Аудан тұрғындарын не алаңдатады?

0 73

Елорданың Есіл ауданы – ең жедел өсіп келе жатқан елді мекендердің бірі. Қазіргі кезде мұнда 295 мың адам тұрады. Халық саны бір жылда 35 мыңға артқан. Кеше аудан әкімі Берік Жәкенов өңір тұрғындарының алдында есеп берді. Онлайн кездесуге елорда әкімінің орынбасарлары Малика Бектұрова, Нұрлан Солтамбеков, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Халықты алаңдатқан тұрмыс­тық жайттарды жедел шешу үшін аудан аумағы 11 секторға бөлінген. Әр секторға жауапты тұлғалар бекітілген. Әкімдік қызметкерлері түрлі мәселелер бойынша тікелей эфирге шығып, оған мемлекеттік орган өкілдерін қатыстыра отырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Сонымен бірге «Open akimat» арқылы 12 мемлекеттік қызметтер көрсетілген. Бір жыл ішінде ол бойынша 18 мың азаматқа көмек берілді. Тәулік бойы жұмыс істейтін iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы 14 мың өтініш қабылдады.
– Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз, қызығушылық танытқан жандар әкімдіктің ресми сайты және әлеуметтік желілер арқылы аумақта қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын оқып, біле алады. Біз әлеумет үшін қашанда ашықпыз, жұмысымыз жариялы, – деді Берік Оралұлы.

Әлеуметтік көмектер
2020 жылы Есіл ауданында 4694 көпбалалы отбасы арнайы мемлекеттік жәрдемақы алды, 750 кедей отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 96 отбасына 2 млн 250 мың теңгеден тұрғын үй көмегі берілді. Биылғы жылу беру маусымында 71 отбасына қатты отын сатып алу үшін жалпы сомасы 3 млн 156 мың теңге өтемақы бөлінді. Өмірдің түрлі қиын жағдайында қалған 186 отбасына – 8 млн 792 мың теңге, үйде оқитын 98 балаға – 5 млн 497 мың теңге, тісін протездеу үшін 608 адамға 29 млн 927 мың теңге жәрдемақы төленді.
Карантин кезінде «Біз біргеміз!» шарасы аясында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 2200 отбасына азық-түлік өнімдері жеткізілді. Құрбан айтта Дін істері басқармасы 422 отбасына ас-су берді. Жаңа жыл қарсаңында 300 балаға сыйлық таратылды.

Балалар – біздің болашағымыз

Есіл ауданында 24 мемлекеттік балабақша, 8 шағын орталық, 4 ведомстволық балабақша, 69 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Оларда 11817 бала қамтылған. 20 мемлекеттік, 7 республикалық және 6 жеке мектептерде 51606 оқушы оқиды. Аумақта орналасқан 2 колледжде, 1 академия мен 6 университеттегі студенттер саны – 13202.
Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық шарасы шеңберінде кедей отбасылардан шыққан 300 бала портфельмен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. «Жағалау» шағын ауданында қосымша екі оқу орталығы ашылған. Оның бірі – «Арқа ALAN» ұлттық спорт түрлері орталығында жас өскін қазақ күресімен, асық атумен, бес асықпен, тоғызқұмалақпен және шахматпен айналысады. Екінші – Art Tumar декоративтік-қолданбалы өнер орталығында көркем тігін, шеберлік өнері, ағаш жону және былғары мен саздан бұйымдар жасау үйретіледі.
Сонымен қатар психология­лық-педагогикалық оңалту кабинеті, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығы, аспаздар студиясы жұмыс істейді.
Аудан аумағында 82 футбол, 23 баскетбол, 2 волейбол алаңы, 4 хоккей корты, 51 Work out алаңы мен 630 тренажер бар. Демалыс күндері мини-футболдан тегін турнирлер өткізіліп тұрады.
Балалар үшін түрлі үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған: самбо, еркін күрес, каратэ, хореография, домбыра, қолөнер, армрестлинг. Аула клубтарына 200-ден астам бала барады.«Үркерде» игерілмеген учаске көп

