ӘУЕЛГІ МАҚСАТ ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛ-АУҚАТЫ

0 112

инфро2

 

 

Dosaev

Уәлихан ДОСАЕВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

Түбегейлі мәселелер топтастырылды

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауының негізгі басымдығы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналады. Бұл құжаттың қағидаларын жүзеге асыру қазақстандықтардың экономикалық әл-ауқатын едәуір жоғарылатуға мүмкіндік беріп отыр. Осыған орай, біз жақында басты қаржылық құжат – қаланың орта мерзімдік кезеңге даму стратегиясы мен қарқынын анықтайтын, Астананың 2014-2016 жылдарға арналған бюджетін талқыладық.

Алдағы үш жылға арналған бюджеті ең шұғыл, ең түбегейлі мәселелер төңірегінде шоғырланған. Ол қалалық шаруашылық пен тіршілікті қамтамасыз етудің барлық салаларын жылдам жаңғыртуға, қаланы стратегиялық түрде дамытуға, жас астананың тұрақты өркендеуін қамтамасыз етуге, ал ең бастысы, астаналықтарға өмір сапасының айтарлықтай жақсарғанын сезінуге мүмкіндік береді.

Бюджетті талқылау барысында депутаттар сайлаушыларының өтініштерін ескере келе, білім беру, денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге, халықты жұмыспен қамтуға, қаланың көлік, инженерлі-коммуникациялық инфрақұрылымына, аулаларды, орамішілік абаттандыру және басқа да көптеген мәселелерге ерекше назар аударды. Осылайша, жалпы білім беруге арналған шығыстар үш жылға 21 миллиард 558 миллион теңгені, денсаулық сақтауға арналған шығыстар 13 миллиард 532 миллион теңгені құрады.

Бюджет жобасы аясында міндетті түрде мұқтаж азаматтар санатына әлеуметтік көмек көрсетуге арналған шығыстарды ұлғайту қарастырылды. Сөйтіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бюджеті 2014 жылы 6 миллиард 188 миллион теңгені құрады, оның ішінде 2 миллиард 032 миллион теңге мәслихат шешімі бо­йынша бекітілген бюджетке қарағанда 16 пайызға ұлғайып, әлеуметтік төлемдерге бағытталған.

Астанада атаулы әлеуметтік көмек пен төлемдердің 20-дан аса түрлері көрсетіледі. Бүгінгі таңда оларды 81 385 адам алады.

Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері 3 миллиард 525 миллион 849 мың теңгеге берген өтінімдердің ішінен, мәслихаттың тұрақты комиссиясында талқыланғаннан кейін, әкімдік тарапынан 1 миллиард 273 миллион 676 мың теңгенің қолдау тапқаны қуантарлық жағдай. Бұл өтінімдерді денсаулық сақтау басқармасы, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, білім басқармасы және басқалары берген.

Мәслихат депутаттарының ұсынысы бойынша, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының өтінімі қайта қарастырылып, қосымша 1 миллиард 779 миллион 714 мың теңге бөлінді, нәтижесінде аудан бюджеті 7 миллиард 235 миллион  447 мың теңгені құрады.

Депутаттар Астана бюджетінің үш жылға арналған жобасын талқылау барысында аулалар аймағын, әсіресе қаланың ескі және сыртқарырақ орналасқан бөлігінің толық абаттандырылмауы, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, медициналық ұйымдарды, спорттық құрылыстарды салу, қала шетіндегі түрғындар үшін қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру, қала аймағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, балабақшалардың жетіспеушілігі мәселелерін алға тартты. Ал, депутаттар болса, өз сайлаушыларының өтініштерін аяқсыз қалдырмай, әрбір мәселенің шешілуіне атсалысып келеді.

