Әуежайдың әлеуеті артады

0 19

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін әуежайдың жұмысында жаңашылдық көп.Соңғы 10 күннен бері мұнда коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында жолаушылар мен оларды шығарып салушыларды терминал ғимаратына өткізу Ashyq мобильді қосымшасы арқылы жүргізіле бастады. Әуежайға келушілер қосымша арқылы өз статусын растауы керек. Ал ұялы телефонына Ashyq қосымшасы орнатылмағандар әуежай қызметкеріне жеке куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметті беріп, статусын анықтайды. Коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында «сары» және «қызыл» статусқа жататындарға әуежай ғимаратына және ұшаққа кіруге тыйым салынады. Сәйкесінше әуе компаниялары «қызылдарға» билеттің ақшасын кері қайтарып береді. Ал «сарыларға» статусын қайта жаңғыртқан соң өзі қалаған кез келген күні қолындағы билетімен ұшуға мүмкіндік беріледі.
Мобильдік қосымшадан техникалық ақау шығып, әуежай келушілерінің статусы дұрыс анықталмаған жағдайда олар ғимарат ішінде арнайы белгіленген орында денсаулық сақтау саласы мамандарының көмегіне жүгіне алады. Медицина қызметкерлерінің оң қорытындысын алған жолаушылар мен шығарып салушыларға әуежай ішінде емін-еркін жүріп-тұруға шектеу қойылмайды.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері әуежайдағы «Fast track» деп аталатын жаңа қыз­меттің тұсаукесер рәсіміне де қатысты. Қызметтің бұл түрі әуежайда өз уақытын бағалайтын жолаушыларға арналған.
– Қолында тек қана қол жүгі бар жолаушылар тіркеу, тексеруде уақытын жоғалт­қысы келмесе тиісті ақысын төлеп, «Fast track» қызметін пайдалана алады.
«Fast track» қызметі ар­қылы жолаушылар небәрі 3-5 минут ішінде тіркеу, тексеруден өтеді. Әзірше «Fast track», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компания­ларының тұтынушылары үшін ғана қолжетімді. Алдағы уақытта өзге компанияларды таңдаған жолаушылар да жылдам тіркеу, тексеру қызметін пайдаланатын болады. Қызмет бағасы ересектер үшін 4 мың теңге болса, 12 жасқа толмаған балаларға 2 мың теңгені құрайды. Мүмкіндігі шектеу­лі жолаушыларға «Fast track» қызметі тегін көрсетіледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.
Мұнан соң елорда әуежа­йының 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы таныстырылды. Әуежайдың атқарушы директоры Дәулет Хамзиннің айтуынша, бұл тұжырымдаманың әуежайды Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы және Орталық Азия елдері арасында жолаушылар және жүк тасымалындағы жетекші әуе хабына айналдыруға бағытталғанын айтады.
– Әлемдік пандемия өзге салалар секілді әуе тасымалына да үлкен соққы болды. Жолаушылар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 60-70 пайызға дейін азайды. Соған қарамастан біз уақытша қиындықтарды еңсеріп, дамудың көпжылдық тұжырымдамасын жасадық. Мұнда барлық бағыттағы рейстерді көбейту арқылы жолаушылар санын арттыруға басымдық берілген. Қазірдің өзінде әуежайда 18 ішкі және 38 халықаралық әуе рейсі бар. Сонымен бірге әуе жүк тасымалының көлемін ұлғайту да басты назарымызда. Тұжырымдама шеңберінде мультимодульді жүк тасымалы және e-commerce қызмет көрсету орталықтарын, еркін сауда аймағын құру жоспарлануда. Салаға қажетті білікті мамандар даярлайтын оқу орталығының жұмысын жетілдіру арқылы әуекомпаниялар мен жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын арттырамыз, – деді Дәулет Хамзин.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − one =