Әуежай ауасы ­залалсыздандырылды

0 37

Дамыған елдерде көпшілік шоғырланатын ғимараттардың ауасын залалсыздандыру дәстүрі бар. Мұндай шара елордада да белгіленген мерзім аралығында кестеге сай атқарылып келеді. Жақында жолаушылар мен қызметкерлердің денсаулығын қорғау мақсатында астана әуежайының жергілікті рейстерге арналған Т2 терминалы ғимаратында 12 шақырым аумақтың ауа арнасы тазартылып, залалсыздандырылды.Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласының ірі қоғамдық орындарын тазарту және залалсыздандыру жұмыстарын маусым айының ортасынан бастап, тамыз айында аяқтау жоспарланған. Бұл процедура жүйелі негізде 3 жылда бір рет жүргізіліп тұрады.
– Әуежай әкімшілігі әуеайлақ аумағында жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінде ауа баптау және ауа желдету жүйелері залалсыз­дандырылып, жолаушылар мен қызметкерлер таза ауа­мен тыныстайтын болады, – деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.
Айта кетейік, елорданың әуе қақпасы арқылы мау­сым айында 220 мыңға тарта адам жолаушылап өткен. Ал бір жылда әуежай 5 млн адамды қабылдап, жолға шығарып салуға қабілетті. Қазіргі індет етек алып тұрған жағдайда мұнша адамның денсаулығын қорғау мақсатында жүргізілген шаралардың маңызы орасан екені даусыз.
Ауа баптау және желдету жүйелерін жоспарлы тазалау нәтижесінде желдету жабдығының жұмыс қуаты 25-45 пайызға артады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпарына сенсек, ауаны залалсыздандыру әуежайға келушілердің індетке шалдығу ықтималдығы 30 пайызға азаяды. Сондай-ақ өрт және басқа да төтенше жағдайлардың туындау қаупі көп төмендейді. Әуежайдың желдету жүйесін залалсыздандыруға тиісті сертификаттаудан өткен және мұндай қызметтер көрсетуге барлық рұқсат құжаты бар жергілікті компаниялар жұмылдырылған. Олар өз жұмыстарында заманауи құрылғылар мен арнайы сұйықтықтарды пайдаланған. Денсаулық қорғау саласы мамандарының айтуынша, залалсыздандыруда қолданылған жабдықтар мен өнімдер адам денсаулығына зиянын тигізбейді екен, әрі оның иісі де жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =