АТЫРАУ ӨНЕРПАЗДАРЫ – АСТАНАДА

0 131

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында елордада әр аптаның демалыстарында ұйымдастырылатын өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде атыраулықтар тұтынушыларды балық өнімдерімен қарық қылып келе жатса, 16 шілдеде осы облыстың Астанадағы мәдени күндері басталды.

Алғашқы күні көрме қалашы­ғындағы амфитеатрда өңір өнер­­­паздарының қатысуымен «Атырау айшықтары» атты гала-концерт өтті. Жалпы аймақтың мәдени бағдарламасы шеңберінде отыз шақты шараны өткізу жоспарланған. Олардың арасында көрмелер, концерттер, театр қойылымдары бар.

Мәселен, «Астана» концерт залында облыстық өлкетану музейінің «Мұнайлы ел, шырайлы ел – Атырау» көрмесі ашылды. Онда келушілердің назарына өңір шеберлерінің қолөнер бұ­йым­дары қойылды. Шараның ашылуына жерлестерін қолдау­ға жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Әнес Сарай, жазу­шы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов, белгілі заңгер Ирак Елекеев, ақын Маржан Ершу барды.

Кеше көрермендер «Жастар» театрында Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры сахналаған Иран Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпосын тамашалады. Ертең осы өнер ұжымы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахнасында Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» спектаклін ұсынады. Облыс күндері 20 шілдеге дейін жалғасады.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 9 =