                                                                                                                                                   

 

Қаршыға ҚҰЛМҰҚАНОВ,
Қаршыға ҚҰЛМҰҚАНОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

Бар игілік – халық үшін

 

Биылғы бюджеттің бұрынғы бюджеттерге ұқсастығы, барлық салада біркелкі өсім болды. Екінші бір айта кетерлік жайт, бұл жолы әлеуметтік бағытқа басымдық берілді. Мәселен, 2013 жылы бекітілген бюджет 18,9 миллиард теңге орамында болса, 2014 жылы 21 миллиард 258 миллионнан аса қаражат оқу және білім саласына бөлініп отыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына осы жылға 4 миллиард 651  миллион теңге бекітілген болса, келер жылға 6 миллиард 200 миллионға жуық қаражат қарастырылған.

Сондай-ақ, бюджеттің 2014 жылға арналған бағдарламаларының 40-тан астамы әлеуметтік саладағы құрылыс  нысандарын жобалауға және салуға бағытталды.

Менің ойымша, осы бюджет жобасы өте мұқият және тиянақты қаралды. Оның айғағы, қалалық мәслихаттың бесінші шақырылым депутаттары өзі жұмысын әлеуметтік саладағы мекемелердің жұмысымен танысудан бастады. Сондықтан, бюджеттің жобасын қарастыру барысында атқарушы органдардың басқармаларына көптеген нақтылы сұрақтар қойылып, сұраныстар жолданды. Оның ішінде басым көпшілігі, атап айтсақ, Өндіріс, Тельман, Заречный, Пригородный тұрғын алаптарында денсаулық кешендерін салу және басқа жерге жайғастыру, тұрғын кешендердің аулаларында спорттық алаңдарын орналастыру, жасөспірімдерге аулалық   клубтар ашу және тағы басқа әлеуметтік шаралар бар. Мәдени көпшілік мекемелердің, аурухана, емханалардың маңына жол салу және жөндеу мәселелеріне де көп көңіл бөлінді.

Биылғы бюджет бір емес, бірнеше рет қаралды. Алдымен тұрақты комиссияларда, одан соң тұрақты комиссиялардың біріккен отырысында, кейін депутаттардың «Нұр Отан» фракциялық отырысында қаралып, талқыға салынды. Бұл ретте Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының тындырымды жұмысын ерекше атап өткім келеді.

                                                                                                                                                   

 

Мейрамбай ОРАЛОВ,
Мейрамбай ОРАЛОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

Тұрғындардың талабы жоғары

Астаналықтардың қатары жыл санап өсуіне байланысты елордада жаңадан салынған мектептер мен емханалар саны да артып келеді. Осыған орай, аталмыш салаларға ақшаның көбірек бөлінуі заңды да. Себебі, біздің басты міндетіміз – өз сайлаушыларымыздың өмір сапасын жақсарту,  сонымен бірге елорда тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу.

Сондай-ақ, шаһар дамуындағы шұғыл шараларды шешуге бағытталған бюджет аясында ал­дағы уақытта ЖЭО-1, ЖЭО-2 кеңейтіліп, қайта құрылып, қолданыстағы жылу энергия желілері қалпына келтіріледі. Сонымен бірге, 2014-2016 жылдары қаламызда желілік парктің салынатыны көпшілікті қуантқаны шындық. Елорда халқын мәдени демалыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында оны «Абу-Даби Плаза» бірегей кешенінің және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу алаңының жанында салу жоспарланып отыр. Желілік парк 11,3373 га жерге орналасады, сонымен бірге 75,5 мың шаршы метр жер көгалдандырылады.

Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі адамдардың сұранысы мен талабы да жоғары. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын олар жарық, қоғамдық көлік мәселесін алға тартса, бүгінгі таңда тұрғындар қызмет көрсету сапасының деңгейі талапқа сай жоғары болғанын, қысқасы, жақсы әрі жайлы өмір сүру үшін барлық жағдайдың жасалуын қалайды. Алдағы үш жылға арналған бюджеттің дұрыс әрі мақсатты жоспарлануына орай, алдағы уақытта Астанада жаяу жүргіншілер мен велосипед тебуді, қыста шаңғымен сырғанауды ұнататындарға және салт атпен серуендеушілерге арнайы жолдар салынады.

