Атышулы LRT тағдыры қалай шешіледі?

0 10

Ата-бабамыз аты аңызға айналған Түрксібтің 1 145 километрін үш жылда рельстерді таулы өзендер, тасты жоталар, ыстық құмдар арқылы құбылмалы ауа райында техникасыз, жалаң қолмен төседі. Ал 14 жылда елордалық LRT желісінің тек 17 пайызы ғана аяқталған. Осы уақыттан бері біршама уақыт пен қаражат жұмсалды. Елордада жеті әкім ауысты: Шөкеев, Мамин, Тасмағамбетов, Жақсыбеков, Исекешев, Сұлтанов, Көлгінов. Бас қаланың атауы Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгерді. Бірақ LRT ісі – сол күйінде. Бүгінде құрылыстың аяқсыз қалған қаңқасы қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендіреді. Екі жылда ескерткішке айналған бетон бағандардың LRT-ға айналуы мүмкін бе? Көптің көкейінде үмітке қарағанда әлі де күмән көп…ЖҮРДЕК КӨЛІККЕ ҮШ ЖЫЛДА ОТЫРАМЫЗ БА?

Естеріңізде болса, 6 ай бұрын Mega Silk Way әкімшілігі тұралап қалған ЛРТ желісінің бір бөлігіндегі қоршауын алып, абаттандыруға 15 млн теңге жұмсаған еді. Құрылысы аяқсыз қалған бетонды бағандардың темір қоршауы келушілер мен жұмыскерлердің жүріп-тұруына кедергі келтірген. Салдарынан елордадағы ең ірі кешеннің кіреберісінде кептеліс жиі болатын күйге жеткен. Бизнес өкілдері бірнеше мәрте өтініш білдірудің нәтижесінде ЛРТ әкімшілігі мен қытайлық құрылыс компаниясымен келісімге қол жеткізіп еді. Енді қалған бетон бағаналардың тағдыры не болмақ? LRT жыры қашан бітеді?
LRT желісі 2023 жылдың шілдесінде пайдалануға берілмек. City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, биылдың өзінде құрылысқа 700 миллион доллар жұмсалмақ.
Ал, жобаны толық жүзеге асыру үшін әлі 1,08 млрд доллар керек. Сондықтан құрылысты тоқтатпас үшін қажетті қаржыны қарызға алу көзделген. Енді миллиардтар табылса, жобаны 2 жылда аяқтау жоспарланып отыр.

ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

LRT (Light Rail Transport) – метрополитен мен теміржолға қарағанда шағын, бірақ автобус маршруттарымен салыстырғанда жолаушы тасу тиімділігі мен ауқымы жоғары, жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жететін жетілдірілген жеңіл рельсті көлік жүйесі. Ол – эстакадада LRT жолымен жүретін, өзге де көлік жолдарымен тоқайласпайтын қоғамдық көліктің ең қауіпсіз түрі. Оны шағын әрі жылдам трамвай десе болады.
Маршруттық автобус, троллейбус пен таксилерге тамаша балама, басты артықшылықтары экология үшін таза, кептеліске түспейді, қала ішіндегі байланыс тиімділігін жоғарылатады. Бір жолаушыға есептегенде автомобильдермен салыстырғанда энергияны орташа есеппен жеті есе аз тұтынады және газ шығармайды. Ал технологияның жаңарып отыруы энергияны жұмсау тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жүзжылдықта трамвайлардан LRT-ға өтудің артықшылығы көптеген елде қайта қаралып, 80-нен аса қалада жеңіл рельсті көлік енгізілген екен. Олар: Лондон, Париж, Мадрид, Лос-Анджелес және басқалары.

ЖОБА ҚАЛАЙ МАЛТЫҚТЫ?

