АУДАРЫСПАҚ – АУЫЛ ОЙЫНЫ ЕМЕС…

0 491

Audaryspak 16

Астана қаласында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет аударыспақтан І ашық Азия чемпионаты өтті.

Өткен жылы көкпардан тұңғыш ашық Азия чемпионатын жоғары деңгейде өткізген Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биыл ұлттық ойынымыз – аударыспақты халықаралық дәрежеге көтерді. Бұл байрақты бәсекеге Қазақстан, Қытай, Түркия, Венгрия, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия сынды 10 мемлекеттен спортшылар қатысып, өзара алтын белбеуге бақ сынасты.

Жалпы, ұлттық ойындары­мызға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік көрсетіп келеді. Аударыспақ жеңімпаздарына тігілген жүлде қоры да қомақты болды. Бірінші орынға 1 млн теңге бөлінсе, бас жүлдеге алтын белбеу мен автокөлік тігілді.

Палуандар 70, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. 70 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды қазақстандық Ермек Жапишев алса, екінші орынды Ақат Қуаныш (ҚХР), үшінші орынды Қалыбек Бузурманкулуулы (Қырғызстан) иеленді. 90 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды қазақстандық палуан Сырым Ізбасаров өңгеріп, екінші, үшінші орындарды моңғолиялық Нұрболат Ережеп пен қырғызстандық Кумушбек Қыдыралиев бөлісті. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде біріншіні Біржан Қосалиев (Қазақстан), екінші Нұрлан Молдақұлов (Қырғызстан), үшінші орынды Захид Бухабоев (Өзбекстан) алды.

Жарыс соңында жеңімпаздар абсолютті чемпион атағын сарапқа салып, өзге елден келген палуандар қазақстандық Біржан Қосалиевтің білек күшіне төтеп бере алмады. Сөйтіп, аударыспақтан абсолютті чемпион қазақстандық Біржан Қосалиев атанды.
Салмақ дәрежесі бойынша үш жүлдені және бас бәйгені иеленген палуандар қазақ жігіттерінің мықтылығын тағы да бір мәрте дәлелдеп, ұлттық рухымызды сілкіндіріп тастады.

Ендігі жерде ұлттық ойынымызды халықаралық деңгейге көтеру көзделуде. Мұндай ерекше ұлттық спорт түрін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде жоғары деңгейде көрсету маңызды болып отыр.

Жарыстың соңында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Аударыспақтан ІІ ашық Азия чемпионатының өткізу кезегін Қытай Халық Республикасы командасының жетекшісі Алмас Байдәулетке табыстады. Бұл ойын түрік халықтарына ортақ болғандықтан, қауымдастық өзге елдердің ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ Ереже қабылдаған екен. Осы Ереже бойынша аударыспақ екі жылда бір рет Азия халықтары арасында ұйымдастырылатын болады. Дегенмен, бұл ойынның негізгі дамыған жері Қазақстан екенін өзге елдер де мойындап отырған көрінеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − seven =