Осылайша, тұрғындар тілегі ескеріледі.

                                                                                                                                                   

 

Алма АЛТЫБАЕВА
Алма АЛТЫБАЕВА, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Талай түйткіл шешіледі

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласына бекітілген бюджет 2014 жылы 5,4 миллиард теңгені құрады. Бұл көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға, мүгедектер мен жұмыссыздарға, ҰОС ардагерлері және оған теңестірілген азаматтарға, оралмандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жұмсалады. Оның ішінде негізгі басымдық беретін бағытты қарастыра өтелік. Біріншіден, мүгедек балаларды өмірге бейімдеу, медициналық орталықтарда оңалту, олардың  күтімін ұйымдастыру шаралары қамтылады. Одан бөлек жалғызілікті қарттар, психоневрологиялық аурулармен ауыратын жандар, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды елорданың медициналық-әлеуметтік мекемелерінде оңалту бюджет есебінен жүзеге асырылмақ.

Елордада еңбек нарығындағы жағдайды жақсарту, халықты жұмыспен қамтуды арттыру және жұмыссыздықты азайту мақсатында қабылданған    бағдарламалар шеңберіндегі шаралар кешенін іске асыруға да бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп отыр. Бөлінген қаражат есебінен қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырып, жұмыссыздарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау ісін жолға қойдық. Жастар тәжірибесі көптеген түлектердің өз мамандығына сай  жұмысқа орналасып кетуіне көп себепші болды. Одан бөлек әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, жұмыспен қамту мәселесін шешіп жатырмыз. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады.

Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмектің 15-тен аса түрін көрсету қарастырылған.

Әлеуметтік көмек тегін қызметтер түрінде немесе ақшалай төлемдер ретінде  көрсетіледі. Қалалық жолаушылар көлігі бағдарларында жолақы төлемінен босататын жеңілдіктер де бюджет есебінен қарастырылғанның арқасында зейнеткерлер мен көпбалалы аналар, мүгедектер қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігін сақтап қалды.

                                                                                                                                                   

 

Сайфудин ХАМХОЕВ,
Сайфудин ХАМХОЕВ, қалалық мәслихат депутаты:

Донор қала БОЛАМЫЗ

Келер жылдан бастап Астана дотациядағы қаладан донор қалаға айналу мүмкіншілігіне ие болды. Кез келген қала үшін бұл өте маңызды.

Екіншіден, биылғы қарастырылған бюджеттің «лейтмотиві» – әлеуметтік бағыт. Қала бюджетін талқылаған кезде әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектеп, денсаулық сақтау мекемелерін салу, атау­лы әлеуметтік көмек және әлеуметтік жәрдемақыларға, жолдар мен елорданың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға қатысты мәселелер қамтылды. Демек, біздің бюджет толықтай тұрғындардың игілігіне жаратылады.

Өткен жылдардың бюджетінде қаланың ескі, құлағалы тұрған үйлерін бұзуға 20 миллиард теңге қарастырылған болатын. Биыл бұл мәселеге орай бөлінген қаражат көлемі едәуір артты. Жалпы, бюджет көлемі жылдағыдан көбейді. Салық түсімдері де жоғарылады. Осының бәрі біздің қаламыздың дотациялық жағдайдан шығуына мұрша беріп отыр.

                                                                                                                                                   

 

Сергей БОГАТЫРЕВ,

Сергей БОГАТЫРЕВ, қалалық мәслихат депутаты:

Жолдарды жөндеу жалғасады

Өкінішке қарай, Астанамызда тозығы жеткен, ескі үйлер аз емес. Осындай үйлерді бұзу үшін қалалық мәслихаттың 2014-2016 жылдарға арналған бюджетінде 437 миллион 950 мың теңге қарастырылып отыр.  Әрине, Астананың көркі мен  келбеті  кімді де болса  бейжай  қалдырмайтыны белгілі. Мәселен, мұндай ескі үйлердің орнына жаңа зәулім биік ғимараттар бой  көтерсе,  бас қаламыздың көркіне көрік қосылып, одан сайын ажарлана түсер еді деп ойлаймын.