Есепті кездесудің ресми бөлігінен кейін сұрақ-жауап бөлігі басталды. Руслан Таңатарұлы қар тазалау жұмыстары қалай ұйымдастырылатынын сұрады.
Аудан әкімі Б.Жәкенов «Үркер» тұрғын үй алабында қар тазалаумен 2 мердігер ұйым айналысатынын, олардың өз міндеттерін ойдағыдай атқарып келе жатқанын және тұрғындар тарапынан бұған дейін олардың жұмыстарына ешқандай арыз-шағымның болмағанын айтты.
Марс Қалқабай «Сергек» камералары туралы сауал жолдады.
– Қала бойынша «Сергек» камералары Есіл ауданында ең көп орналастырылған, – деді Берік Оралұлы. – Жолдардың желілік бөлігінде – 124, жол қиылыстарында – 55 және адамдар көп шоғырланатын жерлерде 526 камера қойылған.
«Оңтүстік Үркер» тұрғыны Қарашаш Сұлтанқызы үстемелетіп бірнеше сұрақ қойды. Бұл кісі қоғамдық белсенді болғандықтан ауылдың барлық проблемаларын тізіп әкеліпті.
– Мен осы жерде 17 жыл тұрып келемін, содан бері тұрғын үй алабының көпшілік көшелеріне әлі жарық берілмеген. Демалыс орны жоқ. Жылы аялдамалар жоқ. Бұрындары кенттен Шанхай базарына №103 экспресс-автобус тікелей жүретін, жұрт сонымен базарға барып, арзан азық-түлігін алып қайтушы еді, қазір ол да тоқтап қалды. Қалаға қатынайтын жалғыз №36 маршрут бар, оның өзі зарықтырып келеді. Интернет істемейді. Сіз былтыр қазан айында байланысты қалпына келтіреміз деп едіңіз, қайда сол байланыс? Ауылда бос жатқан учаскелер аз емес, олар көп жылдар игерілмесе, заң бойынша иелерінен қайтарылып алынып, іс қылатын адамдарға берілуі керек емес пе? Тіпті сол аумақтарға демалыс орнын, гүл бағын салса жөн болар еді, – деп бастырмалата сөйледі.
Аудан әкімі карантин жария­ланған кезде бүкіл қалада экспресс-автобустар тоқтатылғанын, барлық күш қалаішілік тасымалдарды ұйымдастыруға жұмылдырылғанын айтты.
– Ал бос учаскелерге келер болсақ, «Үркер» тұрғын үй алабы бойынша игерілмей жатқан 80 учаске бар, біз оларға қатысты құжаттарды жер комиссиясының қарауына тапсырдық, құзырлы орган алдағы уақытта тиісінше шешімін шығаратын болады, – деді Б.Жәкенов.
Интернеттің жағдайы одан да қиын болып шықты. Өйткені бұл бәсекелестік нарық саналатындықтан, «Үркерді» интернетпен қамту туралы мемлекеттің арнайы бағдарламасы жоқ, жеке оператор ол жерге байланыс орнату тек өзіне тиімді болғанда ғана барады. «Біз жеке бизнеске бұйрық бере алмаймыз, тек өтініш қана айта аламыз» деді әкім.
Сондай-ақ биыл Есіл ауданы бойынша 19 жылы аялдама орналастыру қарастырылғанын, оның ішінде «Үркер» алабы да бар екенін жеткізді.«Пригородныйдың» проблемасы аз емес

Аудан әкімі Берік Жәкенов түс ауа «Пригородный», «Тельман», «Заречное» алаптарының тұрғындарымен кездесу өткізді. «Пригородный» қалашығының тұрғыны Әдемі Әбішева 1-топтағы мүгедек баласының барын, оның ем-домына мемлекеттен қандай жеңілдіктер берілетінін сұрады.
– Ұлымның тістерін наркоз арқылы емдетуім керек, әйтпесе болмайды. Ал дәрігер әр тісі үшін 35 мың теңге сұрайды. Ондай ақшаны қалай табамын? Көмектесіңіздерші! – дейді қиналған ана.
Б.Жәкенов бұл мәселе әкімнің құзырына кірмейтінін, бірақ Денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен сөйлесіп, қолдан келгенше көмек беретінін айтты.
Нұржан Парманов өзінің спортпен шұғылданатынын, бірақ «Аспан» кешеніне жаяу-жалпылау жүруден шаршағанын жеткізді.
– Жаңа спорт кешенін салып бергендеріңізге зор рақмет, онда спортпен шұғылдануға барлық қолайлы жағдай жасалған, бірақ оған баратын көше толық асфальтталмағандықтан, №52 автобус ортан жолдан қайтып кетеді, біз әрі қарай қарды омбылап жаяу жүреміз, – деді жасөспірім.
Әкім жол асфальттау жұмыстары биыл жалғасатынын айтты.
Асқар Жапасов «Оңтүстік-1» үйін­де жылудың нашар екенін айтты.
– Бізде ғана емес, көрші орналасқан үй кешендердегі де жағдай осы. Әсіресе, қатты аяз күндері қиын болды, – деді арызданушы.
Аудан әкімі бұл үйлердің жылу беру жүйесі автономды екенін, бұл мәселені қызмет көрсетуші ұйымның өкілдерімен бірлесіп шешу керектігін ескертті.
«Пригородный» тұрғыны ­Зәуре Шаяхметова көшенің жарығы жоқтығына наразылық білдірді.
– Мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істеймін. Таңғы сағат 06.00-ден аялдамада автобус тосып тұрамыз. Дала қараңғы, бұзақылар келіп тиісіп кете ме деп жанымыз қалмай қорқамыз. Ең құрығанда аялдамалардың алдын жарықтандырып қоюға болады ғой, – деп шағымданды.
– Сөзіңіз орынды, орталық көшелерде жарық болмауы мүмкін емес. Мен міндетті түрде барып тексеремін, шара қабылдаймын, – деді аудан басшысы Б.Жәкенов.
Онлайн кездесу бір жарым сағатқа созылды. Көптеген сұрақтар қойылды. Ал тілектерін ауызша жеткізе алмағандар арыздарын әкімдіктің сайтына жазбаша жолдай алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 3 =