©2020 Астана Ақшамы
АТТЕСТАТТАУДЫҢ МАҚСАТЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Ағымдағы жылдың қаңтары-маусымы аралығында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің кешенді аттестаттауы өтеді. Осыған орай кеше ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен осы шараға арналған семинар өтті.
Аталмыш департамент басшысы-Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тілеген Қаскин аттестаттаудың мақсатын семинар қатысушыларына түсіндіріп өтті.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында отыз дамыған мемлекеттің қатарынан табылу межесін белгіледі. Осы жолда алғашқы реформа ретінде кәсіби мемлекеттік аппараты құру қажеттігіне назар аударды. Реформаның ең басты мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметшілерінің жұмыс нәтижелігін көтеруге бағытталады. Мемлекеттік қызметке нағыз кәсіби мамандар тұру керек. Себебі, олар Елбасы ұсынған саясатты әрі қарай алып кетуі тиіс. Барлық жасалып жатқан реформалардың табыстылығы мемлекеттік қызметшілердің жұмысына тікелей байланысты» деді Тілеген Төлегенұлы.
Жалпы кешенді аттестаттау екі сатыдан тұрады. Алғашқы сатыда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің құзыретін бағалау және мемлекеттік қызмет құндылықтарын ұстану деңгейін анықтау мақсатында компьютерлік тестілеу бағдарламалары өткізіледі. Екінші сатыда аттестаттау комиссиясы әңгімелесу жүргізеді. Соның қорытындысында лауазымға тағайындау, қызметін төмендету немесе жоғарылату, қызметтен босату жөнінде шешімдер шығарылады. Семинар барысында аттестаттау кестесінің жобасы ұсынылып, мемлекеттік органдар өкілдеріне аттестаттауды өткізуге қажет құжаттарды дайындап, жіберу ұсынылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