Қаланың алдағы үш жылға белгіленген бюджеті аясында  бас автомобиль  жолдарын  қамтамасыз етуге  127 миллиард  теңге  бөлінген,  оның  ішінде  жергілікті  бюджеттен  18 миллиард теңге  және   республикалық бюджеттен  109 миллиард теңге қаражат бөлініп  отыр.  Сөз жоқ, кез келген жолдың жақсы, тегіс, біркелкі  болуы, әрине,  бас  қала үшін маңызды. Сондықтан, жолдардың жөнделуі – жүргізушілер үшін де,  жолаушылар үшін де қуантарлық жағдай. Бұл бағытта алда атқарылатын жұмыстар жетерлік.

                                                                                                                                                   

 

cddd
Дина ЕРДІЛДИНОВА, Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Мүмкіндігі шектеулілердің мүддесі ескерілді

2014-2016 жылдарға арналған Астана қаласы бюджетінің әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың бір бөлігі мүгедектерге көрсетілетін жәрдемақыларды құрайды. Осы күнге дейін бюджет есебінен медициналық құрал-жабдықтар алып беріп мұқтаж жандардың қажеттігін өтеуге бар мүмкіндікті салып отыр. Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге елеулі қаражат бөлінеді. Кресло-арбалар, сурдо-тифлотехникалық құралдар да бюджет есебінен алынады. Үйде оқитын және тәрбиеленетiн мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз ету де алдағы жылдың бюджетінде қарастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі қала басшыларының  назарынан тыс қалған жоқ.

                                                                                                                                                   

 

 

АЛЛО, «АСТАНА АҚШАМЫ»!

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлемдермен қоса зейнетақымызды да көтерді  деп естідім. Осы жөнінде толық ақпарат берсеңіздер екен.

Жұмаш ӘБДІРАМАНОВА, зейнеткер

Олжабай БЕЙСЕНБАЕВ, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының  Астана қалалық филиалының  директоры:   

– Иә, жаңа жылдан бастап зейнетақы мөлшері өсті.

Астана қаласында 58 397 зейнеткер бар. Соңғы өзгерістерге байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері 30 765 теңгеге дейін, (20782 теңге + 9983 теңге), орташа мөлшер 53 536 теңгеге дейін, (43553 теңге + 9983 теңге), ең жоғарғы мөлшері 64 154 теңгеге дейін арттырылады  (54171 теңге + 9983 теңге). Базалық зейнетақыны (9983 теңге) қаламыз бойынша 58 805 зейнеткер алады.

Жақында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бекітіліп, осы заңға сәйкес 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап келесі әлеуметтік нормативтер белгіленді:

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 1852 теңге мөлшерінде;

Зейнетақының ең төменгі мөлшері (2014 жылы тағайындалатындарға) – 20 782 теңге;

Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТК) – 19 966 теңге;

Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері  – 9 983 теңге (50% ЕТК);

Жалақының ең төменгі мөлшері – 19 966 теңге.

Осыған орай, жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін  есептелетін максималды кіріс 2014 жылы 72 228 теңгені (39АЕК), 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан тағайындалған зейнетақының максималды мөлшері  54 171 теңгені  (39 АЕК-дан 75% ) құрайды.

Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылуы жағдайы бойынша және жасы бойынша мемлекеттік базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттырылады.

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, бір жасқа дейін бала күтімі бойынша жәрдемақы және бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, сонымен қатар арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап көбейетінін айтқым келеді. №1 және №2 тізім бойынша жәрдемақы алушылар саны 39 561 адамға жуық.

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + seven =