Нұр-Сұлтандағы жеңіл рельс­ті көлік жүйесінің ұзындығы 22,4 шақырым болуы тиіс еді, оған жабық түрдегі 18 заманауи станция, 19 көлік құрамы және Nursultan Nazarbayev халықаралық әуежайы маңында орналасатын депо қарастырылған. Әр көлік құрамының ұзындығы – 60 метр, ені – 2,8 метр, сыйымдылығы – 570 адам. LRT алғашқы кезекте төрт негізгі хабты халықаралық әуежай, Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандары, Абу-Даби Плаза кешені мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыс­тырады деп жоспарланған.
Астанада жеңіл рельстер салу идеясы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасының тапсырмасымен сол кездегі елорда әкімі болған Өмірзақ Шөкеев жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды. Бірақ сол жылы ол басқа өңірге әкім болып ауысып кетті де, жобаның нобайы аяқсыз қалды.
Ал 2008 жылы бас шаһарда әкім болған Асқар Мамин LRT-ден бас тартып, оның орнына BRT (Busrapidtransit) жобасын дұрыс деп тапты. Кейін Асқар Маминнің қала әкімі лауазымынан кетуіне байланысты бұл жүйрік автобустар да жайына қалды.
Сәуірде елорда әкімі болып тағайындалған ­Иманғали Тасмағамбетов LRT идеясын қайта жаңғыртты. Нақты шараларды қолға ала бастады. Жобаға жауапты «Astana LRT» ЖШС мекемесі құрылды. Франция үкіметі жобаны мақұлдап, 570 мың еуро көлемінде грант бөлді. Нәтижесінде жобаның құрылысы қарқын алып, 2011 жылы қала күні қарсаңында құрылыс басталатын жерге капсула салынды.
Сол кезде жобаның құны 2,3 млрд АҚШ долларына бағаланғаны айтылып жүрді. Кейін жоба тым қымбатқа шығып кеткен соң, оның баламалы түрін іздестіру мәселесі көтерілді. Сол кезде BRT жобасы қайта қаралды. Бірақ 2014 жылы әкім болған Әділбек Жақсыбеков жеңіл рельсті трамвай құрылысын аяқтау­ды жөн деп тауып, жобаны мақұлдатып алды.
Ол 2016 жылы қаланың көлік құрылымын қайта жаңғырту жөніндегі «Астананың жаңа көлік жүйесі» атты жобаны таныстырды. Биліктегілер жаңа вокзал мен ескі вокзалды, шет аумақ пен орталықты, халықаралық әуежай мен ЭКСПО көрмесін жалғайтын рельстің алғашқы кезеңі халықаралық көрме қарсаңында пайдалануға берілетінін жеткізді. Бірақ уәде етілген жоба салынып бітпеді. Кейін жеңіл рельсті көлік құрылысын Үкімет бақылауына алды. 2019 жылдың ақпан айында халыққа есеп беру кездесуінде елорданың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқталады деп айтып қалды. Бірақ сол жылдың сәуір айында жоба құрылысы мүлде тоқтап қалғаны елге мәлім болды.
LRT жобасының өзі де бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бастапқыда халық тығыз қоныстанған оң жағалаудағы бекеттен қала орталығына қарай бағыттау жоспарланған, ұзындығы шамамен 60 шақырым болуы керек еді. Бірақ біршама түзетулерден кейін ол едәуір қысқарды, 2019 жылғы жобада LRT желісінің ұзындығы 22 километрді құрады.

ҚАРЖЫНЫ ЖЫМҚЫРҒАНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ МА?

2019 жылдың жазында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында LRT құрылысын сынға алып, «халық үшін ыңғайлы әрі үнемді көлік жүйесін салудың орнына аса қымбат жоба ұсынылғанын» ашып айтты.
«Білуімше, жобаны жүзеге асыру барысында сәулетшілер мен арнайы мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлікпен бір тәулікте шамамен 146 000 адам жүреді деп жобаланған. Бірақ бұл – ақиқаттан алыс жатқан болжам. Себебі дәл осы маршрутпен қазіргі күні әуежай мен теміржол вокзалына дейін бар-жоғы 2-ақ мың адам қатынайды. Сонда жолаушылар санын 70 есеге қалай көбейткелі отырсыздар?» деген Президент Үкімет пен әкімдікке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Аудиторлар Үкіметке «Астана LRT» құрылысын әрі қарай жалғастыру тиімсіз деп бірден кесіп айтты.
Олардың дерегінше, ұзақ жылдан бері шу болған жобаға 2015-2019 жылдар аралығында бюджеттен 150 млрд теңге шығындалған. Оның 40,7 млрд – жерді алуға, 124 млрд – құрылыс келісімшартын жасауға, 31,4 млрд несиені жабуға жұмсалған. Соның өзінде жұмыстың бар-жоғы 17 пайызы орындалған. «Астана LRT» 2016 жылдың қыркүйек айында құрылыс келісімшартынан бөлек, сырттан негізсіз қарыз алуға өтініш берген. Сол жылдың желтоқсан айында қаржы «Астана банкінің» шотына түскен. Осылайша Қытай даму банкінен алынған 415,5 млн доллардың тек 86 млн ғана құрылысқа жұмсалған. 257,6 млн «Астана банкінің» салымына салынып, оны алу мүмкіндігі төмендеген» делінген Есеп комитетінің есебінде. 2018 жылы «Астана банкі» жабылып қалды да ақша банкте «күйіп» кеткен. Кейін «Проблемалы кредиттер қоры» қаражаттың тек 3,4 млрд теңгесін әзер қайтарып алғанын жариялады. Министрлер кабинетінің отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жобаға қатысты қаржыны іздестіру жұмыстары 2020-2021 жылдар бойы жүргізілетінін, депозиттерге салынған қыруар қаражаттың қайтарылуы 30-40 пайыздан аспайтынын, қалған миллиардтаған қаржыны мемлекеттің шығынына жатқызуға тура келетінін мәлімдеді.
Бір жобаға бола миллиардтаған шығынға батса да, еліміз бәрібір құрылысты жалғастыруға шешім қабылдады. Өйткені жоба құрылысы тоқтаса, Қазақстан келісімшартқа сәйкес бүгінге дейін жұмыс істеген барлық мердігер компанияның кеткен шығынын жабуы тиіс. Сондықтан Үкімет «Астана LRT» жобасы мәселесін шешуге шындап кірісті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Президенттің тапсырмасымен Нұр-Сұлтандағы LRT жобасына қаржы қаншалықты негізді жұмсалғанын тексерді.
Белгілі болғандай, бюджетке келтірілген шығын 5 млрд теңгеден асқан. Тергеушілердің мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиардтаған қаражатты қағаз ақшаға айналдырған. Атышулы іске қатысы бар бұрынғы астана әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС лауазымды тұлғалары мен мердігерлік ұйымдардың басшылары анықталды. Олар – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов, «Astana Innovations» АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Улугбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар – елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр. Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен.

