Әуе қақпасының әлеуеті

0 75

Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі негізгі салаларымен бірге әуедегі жолаушы және жүк тасымалының да қуаты еселене түскені анық. Қазақстан секілді әлемге есігін айқара ашып, халықаралық қатынаста алыс-беріс, барыс-келіске айрықша мән беретін мемлекеттің әуе кеңістігіндегі әлеуеті қашаннан үлкен маңызға ие.Әсіресе Алатау баурайынан Арқа төсіне қоныс тепкен жаңа астанадағы әуежай қызметінде тың серпін байқалды. Іргетасы сонау 1930 жылдардың басында қаланған елордамыздың ­Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежа­йының кешегісі, бүгіні мен ертеңі ел егемендігінің, одан бері де бас қаланың қалыптасу, нығаюы тарихымен біте қайнасып жатыр.

Кеше

1930 жылы сол кездегі Ақмола қаласынан 3 шақырым қашықтықта әуежай салынады. Әрине, бұл құрылысты қазіргі заманауи үлгіде жабдықталған әуе кемесінің кез келген түрін қабылдауға дайын әмбебап кешенмен салыстыруға болмас. Дейтұрғанмен Ақмола әуежайы іске қосылған алғашқы жылдың өзінде мұнда Ақмола-
Семей бағытында тұрақты әуе рейсі қызмет көрсете бастапты. Жолау­шылар К-4, К-5, ПР-5, П-5, П-2 сынды ұшақтармен тасымалданды.
Арада көп өтпей Ақмола әуежайында бірқатар ішкі рейстер ашылды. Соғыстан кейін әуежай жолаушылар тасымалымен бірге санитарлық авиация, халық шаруашылығы салаларында қызмет көрсетуді бастады. Осылайша бірте-бірте Ақмола әуежайының кәсіби деңгейі артты. Материалдық- техникалық база нығайып, әуе кемелеріне қызмет көрсететін штат құрамы 40-50 адамға дейін өсті. Нәтижесінде әуежай ұшақтың жеңіл түрлерінен бөлек, ЛИ-2 сынды ауыр типті ұшақтарды да қабылдай бастады.
Осыдан дәл 60 жыл бұрын әуежайдың ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, әуежайға алғаш рет ИЛ-12, ИЛ-14 ұшақтары қонды. Көп ұзамай ақмолалық бірлескен авиажасақ құрылып, әуе желілері көбейді. 1966 жылы әуежайдың жаңа ғимараты іске қосылды. Әуе кемелерінің паркі АН-24 ұшағымен толығып, Ақмола әуежайының жолаушы, жүк тасымалындағы қуаты еселене түсті.
Тәуелсіздік алғаннан соң ел астанасының Ақмолаға көшірілуі жергілікті әуежайдың тарихындағы елеулі бетбұрыстарға жол ашты. Астаналық әуежай атына лайық ету мақсатында әуе айлағындағы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұшу-қону жолағы 3500 метрге дейін ұзартылып, рульдеу жолағы кеңейтілді. Жарық жүйесі және радионавигациялық жабдықтар ауыстырылып, VIP-ғимарат салынды.
Жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында әуежайдағы жаңартудың халықаралық жобасы жүзеге асырылды. 2005 жылғы 2 ақпанда әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының тұсауы кесілді. Ал 2017 жылдың 31 мамырында Астана әуежайында жылына 5 миллион жолаушыға қызмет көрсете алатын жаңа терминал іске қосылды.
2017 жылдың 20 маусымында Үкімет қаулысымен Астана халықаралық әуежайына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.
Өткен жылдың маусымында әуежайдың халықаралық әуе көлігі қауымдастығындағы коды өзгерді. 1961 жылдан бастап сол кезде Целиноград деп аталған қала атауының аббревиатурасы ретінде «TSE» деп қолданылған әуежай кодын жаңа «NQZ» атауы алмастырды.

