АТЫМДЫ АБАЙ ҚОЙҒАН СОҢ…

0 1  555

Атыңызды Абай деп кім қойды?Абайды қай жасыңызда танып білдіңіз?Абай атыңызға селкеу түсірген сәттеріңіз болды ма?Абайдың қай сөзін өмірлік қағида ретінде ұстанасыз?Кейде өзіңізді Абайдың рухы демеп жүргендей сәттерді сезінесіз бе?

 

Абай БАЙГЕНЖИН,
«Ұлттық ғылыми медициналық орталығының» директоры:

А т ы м д ы ә к е м қойды. Ол кісі бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнаған жан бола­тын. Кітапты өте көп оқитын. Әсіресе, Абай шығармашылығына жақын жан еді.

Көзімді ашқанда көргенім Абайдың бейнесі, әріпті әліп деп таныған шағымда оқып, білгенім Абай шығармалары болды десем қателеспеспін. Өйткені, мен ес білген шақтан бері төргі бөлмеде Абайдың үлкен портреті ілініп тұратын. Әкемнің ақын жайындағы айтқан әңгімелерін бала шағымнан құлағыма құйып өстім. Кейін мектеп табалдырығын аттаған соң шығармаларымен қазақ, орыс тілдерінде таныса бастадым. Тіпті, сенесіз бе, біздің үйде ақынның араб, латын қарпімен жазылған кітаптары болды. Әке-шешем араб, латын тілдерін жетік білетін. Қазір менің де үй кітапханамнан Абай Құнанбаевтың бірталай еңбектерін көре аласыз. Ал, әкемнен қалған әлгі араб, латын тіліндегі еңбектерді бұрнағы жылдары Астанадағы С.Сейфуллин атындағы мұражайға тапсырдым.

Біздер Кеңес одағында өмір сүрдік. Сол кездің тәрбиесін алдық. Ғылымда, саясатта жүрдік. Мұндай кезде адамның атына сөз ермеуі мүмкін бе? Әйтсе де, мен Абайдың ұлы тұлға екенін, өзімнің сол ұлы тұлғамен аттас екенімді есімде ұстап жүрдім. Есіміме кір келтірмеуге тырыстым.

«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын»…

Жалпы, адам есімі мен тағдырының бір- бірімен тығыз байланысты екені ғылымда дәлелденген. Қазіргідей дәрежеге жеткенімнің бір себебі есіміммен байланысты екендігіне менің де сенімім мол.

Абай ТОҚСАБА,
ҚР Парламенті Сенаты Аппараты жетекшісінің орынбасары:

Атымды Абай деп нағашы ағам қойыпты. Абайдай ғұлама болсын деп ырымдаған шығар.

Абай шығармашылығымен мектеп жасын­да таныстым. Абайдың Абай екенін де осы шақтан танып білдім. «Абай жолын» ең алғаш рет 7-сыныпта қолға алдым. 10-сыныпта екінші рет қайталап оқып шықтым. Сосын отыздан асып, ес тоқтатқан шағымда тағы бір парақтап шықтым. Шыны керек, әр оқыған сайын Абайды жаңа қырынан тани түстім. Былтыр өз қалауыммен ұлы ақынның кіндік қаны тамған өлкеге арнайы сапармен барып қайттым. Киелі жерден керемет әсермен оралдым.

Болған жоқ. Былтыр Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алдым. Өз есімімнің үдесінен шыға алғандығымның бір белгісі осы шығар.

Ә р қ а з а қ т ы ң бойтұмар сөзіне айналған бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға үндейтін өсиетін жиі еске аламын.

Ұлы Абаймен тек аттас емес, тағдырлас секілді көрінем кейде. Оның отбасында алған тәрбиесі, мінезі, бәрі-бәрі менікімен ұқсастай көрінеді

 Абай ЖҰМАДІЛЛАЕВ, 
«Астана Эксклюзив» ЖШС-нің директоры:

Мен дүниеге келген­де отбасым Мәскеуде тұрыпты. Әкемнің Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезі екен. Ау­ылдан Мәскеуге оқуға келген қарындасы Шараның «Сәбидің есімі Абай болсыншы» деген өтінішін жерге тастай алмай, әкем маған ұлы ақынның есімін берген екен. Бәрінің көкейіндегісі – Абайдай алып тұлға болсын деген ниет қой.

Мектеп бағдарламасынан оқып білдім. Өзім әдебиетті сүйіп оқитынмын. Бастауыш сыныптарда жаттаған ақынның «Төрт мезгіл» өлеңі ерекше есімде қалыпты. «Абай жолы» романымен де оқушы кезімде таныстым. Қазір оқып шықсам, Абайды бәлкім, мүлде жаңа қырынан танырмын. Сол, қайта қарап шығудың сәті түспей жүргені.

Атыма жаман сөз еріп көрген жоқ.

Абайдың 25-ші қара сөзін оқуыңыз бар ма? Дәл бүгінгінің адамына айтылған ба дерсің. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» дейді. Жа­старды өзге тілді үйренуге шақырады. «Егер сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады» деп жазады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдей тұрып, кез келген мәселеге дауласа алатынын айтады. Тіл білген адамның әлдекімдерге күні үшін жалпақтап, жалынбай­тынын келтіреді.

Өзіңнен бұрын есіміңді құрмет тұтып жататын сәттер болады. Кей ағаларым «Ұлы тұлғаның есімін иемденіпсің!» деп арқадан қағып жатады. Жоқ жерден жолым болып кететін сәттер де аз емес. Осының бәрі Абай рухының құдіреті шығар.

 

Жазып алған Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + six =