ЖҰРТТЫҢ ЖЕЛІЛЕРІ ЖҮРІП ТҰР

LRT бойынша алғашқы жобалар Францияның Нант (1985 жылы) және Гренобль (1988 жылы) қалаларында сәтті жүзеге асқан. Одан әрі Ұлыбритания, АҚШ, Германия бұл тәжірибені өзіне алды. Мұндай көлік құралы жақсы дамыған елдердің бірі Грекия астанасы – Афинада LRT метро, автобус, троллейбустармен және қала маңындағы пойыздармен біріктірілген. LRT желілері құрлықтың 53 елінде бар және ол күн сайын 388 қалада 45 миллион жолаушы тасымалдайды.
2000 жылдардың басынан бастап LRT желілері Таяу Шығыста, Азия-Тынық мұхиты аймағында және Африкада пайда болды. Тек 2000-2015 жылдары 70 жаңа LRT жүйесі ашылды. Бұл ретте тек 2016 жылы 19 елде 289 шақырым желі құрылды. Рио-де-Жанейро, Циндао, Быдгощ, Канзас-Сити, Сиэттл және Вашингтонда жаңа жүйелер пайда болды. Өткен жылы Латын Америкасында екі жаңа жол пайда болды: Меделлин (Колумбия) және Сан-Висенте және Сантос (Бразилия) қалалары арасында.
Нұр-Сұлтанда жүзеге асырылмақшы LRT жобасы Дубай қаласында (Дубай метрополитені) қызмет көрсететін LRT жүйесінің баламасы болып отыр. Дубайдағы LRT жүйесінің электр пойыздары машинистердің көмегінсіз, толықтай автомат режимде жұмыс істейді. Барлық бекет салқындату және желдету жүйелерімен жабдықталған, ауа температурасы 20 градус деңгейінде тұрады. Бұдан бөлек, барлық бекет эскалаторлармен, көшеден өтетін жерлерде траволаторлармен (жолаушылардың қозғалысын жылдамдатуға немесе жеңілдетуге арналған сатысыз жолдар) жабдықталған.
Америкадағы Көк жол торабы (2013 жылдың мамыр айына дейін «Гайавата» деп аталды) – Миннеаполистің орталық бөлігін оның оңтүстіктегі Блумингтон қалашығымен байланыстыратын Минесота штатындағы Хеннепин аймағындағы жеңіл рельсті көлік желісі. Өз атауын желілердің көп бөлігі орналасқан Гайавата-авенюдің құрметіне алған. Жолдың ұзақтығы – 19,8 шақырым. Жүйе 2004 жылдың 26 маусымында іске қосылған. Жанармай бағасы тіптен қымбаттаған 2008 жылы бұл LRT 10,2 миллион жолаушыны тасымалдаған.
Бразилияда LRT жаңа жүйе­сі (VLT Carioca) Рио-де-Жанейроның орталық ауданын жаңарту бойынша сызбаның бір бөлігіне айналған.
Оңтүстік Кореяның Пусан және Кимхэ қалаларын байланыстырушы пусандық метрополитен құрылымындағы жеңіл рельсті көлік жүйесі 23,9 шақырым, 21 бекетті жалғайды. Электр пойыздары машинистердің көмегінсіз, толықтай автомат режимде жұмыс істейді. Пусан – Кимхэ бағытындағы жеңіл рельсті көлік құрылысы 2006 жылдың ақпанында басталған. Бірқатар кідірістен кейін, әсіресе шуды төмендету мәселелеріне байланысты көлік жүйесін іске қосу біраз кейінге қалды. Десе де, бес жылдан кейін 2011 жылдың 9 қыркүйегінде ол пайдалануға берілді. Сол кезде бір апта бойы жолаушыларға тегін қызмет көрсетілген.
Өткен жылы Эфиопия астанасы Аддис-Абебада ұзындығы 34 шақырымды құрайтын 39 станциялы жеңіл рельсті көлік пайдалануға берілді. Бұған 475 миллион доллар жұмсалды.
Өзбекстанда алғашқы жерүсті айналма метроның бірінші кезеңі биыл іске қосылды. Ауқымды жобаның жұмысы 2016 жылы басталды. «Дустлик-2» стансасынан «Куйлюк» стансасына дейінгі 11 шақырымдық қашықтықты қамтитын аралықта 7 станса салынды. LRT-ның басынан соңғы аялдамаға дейінгі жолда жүру уақыты – 19 минут. Осы маршрут бойынша 4 вагоннан құралған 4 пойыз жүреді. Желі тәулігіне 46 мың жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті. Жобаның жалпы құны 422 миллион долларды құраған.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − one =