Бүгін

Қазіргі таңда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы 18 ішкі және 38 халықаралық бағытта тұрақты жолаушылар рейсін жүргізетін 20 әуе компания­сына қызмет көрсетеді.
Тек ағымдағы жылдың қаңтар-нау­рыз айларының өзінде 967 мың жолаушы елорда әуежайы арқылы ұшып-қонған.
Сондай-ақ биыл әуежайдағы жүк айналымы 2020 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 14,2 пайызға өсіп, 2 миллион 379 мың тоннаға жеткен. Жалпы соңғы 15 жылда әуежай арқылы жолаушы, жүк тасымалының көлемі 5 есеге артқан.
Елорда әуежайының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғағанда ең әуелі оның әлемдік пандемияның салдарына күрестегі қам-қарекеті ойға оралады.
Жаңа жағдайға бейімделе отырып, қызметін жалғастырған әуе айлағы туристерге алғашқы әсер сыйлаудан бұрын санитарлық-­эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек нысанға айналып шығады. Күн сайын 60 әуе рейсінде мыңдаған жолаушыны күтіп алып, шығарып салатын әуежайда коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында кешенді шаралар қолға алынды.
Жолаушылар мен әуежай қызметкерлерінің қауіпсіздігіне баса мән берумен бірге Нұрсұлтан ­Назарбаев халықаралық әуежайы пандемияның салдарымен күресуге де атсалысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-қимылдар жоспарын орындау мақсатында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әуе­жай аумағындағы коммерциялық кеңістіктерді жалға беру төлемі тоқтатылды. Әуе айлағындағы кәсіпкерлік нысандарға жолаушылар ағымының төмендеуіне байланысты мұндай жеңілдіктер оған дейін де жасалған болатын. Кейіннен 2020 жылдың 20 наурызынан 31 желтоқсанына дейінгі аралықта коммерциялық кеңістікті жалға беруден әуежайға кіретін кіріс жоспарының 992 миллион теңгеге орындалмағаны белгілі болды.
Ағымдағы жылдың мамыр айының 10-ыншы жұлдызынан бастап әуежайға жолаушылар Ashyq қосымшасы арқылы кіргізіле бастады. Жаңа қосымша қызмет алушылардың коронавирустық инфекцияға қатыстылығы бойынша мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Және жолаушылар мен оларды шығарып салушыларды әуежай ғимаратына кіргізу сол мәртебелерге сай жүргізіледі.

Ертең

Пандемия салдарынан жолау­шыларының 60-70 пайызынан айырылғанына қарамастан, елорда әуежайының 2021-2035 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама арқылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежай алдағы 15 жыл ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Орта Азия елдері арасындағы жолаушы, жүк тасымалының әуе хабына айналмақ. Сондай-ақ мұнда жүк тасымалының мультимодульді орталығы құрылып, қызмет көрсетудің «е-commerce» жүйесі енгізіледі. Және еркін сауда аймағы пайда болады.
– Қауіпсіздік, сапа, сервис сынды 3 негізгі құндылыққа иек артқан бұл тұжырымдама арқылы біз ел астанасын республиканың басқа қалаларымен, әлемдік орталықтармен қауіпсіз, сапалы және тұрақты әуе тасымалымен қамтамасыз етеміз. Бұл мақсатта жолаушылар және жүк тасымалын арттыру, әуе рейстерінің санын көбейтуге басымдық беріп отырмыз. Жүк тасымалының көлемін ұлғайту үшін қосымша автомобиль және теміржол желілері тартылмақ. Сонымен қатар әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету орталықтары құрылады. Біліктілігі жоғары авиация кадрларын даярлайтын оқу орталығын жетілдіре отырып, жолаушылар мен әуе компанияларға қызмет көрсетуде жоғары сапаға қол жеткіземіз, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.
Әуежайды дамытудың көпжылдық тұжырымдамасы бірнеше кезеңдер мен мақсатты индикаторларды қамтиды. Атап айтқанда, 2023 жылы әуе айлағы елдің басты әуе қақпасына айналады. Ал 2025 жылы мұнда мультимодульді орталық іске қосылады.
– Тұжырымдаманың басты индикаторлық көрсеткіші саналатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Орта Азия елдері арасындағы жолаушы, жүк тасымалының әуе хабына айналу бойынша межеге 2027 жылға қарай қол жеткізу жоспарланған. Ал 2030 жылға қарай «Әуежай city» жобасын іске асырамыз. Әлемдік әуе хабты дамыту мәселелерін шешу «Аэротрополис» тұжырымдамасында қарастырылған. Бұл тұжырым әуежайдың стратегия­лық тұрғыдан сәтті орналастыру арқылы оны туристерді тарту мен бизнесті дамыту нүктесіне айналдыру мақсатын көздейді. Сол арқылы «Әуежай – іскерлік орталық», «Әуежай – қала», «Әуежай – өңір» сынды ұғымдар қалыптасады. Әлемде осы параметрлерге сай келетін әуежайлар жетерлік. Алдағы 15 жылда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы да осы қатардан табылады. Ол кезде әуежай аумағында ірі сауда-саттық, ойын-сауық орталықтары, индустриалды парк, медициналық орталық, өндіріс алаңы мен логистикалық кешен және еркін экономикалық аймақ болады, – дейді Ғ.Тәжімұратов.
Әуежай басшылығы жыл соңына дейін әуежайды дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша шебер жоспарды әзірлеп, іске асыруға кіріседі. Бұл елорда әуе айлағының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы жаңа межесіне айналмақ. Әрі дамудың көпжылдық тұжырымдамасын Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының «екінші тынысын» ашудағы кешенді шаралардың легі ретінде қарастыруға да болады.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 11 =