«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аты да, заты да оның ШОЛПАН еді…

0 1  204

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел тарихындағы елеулі есімдер туралы жиі айтыла бастады. Бүгінгі әңгіме солардың бірі – қазақтың өнерлі қызы Шолпан Иманбаева туралы. Таң алдында туатын Шолпан атты жарық та дара жұлдыз бар. Ол енді арайлап атайын деп келе жатқан тамылжыған таңның, шұғылалы шапағы мол жаңа күн­нің хабаршысы сияқты. Бұл жұрттың бәріне мәлім. Сондықтан да қазақ қызына осы жұл­дыз секілді елдің маңдай тұсынан көрініп, алқалы топтың алдында жүретін жарқын жан болсын деген ізгі ниетпен «Шолпан» деп қояды.

Біз сөз еткелі отырған ақын Шолпан Иманбаева қазақтың сондай ең алғашқы жазба ақын қыздарының бірі еді. Шынында, оның аты да, заты да шолпан тектес болды. Бұл есім кешегі кеңес кезеңінде жаңа заманды жырлау­шы тұңғыш қазақ қызы ретінде қалың көпшілікке кеңінен танылды. Бәріміз де оның атын мектеп қабырғасында жүрген кезден жаттап өстік. Ол сонымен бірге қазақтың өлеңдері жеке кітап болып жарық көрген алғашқы ақын қызы болды. Алайда ақынның соңында мұра болып қалған шығармалары оншалықта көп емес. Бұған, сірә, оның таңсәріде сәруар сәулесін санаулы сәт шашып тұратын Шолпан секілді өлең көгінде тым көп тұрақтап тұра алмай, небәрі 23 жасында қиян қиясынан қиылып түскені себеп болған шығар. Ақын қыздың аққан жұлдыздың жарығындай ғана жарқ етіп өте шыққан сол өмір жолына шолу жасап, шығармашылығын талдауға арналған зерттеу еңбектері де кейін тым көп болған жоқ. Ол туралы ең алғашқы сүбелі еңбекті 1956 жылы белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жазды. Кейін академик Серік Қирабаевтың осындай зейінді зерттеулері жарық көрді.
Шолпан Иманбаева – Астана қаласының тумасы. Ол 1904 жылдың мамыр айында қа­зіргі Н.Назарбаев атындағы халық­аралық әуежайының арғы қап­та­лында жатқан Майбалық ауы­лында туған. Бұрын, патша заманында бұл елді мекен Ақмола уезінің Нұрбай болысына, ал ке­ңес кезеңінде Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарап келді. Сол уақыттағы кедей қыздарының тағдырына тән нәрсені Шолпан да жастайынан басынан кешті. Әбден жоқшылықтың қамытын киіп, зардабын тартқан әкесі Иманбай 1918 жылы 14-ке тол-ған қызын орта жастардағы Алдоңғардың Бекейі деген байға үшінші әйел етіп, тоқалдыққа береді. Бірақ әлі бұғанасы қат-паған жас қыздың бұл отбасында көрмеген қиыншылығы болмайды. Осы азапты шақтарға толы ауыр күндер тумысынан зерек қыздың қиялына қанат бітіріп, өлең шығаруға деген құш­тарлықты оятады.
Тоқалдықта жүрген жылдар Шолпанды өзінің өмір жолындағы күрескер етіп те шығарады. Ол елде жаңа заманның келгенін жақсы пайдаланып, 1921 жылы тең­дікке қол жеткізеді. Көкірегі ашық келіншек сол кезде Қор­ғалжын аумағындағы Соналы жеріне барған кеңес билігі нұсқаушысына бар жағдайын айтып беріп, бай әулетінен басын ажыратып алады. Сөйтіп, қорлықтың қолтығынан қылау тауып, бостандыққа шыққан ақын қыз 30 шақырымдағы Ақмолаға келіп, апасының қолында тұрып, бұдан әрі оқуға қол жеткізеді. Ендігі кезекте білім алмай, өлең өлкесіндегі өмірі өскелең бола қоймасын сезген ол 1923 жылы Ақмола қаласындағы алты айлық сауат ашу курсында оқыған. Осы аз уақыт ішінде-ақ талапты қыз сауатты адамдардың қатарына қосылады. Ақынды өзінің ойын қағазға түсіре алатын қабілетке жеткені қатты қуандырады.
Сондықтан да қағаз жүзіне кестелеп түсірген алғашқы өлеңдерінің бірінде ол:
Біз секілді күнделіктегі
сорлылар,
Теңдік алды міне бүгін қараңыз,
Бірте-бірте жолды танып
түзулік,
Ашылмақшы атқан таңдай
санамыз, – деп толғанады.
Бұл жағдай арманшыл ақын қыздың шабытын оятып, жіге­рін тасытады. Осы тұста қала­дағы балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет істей бастаған Шолпан жыр жазуға дендеп кірісіп, шығармашылық мұралары қатарын түзетін көп­теген өлеңдерін жазады. Бұған дейінгі өмірге өксікке толы болып өткен жас ақынның өлең өрімдері де өткір, шыншыл, ащы болып келеді. Ақын жүрегіне шемен болып қатқан, кеудесін шерге толтырған жылдарын осылай жырға қосқан. Оның шындықтың шырғасына шыланған шу­мақ­тары сонымен қатар мазмұ­нының өткірлігімен, тілінің көркемдігімен ерекше­ленеді.
Осы жылдарда Шолпанды ақын ретінде алғаш рет танып, оған зор қамқорлық көрсеткен қазақтың алғашқы қайраткер, ағартушы, журналист қыздарының бірі Нәзипа Құлжанова болды. Ол ақын қызды бірінші рет 1921 жылдың күзінде Ақмола жерінде көреді. Сол кезден бастап қол ұшын созған педагог оның оқуға түсуіне де, әдепкі өлеңдерінің баспасөз бетінде жарық көруіне де жәрдемдеседі. Ал Шолпанның «Жолаушы мен жұмыскер» деп аталатын алғашқы өлеңі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген екен. Бірақ бұл өлеңді газет редакция­сына Шолпанның өзі жіберген жоқ еді. Кейін газет бетінде жарқ етіп шыға келгенде, ақын қыздың өзі қатты таңғалады. Ал өлеңді шығартып жүрген Нәзипа апасы еді. Бұған дейін баспасөз бетінде әйел адамның туындысы жарияланғанын көрмеген жұртшылық үшін бұл керемет жаңалық болды. Өлең сол мезетінде Шолпанның атын бүкіл елге танытып, атағын жа­йып жіберді. Бұдан кейін «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдары мен «Жас қайрат» га-зетінде саяси-әлеуметтік тақы­рыптағы бірнеше өлеңі жария­ланған. Ақын сонымен бірге өз дәуіріндегі қазақ әйелдерінің арман-мұраттарын, мұң-мұқ­тажын жыр тілімен кестелеген. Ақынның мұндай жырлары қатарында «Қоңыр қаз», «Қазақ әйеліне», «Жолдасыма», «Апайға» деген секілді өлеңдері бар.
Осыдан бастап Шолпан өзін нағыз ақын ретінде сезінді. Не жазса да, сапалы етіп жазуға тал­пынды. Қиялына қанат біт­кен ақын қыз білімінің көк­жиегін кеңейтіп, келешекке кемел көзбен қарауға ұмтылды. Осы кезде балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет атқарып жүрген Шолпанның қаламынан балаларға арналған өлеңдер де туды. Ал 1924 жылы өлкелік әйелдер бөлімі жанынан ашылған бір жылдық әйелдер курсы жер-жердегі тең­­дікке қолдары жеткен, әлеу­мет жұмысына ара­­ласа бас­таған белсенді қыз-келін­шек­терді шақырды. Сол шақы­рылғандардың қатарынан Шолпан да табылды. Сөйтіп, Орынбор қыздар мұғалім­дер курсына жіберіледі. Білім­ге құмартқан ақын қыз оған бар ынта-жігерімен кіріседі. Соның нәтижесінде курстағы отызға жуық әйелдің алды болды. Ол қоғамдық жұмыс­тарға да белсене араласып, курс­тың жанындағы қабырға газетінің редакторы, көркемөнер үйір­месінің жетекшісі деген секілді жауапты жұмыстарды қоса ат­қарды.
Ақын қызды сол жылы Нәзипа апасы арнайы іздеп келеді. Сол кезде «Қызыл Қазақстан» журналында қызмет етіп жүрген апа­­сы екеуара әңгіме бары­сында қаламдас сіңлісіне шығар­машылыққа байланысты біраз ақыл-кеңестер беріп, жол сілтейді. Бірақ жастай көрген бейнеті бар, жоқшылықтың қысқаны бар, мұнда жүргенінде Шолпанның денсаулығы сыр беріп, өкпесіне суық тигізіп алады. Соңынан бұл туберкулезге айналып кетіп, ақын қыз 1925 жылғы наурыз айының аяғында елге қайтуға мәжбүр болады. Елге келгесін бір жарым жылдай тынығып, таза ауа жұтып, ғұмырын біраз ұзартқан Шолпан 1926 жылғы 18 қыр­күйекте дүние салады.

Ақынның өмірі мен өлеңдері туралы алғашқы зерттеу еңбегін Нәзипа Құлжанова жазды. Ол ақын қайтыс болғасын жеті айдан кейін, 1927 жылдың наурыз айында «Әйел теңдігі» журналына «Ақын Шолпан» деген мақала жариялады. Онда журналист: «Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлады. Ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Тәлім-тәжірибесі аздығы өрісін кеңейттірмей келді. Ол кездері қазақ кітабы тіпті аз. Орыс жа­­зу­шыларына тілі жетпей, Шолпанның ақындығы арманда кетті» деп өкінішін білдірді.

Со­дан үш-төрт жыл ғана бұрын:
Аралға қонды суы жоқ,
Мезгілсіз ұшқан қоңыр қаз.
Бауырын төсеп жатуға,
Жапырағы жоқ жері саз.
Ұясына,өскен жеріне
Қайтайын десе қаңқылдап,
Болар ма екен оған жаз, – деп өксігін баса алмай жырлаған Шолпан ақын өмірден ағып өте барды.
Шолпан Иманбаева өлең жазумен шұғылданған бар-жоғы үш жылы ішінде 50-60 өлең жазып қалдырды. Бірақ олардың көбі көзінің тірісінде жарық көре қоймады. Бұлардың тек 21-і Қызылордада 1927 жылы басылып шыққан «Шолпанның таңдамалы өлеңдері» атты жинаққа енгізілді.
Қазір Астана қаласында Шолпан Иманбаеваның есімін арқа­лаған көше бар.

Серік ПІРНАЗАР

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды