі өз елімізде де, шетелдерде де тек қана менің шығармаларымның құны туралы айтылады, жазылады. Ал енді менің шығармаларымның міні, демек, суреткер ретінде менің өзімнің мінім туралы сен не айтар едің?».
Сонымен, талайдан індеткен іш пікірі болса да, жас жазушы бастапқыда алып тұлғаның алдында жалтақтай жүрексініп, тұтыға тосылып қалады. «Ашық айт!» деген соң ғана ойындағысын жайып салады:
« – Айтсам… Сіздің қазіргі мі­ні­ңіз біреу-ақ. Жазарыңызды қолмен емес, машинкаға айтып жаздырасыз. Менің ойымша, көркем шығарманы, орысша айтқанда, «диктовкамен» жазуға болмайды. Тек қана қолмен жазу керек».
Айтылған сөз – атылған оқ. Нысанасын іздеп кетті. Еркіндік пен ерсілікті шатастырдым деп қауіптенген шәкірттің көкірек сарайы төңкеріліп түскен. Аңтарылған дүниесі алай-дүлей. Бұлайша бүлдіріп алармын деп пе… Оны әрі-сәрі қалпынан ұстазы құтқарды:
« – Бәлі, сен батыл да айттың, батыл сөйлеп ақыл да айттың. Жалғыз-ақ соған өкінбе!»
Әрі қарай Қабдолов: «Мұхаң­ның міні» туралы әңгіме осы арадан басталды да кетті» дейді.
Өкінішке қарай, бізге «Мұхаң­ның, Мұхтар Әуезовтің міні» туралы ұстаздың өзі не айтқанын білу бұйырмапты. Өйткені роман-эссе тап осы тұста, нақ осы сөйлеммен тоқтап қалған…
Ол – ұстаз бен шәкірттің өз­де­рімен ала кеткен құпиясы…
Мұхтар Әуезов 1961 жылы пай­ғам­бар жасында дүниеден озды.
Рухына тағзым етіп, бақиға шығарып салған қаралы көштің алдында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов ағаларымен қаз-қатар сап түзеген 34 жасар Зейнолла Қабдоловтың көкірегі қайғыдан қарс айрылып бара жатты…
Амантай Шәріп

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды