ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТАЛАНТТАРЫ

0 187

2016-10-29-20-43-38-665

Алматыда өткен «Тәуелсіз елдің таланттары» атты республикалық ән-би байқауына Астана қа­ла­сының атынан қатысқан №38 мектеп-лицейінің өнерлі оқушы­лары  олжалы  оралды.  Елордалық үш бірдей өрен жүлделі орындардан көрінді.

«Вокал» жанры бойынша әр қатысушы екі әннен орындау керек болды. «Туған жер» және ағылшын тілінде «Hurt» әндерін әуелеткен 6-сынып оқушысы Әйгерім Тұрған қазылар алқасының шеші­мімен бас жүлдені иеленді. Ал мектеп та­балдырығын биыл аттаған Аңсар Дания­р­ов «Байтақ елім» және «Тұлпарым» әндерін орындап, баршаны тәнті етті. Ол бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, «Аспаптық жанр» аталымы бойынша 10-сынып оқушысы Елдана Баяхмет Мәл­геждар Әубәкіровтің «Талас» және осы күйшінің шәкірті, белгілі күйші-ком­по­зитор Секен Тұрысбектің әйгілі «Көңіл толқыны» күйлерін шертіп, өнерімен озды.
Осы байқауда балаларға кино қайраткері, ҚР кинематографиясының үздігі, профессор Шаяхмет Имашұлы, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Дәлденбай бастаған қазылар баға бергенін айта кетейк. Ал балаларды байқауға №38 мектеп-лицейінің музыка пәнінің мұғалімі Ардақ Қаз­ма­ғанбетова дайындады.
Өз тарапынан Ардақ Маратқызы ағымдағы апта басында ұйымдастырылған «Үздік жыл мұғалімі» мектепішілік байқауында үздік атанды. «Таныстыру», «Сабақ беру технологиясы», «Өнер сайысы» және «Шешендік өнер» бөлім­дерінен сүрінбей өткен ұстаз байқаудың қалалық кезеңіне жолдама алды. Бұдан озса, рес­публикалық байқауға барады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =